
Бокстан Болгарияның Албена қаласында қыркүйектің 22-сінен бері өтіп жатқан жас және жасөспірім қыздар арасындағы әлем чемпионатында қазақстандық бойжеткендер өте жақсы өнер көрсетуде.
Кеше түнде мұнда жасөспірім қыздар арасындағы финалдық шайқастар ойналып бітті. Онда 11 жерлесіміз финалға шығу үшін күш сынасты. Бұлардың 5-і сол мақсаттарына жетсе, 6 қызымыз асудан аса алмады. Бірақ бұл алтылық чемпионаттың қола жүлдегері атанды.
Ал финалға шыққандар қатарындағы Назерке Жұрғабаева (46 кг) - итальян Роберта Бонаттиді (3:0), Асыл Асқарова (48 кг) - үнді Аша Роканы (2:0), Балауса Мұздыман (54 кг) – ресейлік Оксана Смиронованы (3:0), Любовь Хасиева (66 кг) – поляк Лариса Сабиниярзды (2:1), ал Ақмарал Шаймшиденова (80 кг) украин Виктория Михайлованы (3:0) тізе бүктірді.
Қола медальды қанағат тұтып қалғандар арасындағы Айгерім Ошақбай (52 кг) – француз Сантиана Мауранға (0:3), Назым Ишанова (57 кг) – АҚШ өкілі Джажайра Гонсалеске (0:3), Екатерина Анисимова (60 кг) – ирланд Киара МакКинтиге (0:3), Аида Әбікеева (63 кг) – поляк Юстина Валашқа (0:3), Баян Ақбаева (70 кг) француз Давина Мишельге (0:3) жол беріп алды. Ал Алтын Мұқышбекова (75 кг) тайпейлік Чен Ниен-Чимен айқастың 1-раундында нокаутқа түсіп қалды.
Бүгін жасөспірімдер арасындағы чемпионаттың финалдық жекпе-жектері өтеді. Онда біздің Назерке Жұрғабаева – АҚШ-тық Кайтин Ороскомен, Асыл Асқарова – ресейлік Екатерина Пальцевамен, Балауса Мұздыман – украин Анжелина Бондаренкомен, Любовь Хасиева –орыс Светлана Ходаревскаямен, ал Ақмарал Шамшиденова ресейлік Влада Калачевамен алтын медаль үшін шайқасады.
Дамир Қожамқұл.