Өткен 2019 жылы еліміз шетелге 53 мың тонна таза ет экспорттаған екен. Бұл – енді дос сүйініп, дұшпан күйінетін көрсеткіш. Ет өнімдерінің экспорты да 10 мың тоннадан асып жығылыпты. Қол жеткізген көрсеткіш жақсы ғой, әрине! Бірақ ішкі нарықтағы еттің бағасын көргенде қанша жерден оптимист болсаң да, көңілің түсе береді. Өйткені жасыратыны жоқ, етті еркінше алып жеуге халықтың көбінің қалтасы көтермейді. Бұрын да аса арзан емес еді. Әйтсе де, ауылдағы мал баққан ағайынның бейнеті мол еңбегін еске алғанда, іштей лажсыз келісетін едік. Қазіргі бағаны қанша ақтайын десең де, көңілге қонбайды.
Қазақстанда бәлкім мал азайып кеткен шығар? Осы оймен Ауыл шаруашылығы министрлігіне хабарласып, соңғы көрсеткіштерге көз жүгірткенбіз. Құдайға шүкір, мал басында, әсіресе мүйізді ірі қарада аз-мұз өсім тіркеліпті. Мәселен, 2017 жылы елімізде 7 миллион 100 мың ірі қара есепке алынса, биыл үш жүз мың басқа көбейіпті. Жылқы 2,5 млн, ұсақ мал (қой-ешкі) 18,3 миллион болған. Мал санында кему жоқ, жылдан-жылға ақырын өсіп келеді. Мамандар негізі Қазақстандағы жалпы төрт түліктің санын қазіргісінен екі есеге өсіруге мүмкіндік бар екенін, біз сол мүмкіндігімізді пайдалана алмай келе жатқанымызды айтады. Жә, бұл – енді бөлек әңгіменің еншісі.
Сонда өрісі малға толған елімізде ет бағасы неге қымбаттап кетті? Бұл қайдан келген тапшылық? Осы мәселеге аса алаңдаушылық білдірген Үкімет биылғы қаңтар айының соңында шетелдерге тірі малды экспорттауға тыйым салып еді. «Қазақстан ет одағы» бірлестігі бұл шешімге қарсы тұрып, кәдімгідей шала бүлінді. «Еліміздегі ет бағасының қымбаттауына бұл саладағы экспорттың ешқандай әсері жоқ. Бар мәселе алыпсатарлар мен делдалдарда. Шаруа қожалықтарының мал, ет өнімдерін дүкен сөрелеріне жеткізуді тиімді жолдарын ұйымдастыру керек. Бізде осындай жүйе жолға қойылмаған» деген уәждерін алға тартты.
Бірден айту керек, Үкімет дер кезінде, дұрыс амал қолданды. Әрине шарықтап кеткен ет бағасын арзандатуға бұл тыйым айтарлықтай септігін тигізген жоқ. Бірақ болашақта болуы мүмкін бұдан да сорақы жағдайдың алдын алды. Экспорттық әлеуетті қолына алған аз ғана топ өткен бір жылдың ішінде 156 мың тірі малды экспортқа айдап жіберіпті. Ең сорақысы, осының он мыңнан астамы аналық бас болып шықты. Бұл цифрды біз «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп аспаннан алып айғайлатып отырғанымыз жоқ. «Он мыңнан астам аналық мал қалайша экспортқа шығып кетті?» деген сұрақты Дүйсенғазы Мусин бастаған бір топ Сенат депутаттары да Үкіметтің алдына көлденең тартты. Содан кейін барып Үкімет экспортты дереу тоқтату жөнінде шешім қабылдаған болатын.
Негізі Үкіметке аналық малдардың шетке сатылып жатқаны былтыр жаз айында белгілі болды. Сол кезде-ақ Ауыл шаруашылығы министрлігі экспортқа тек еркек мал шығарылсын деген талап қойған. Алайда ет саудасының қызығына түскен топ бұл тыйымнан да амал тауып, көптеген аналық басты қағаз жүзінде «бұқа» деп жазып шекара асырып жіберіпті. Осы жағдай да анықталғаннан кейін барып Үкімет қазір тірі мал экспортына мүлдем тыйым салды.
