Жыл басынан бері өңірде 151 мың шаршы метр баспана беріліп, 1348 отбасы қоныс тойын тойлаған. Бұл көрсеткіш бойынша Ақмола облысы Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларын есепке алмағанда, облыстар арасында төртінші орында.
- Биылғы жылы 570 мың шаршы метр баспана салу жоспарда бар. Барлығы жалға берілетін 12 тұрғын үй немесе 506 пәтер пайдалануға беріледі. Оның ішінде 172 пәтер көпбалалы отбасылары мен халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына арналады. Тағы 7 тұрғын үй немесе 325 пәтер несиелеу арқылы салынады, – дейді облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Елена Ысқақова.
Үстіміздегі жылы Көкшетау, Ақкөл, Макинск, Степняк, Ерейментау, Есіл, Атбасар аудандарында, Державинск, Степногорск қалалары мен Целиноград ауданының Ақмол және Қосшы ауылдарында тұрғын үй жағдайы жақсара түседі. Сонымен бірге, облыс орталығы, Ақкөл, Аршалы, Буланды, Бурабай, Есіл және Зеренді аудандарында көппәтерлі тұрғын жайлар мен жеке үйлерге инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысы бойынша 15 жобаны жүзеге асыру жоспарланған.
Бұдан бөлек, Көкшетау қаласы мен Ақкөл ауданында 661 жер теліміне су және электр желісі тартылатын болады.