Аймақтар • 22 Мамыр, 2020

Көкшетауда «Шоқан оқулары» жиырма төртінші рет өтті

314 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде  қазақ халқының тұңғыш ағартушы ғалымы Шоқан Уәлихановтың 185 жылдығына арналған «Шоқан оқулары-24» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы онлайн режимде өтті.

Көкшетауда «Шоқан оқулары» жиырма төртінші рет өтті

Конференцияға барлығы 243 ғылыми мақала ұсынылған. Барлық мақалалар электрондық форматтағы конференция жинақтарында жарияланып, авторларға жіберілетін болады. Сондай-ақ, биылғы жылы барлық жоспарланған ғылыми іс-шаралардың форматы белгілі себептерге байланысты күндізгі режимде қашықтықтан өткізіледі.

Ғылыми конференцияның жұмысына еліміздің және Венгрия, Монғолия, Ресейдің белгілі ғалымдары қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті. Пленарлық отырыста отандық және шетелдік танымал ғалымдар баяндама жасады. 

Конференция барысында ұстаздар мен жас ғалымдар тарапынан баяндамашыларға көптеген сұрақтар қойылып, оларға нақты жауаптар алынды. Бұл сұрақтарда әсіресе, Шоқанның Парижге сапары, ғалымның Сырымбетте дүниеге келуі, Ұлы дала халқының мәдениеті, Шоқан Уәлиханов тұлғасын зерттеген ғалымдар, Шоқанның әдебиеттанушы ғалым екендігі әлі де болса толық зерттеліп, нақты айтылмай жүргеніне баса назар аударылды. Бұндай маңызы зор конференциялар ғылыми зерттеу жұмыстарын одан әрі дамытуға жол ашады.