Енді мына қызыққа қараңыз, өткен бір жыл ішінде шетелге экспортталған 156 мың бас ірі қараның 122 мыңы көрші Өзбекстанға кеткен. Сондай-ақ былтыр экспортталған 264 мың қойдың 200 мыңнан астамы да тек Өзбекстанға жөнелтіліпті. Бір жыл ішіндегі экспорттың түгелге жуығы тек көрші Өзбекстанға бағытталуының себебі неде? Сөйтсек көрші Өзбек елінде мал басын көбейту жөнінде арнайы бағдарлама қабылданыпты. Соған сәйкес өзбек фермерлері нөлдік пайызбен мемлекеттен арзан несие алып мал басын көбейтуге кіріскен. Екі ел арасында тірі малдың саудасы ерекше қызуының бір себебі осы. Мал басын көбейтуді мақсат тұтқандар, әрине ұрғашы малға басымдық береді. Осы бір қарапайым логиканы ескерсек, Өзбекстанға кеткен 122 мың бас малдың тек он мыңы ғана аналық бас болғанына сену қиын.
Не керек, Үкімет дер кезінде тыйым салмағанда, қолымызға құрық ұстап қалатын түріміз бар екен. Тірі мал басы, оның ішінде аналық малдың азайғаны өз алдына, еліміздегі ет өндеу кәсіпорындары қарап отырып иек астындағы шикізаттан айырыла бастады емес пе. Соның салдарынан еліміздегі ет өндеуші кәсіпорындар соңғы жылдары толық қуатында жұмыс істей алмай келеді. Өндірістік қуаттың бар-жоғы 30-40 пайызы ғана пайдаланылады. Одан әрі арттыруға шикізаттың тапшылығы қол байлау.
– Қазір фермерлер де, басқасы да малдын ет өндеу кәсіпорындарына емес, бордақылау алаңдарына тапсырады. Өйткені бордақылау алаңдарына мемлекеттен арнайы субсидия бөлінеді. Яғни ол жерге мал тапсырған фермер әр бұқасына шамамен 100 мың теңгедей субсидия алады. Ет комбинатына тапсырса, ондай қаржы тимейді. Сондықтан мал тапсырушылардың бәрі қазір бордақылау алаңдарын дұрыс көреді. Соның салдарынан ет комбинаттары қажетті шикізатқа қол жеткізе алмай отыр, – деп түсіндірген еді бұл жағдайды Батыс Қазақстан облысында ет өндеумен айналысатын «Кублей» компаниясының құрылтайшысы Талғат Берекешев Парламентте аграрлық саланың мәселесіне қатысты өткен кеңесте.
Міне, мәселе қайда жатыр?! Елімізде ет комбинаттары шаруа қожалықтарындағы малға, өздеріне қажетті шикізатқа қол жеткізе алмай отырғанда, ішкі нарыққа, ет дүкендеріне ауылдағы малдың еті қайдан түссін? Мұның бәрі бұл саладағы заңнамалардың жетілмегенінің салдары. Субсидияның тек бордақылау алаңдарына бөлінуі ет өндеуші кәсіпорындар мен бордақылаушылар арасында осындай теңсіз жағдайдағы бәсекелестікті туындатты. Субсидия алғанда мал бордақылау алаңдары толық қуатымен жұмыс істеп тұрса, кәне? Жоқ, олар субсиядия арқылы айналадағы фермерлер мен шаруа қожалықтарының, жеке ауладағы малдарды көтеріңкі бағамен алу арқылы пышаққа ілінетін төрт түлікті өздеріне жаппай тартуды ғана жақсы жолға қойып алған. Бұл алаңдарда өздері мал бордақылаумен айналыспайды. Оған қажетті азық қоры жеткіліксіз. Керек десеңіз, бізде бордақылау алаңдарына жемшөп өсіріп, дайындайтын шаруашылықтар да жоққа тән. Сондықтан алдағы басты міндеттің бірі – субсидия мәселесін қайта қарау болуға тиіс!
