Аймақтар • 22 Мамыр, 2020

Ақмолада жол сапасы жақсарып келеді

249 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Облыс аумағында 7 мың шақырым жол бар. Елді-мекен ішілік жолдардың ұзындығы 5 мың шақырым. Облыстық маңызы бар 2661 шақырым жолдың 78 проценті талапқа сай.

Ақмолада жол сапасы жақсарып келеді

Бүгінгі таңда жол құрылысы қарқын алуда. Әйтсе де,  сапасына баса назар аудару қажет. Жыл сайын жүздеген шақырым жол төселеді. Алайда, жолдағы шұңқырлардың жамалып бітпейтіндігі айта-айта жауыр болған мәселе. Биыл облыс аумағындағы жол жөндеу жұмыстарының көлемі екі есе көбейді. Облыс әкімдігі жұмыс сапасыз болмас үшін жол жабынын тексеруді «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығына» тапсырған.  

– Біз жол жабынынан сынама аламыз. Бұл – кёрн деп аталады. Мысалы, жобалық құжаттама бойынша мына жердегі асфальт қабаты 5 см-ді құрауы тиіс. Бірден өлшем жасаймыз. Ал, жол төсемінің тығыздығы, су сіңімділігі, қолданылған қиыршық тас фракциясы, битумның сапасы тәрізді көрсеткіштер зертханада сыналады, – дейді «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы»  облыстық филиалының бірінші санатты лаборанты Жанат Салықов.

Жолдың сапасы бірінші кезекте оның жобалық-сметалық құжатта көрсетілген талаптарға сай болуына байланысты.

Асфальт біз білетін жолдың беті ғана. Жол сынамалары құрылыс барысының барлық кезеңдерінде алынады. Жол төсеміне жаратылған тас қиыршық беліленген қалыңдықта, тиісті тереңдікте, тиісті фракцияда қолданылуы тиіс. Жол құрылысын жүргізген мердігер келісімшартқа сай бес жылға дейін жолдың сапасына кепілдік береді. Бұдан бөлек, жол сапасына авторлық және техникалық бақылау жүргізіледі.

– Жыл сайын автомобиль жолдарының құрылысы мен қолданыстағы жолдарды жөндеуге «Қазавтожол», облыс және аудан әкімдіктері ат салысады. Биыл осы мақсатқа 39 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржы өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп. 700 шақырым жол жөнделеді. Биыл «Балкашино-Шаңтөбе», «Ақсу-Бестөбе-Изобильное», Солтүстік Қазақстан облысы арқылы өтетін «Еленовка-Чистополье-Есіл» тәрізді облыстық маңыздағы бағыттарда жол жөнделуде. Республикалық маңызы бар жолдарда да құрылыс жұмыстары жалғасуда. Одан бөлек, Қазақстан мен Ресейдің шекаралас аймақтары ынтымақтастығы форумына орай Көкшетау қаласында жол құрылысы қарқынды жүргізілуде, – дейді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы жетекшісінің орынбасары Владимир Кулаков.

Көптің көңілін күпті қылған жолдар негізінен жергілікті маңызға ие. Қазіргі таңда, осындай ауыл арасын жалғаған 2187 шақырым жол бар. Оның тең жартысы талапқа сай емес.