Аймақтар • 22 Мамыр, 2020

Онлайн форматтағы «БҰҰ моделі» конференциясына Бас консулдар қатысты

424 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алғаш рет «БҰҰ моделі – Жаңа Жібек жолы» халықаралық конференциясы онлайн форматта өтті. БҰҰ-ның құрылуының және Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуының 75 жылдығына арналған іс-шараны БҰҰ Ақпараттық бюросы мен Алматыдағы ҚР СІМ өкілдігінің қолдауымен әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті ұйымдастырды.

Онлайн форматтағы «БҰҰ моделі» конференциясына Бас консулдар қатысты

«БҰҰ моделі - Жаңа Жібек жолы» – бұл түрлі елдердің дипломаттары ретінде БҰҰ жұмысын бейнелейтін ететін студенттер мен жоғары сынып оқушыларына арналған ауқымды халықаралық жоба. БҰҰ-ның тұрақты даму жөніндегі «Академиялық ықпал» бағдарламасын төртінші кезең қатарынан басқарып келе жатқан әл-Фараби атындағы ҚазҰУ аталмыш шараны алғаш рет онлайн форматта өткізуде.

Жоба қазіргі заманның жаһандық мәселелеріне жастардың назарын аударуға, әлем туралы біртұтас көзқарас қалыптастыруға, зерттеу дағдыларын дамытуға, мәдениетаралық коммуникация мен диалог құру арқылы шиеленістерді еңсеру қабілеттерін дамытуға бағытталған.

Бүкіләлемдік ғаламдық конференцияға Азия, Африка, Америка және Еуропадан 200-ден астам студент пен мектеп оқушылары, сондай-ақ халықаралық сарапшылар, БҰҰ және дипломатиялық орта өкілдері қатысты. Екі күн бойы жас спикерлер бітімгершілік пен адамзаттың тұрақты дамуының 17 мақсатын жүзеге асыру, сондай-ақ Covid-19 таралуын болдырмау, жаһандық экономиканы қалпына келтіру, сапалы онлайн білім алуға қол жетімділікті қамтамасыз ету, пандемия кезінде әлеуметтік қолдау және тағы басқа өзекті мәселелерді талқылады.

«Биыл академиялық қоғамдастықтың зияткерлік әлеуетін заманауи әлемнің мәселелерін шешуге жұмылдыруға арналған БҰҰ-ның «Академиялық ықпал» бағдарламасының бастау алғанына 10 жыл толды. БҰҰ күн тәртібі мен тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыруда жастарға маңызды рөл берілуде, бұл жаһандық пандемия кезінде ерекше өзекті», – дейді конференцияны ашқан әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Бірінші проректоры профессор М.Бүркітбаев.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Серік Сейдуманов БҰҰ моделінің заманауи жас көшбасшылары адамзат өркениетін сақтаудың жоғары идеясымен бірігіп өз елдерінің, жалпы бүкіл әлемнің тұрақты дамуына ықпал ететіндігін атап өтті. Сонымен қатар ол конференция қатысушыларын айтулы күнмен – БҰҰ-ның 75 жылдығымен құттықтап, оларға жемісті жұмыс тіледі.

Сонымен қатар, БҰҰ моделінің қатысушыларын онлайн режімде қошаметтеп сөз сөйлегендердің қатарында: Біріккен Ұлттар Ұйымының ғаламдық коммуникациялар департаментінің өкілі Властимил Самек, ЮНЕСКО-ның кластерлік кеңсесінің директоры Криста Пиккат, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы өкілі Кэролайн Кларинваль, ҚР СІМ Алматыдағы өкілдігінің басшысы Ерлан Ысқақов, сондай-ақ Алматыдағы ҚХР Бас консулы – Гэн Липин, АҚШ-тың Бас консулы – Эрик Мейер, Ресей Федерациясының Бас консулы – Евгений Бобров болды.

 

 

 

АЛМАТЫ