Иә, көрші Өзбекстанның еліміздегі төрт түлікке аңсары ауғалы біздегі экспортшылар да есін жоғалтты. Сарт-сұрт сауда, қып-қызыл ақша есті жоғалтпай қоя ма? Олардың бар мақсаты қазір тірі мал басына бұрын болмаған сұраныс артып тұрғанда молынан пайдалану, молынан пайдаға қалу, басқа мақсат жоқ. Ертең елдегі мал түгелге жуық көрші елге өтіп, кейін өзіміз екі-үш есе кері бағасына сатып алатын жағдайға жетсек те, оларға бәрібір. Қазіргі табыстан, қазіргі пайдадан қалайда құр қалмау керек. Экспортқа кедергі қойған Үкіметке «Қазақстан ет одағы» бірлестігінің әлсін-әлсін қарсылық көрсетіп жатқаны сондықтан. Көл-көсір табыстан айырған адамды кім жақсы көреді?
Осыдан тура бір жыл бұрын Парламент Мәжілісінде ауыл шараушылығының әлеуетін арттыруға қатысты өткен жиында Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин: «Еліміз бір жылдың ішінде 6 мың тонна ет консервісін, 12 мың тонна сиыр етін, 2 мың тонна жылқы етін импорттаған. Импорттың көлемі және жылдан-жылға өсіп барады. Мәселен, бұдан бұрынғы жылы жылқы етін 900 тонна көлемінде алдырсақ, 2018 жылы 2,5 мың тонна жылқы еті импортталған. Ет өнімдерінің біраз бөлігі де импортпен жеткізілген. Мұны қалай түсінуге болады?» деп сұрақты төтесінен қойған болатын. Сол кезде нақты жауабы табылмаған еді. Жауабы бүгін шығып отыр. Еттің бәрі тірідей немесе сойылған күйінде тек экспортқа жөнелтілсе, ет комбинаттары фермерлерден өздеріне шикізат үшін мал ала алмаса, шетелдерден импортталмағанда қайтеді? «Қазақстан ет одағы» бірлестігі бұл жайды шеттен импортталатын етті тек «бургерлер» дайындау үшін алдырамыз деп жақауратқанымен, былайғы жұрттың бәрі қала базарларында Украина, Парагвай, Беларуссиядан келген сиыр еті, Аргентина мен Уругвайдан жеткізілген жылқы еті, Ресей мен Моңғолиядан тасылған қой еті сатылатынын жақсы біледі. Жасанды жемшөппен азықтандырылатын бұл малдардың еті (Ресей мен Моңғолияны бұл қатарға қоспаймыз) былай қарағанда семіз болғанымен, біздің далада жайылған малдың етімен салыстырғанда дәмсіз. Сол себептен бұл елдер етті арзанға экспорттайды. Ал Қазақстанның мал етіне әлемде сұраныс жоғары, себебі біздегі мал табиғи жайылымда өсіп-жетіледі. Экспорттағы бағасы қымбат болса да, басқасын айтпағанда, Еуразиялық одаққа мүше елдердің өзі таласып алады.
Бұл парадокс дегенді қойсаңызшы, миллиондаған гектар жайылымдық жері бар Қазақстанның өз малының еті өз аузына жетпей, шетелдің жасанды азықтармен семіртілген етін қымбат бағаға алып, сорпа жасап, ет асып отыр.
Ет тапшылығы экспортқа байланысты туындап отырғанына тағы бір дәлеліміз, 2000 жылы елімізде төрт миллион мүйізді ірі қара болды. Бұл қазіргіден екі есеге жақын аз. Сол кезде де елімізде еттің бағасы қазіргідей, Үкімет араласатын деңгейге дейін көтерілмеген еді. Ол уақытта ет экспортының көлемі 1-2 мың тонна ғана болатын.
Осы келтірген мысалдарға қарап, бізді ет экспортына қарсы екен деген пікір туындамауы керек. Ет экспортының өсуі – сөз жоқ ол да үлкен экономикалық көрсеткіш. Бірақ елдегі еттің бәрін тек экспортқа жөнелтіп, ет комбинаттарын шикізатсыз қалдыру, ішкі нарықта ет тапшылығын тудыру, халықты шөміштен қысуға көбірек ұқсайды.
Меңдолла ШАМҰРАТОВ,
журналист