Аймақтар • 22 Мамыр, 2020

Алматылық жас ғалымдар арасында байқау өтті

680 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің үздік жас ғалымдары анықталды. Бұл туралы ҚызПУ-дың қоғаммен байланыс бөлімі хабарлады.

Алматылық жас ғалымдар арасында байқау өтті

Алғаш рет ұйымдастырылған байқауда ізденушілердің ғылыми еңбектері мен мақалалары, ғылыми конференцияларға қатысуы, инновациялық патенттері, олардың қатысуымен орындалған жобалар, студенттердің ғылыми жұмысына жетекшілік етуі және қоғамдық істері сараланды.

«Ғылым апталығы» аясында ұйымдастырылған сайыста бірінші орынға  Информатика және қолданбалы математика кафедрасының аға оқытушысы Жұлдыз Базаева, екінші орынға География және туризм кафедрасының меңгерушісі Шахислам Лайсханов және үшінші орынға университет Ғылыми кеңесінің бас ғалым хатшысы Жанар Тұрсынова мен Қазақ әдебиеті кафедрасының қауымдастырылған профессоры міндетін атқарушы Наргиза Балтабаеваие болды.

Сонымен қатар байқауда Физика кафедрасының аға оқытушысы Лаура Байқадамова, Кешенді химия-биологиялық ғылыми-зерттеу орталығының ғылыми қызметкері Ақбота Қуандықова, Физика кафедрасының оқытушысы Ардақ Өтебаева, Жалпы педагогика кафедрасының аға оқытушысы Динара Садырбекова, Биология кафедрасының аға оқытушысы Дариға Батаева және  Химия кафедрасының оқытушысыНұргүл Амангелді алғашқы үздік тоғыздықтың сапына енді.

– Алматы қаласы – Қазақстанның негізгі ғылыми орталығы. Шаһардағы ғылыми-зерттеу саласындағы қызметкерлер саны 8,8 мың адамды құрайды. Бұл –еліміздің барлық ғалымдарының 40 пайызы. Ғылыми зерттеулер мен әзірлемелердің 36,8 пайызы аталған қалаға тиесілі. Мегаполистегі зерттеулерді жүзеге асыратын ұйымдар саны 131-ді құрайды. Солардың бірі – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті. Бүгінде оқу орнында білім алушылар мен жас ғалымдардың ғылыми-зерттеушілік пен оқу-танымдық іс-әрекетін ынталандыру бойынша бірқатар жұмыстар қолға алынып, жүйелі жүргізіліп жатыр. Соның бірі – тұңғыш рет ұйымдастырылған осы байқау, – деп атап өтті Қыздар университетінің ресми өкілі Жандар Асан.

 

 

 

АЛМАТЫ