Таным • 25 Мамыр, 2020

Мұнайшылар әулетінің тұңғышы

906 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Алғаш рет Равиль Тәжіғараұлы Шырдабаевпен 1986 жылы Гурьев қаласында (қазіргі Атырау) кездестім, онда ол қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы болып жұмыс істейтін еді. Сол кезде алғашқы таныстығымыз ұзақ жылдық берік достыққа ұласып, бүгінгі күнге дейін жалғасады деп ойлаған жоқ едім.

Мұнайшылар әулетінің тұңғышы

Әңгіме барысында алғашқы минуттан бастап оның арынды жігері мен өзіне деген сенімділігі маған әсер етті. Партия ұйымдарын бірге аралап, мұнай өңдеу зауыты, балық комбинаты, құрылыс трес­тері, машина жасау зауыттарының еңбек ұжымдарының мүшелерімен кездесу кезінде оның сол мекемелерге жиі қатынайтыны, жергілікті проблемаларды жақсы танитын және оларды ертеңге қалдырмай, жедел шешуге тырысатыны байқалды. Адамдар оған сенетіні анық сезілетін. Бұл шағын қала облыс орталығы болса да, қалалықтар бір-бірін жақсы білетін.

Равиль Тәжіқараұлы өзінің еңбек жолын 16 жасынан Гурьев (Атырау) облы­­сы Мақат ауданы Доссор елді-меке­нінде автокөлік, трактор және мұ­найға қажет­ті кұрал-жабдықтарды шығаратын зауытта слесарьдің шәкірті болып бастап, 5 жыл бойы слесарь болып жұмыс істеп, «ком­мунистік еңбек екпіні» жоғары ата­ғына ие болған. Бұл «жұмыс универ­ситет­тері» оның қиын өмірлік жолында қоғамдық және мемлекеттік қызметте бірінші тұлға болуына мүмкіндік берді.

Облыстық комсомол комитетінің, аудандық және қалалық партия комитет­терінің, бірінші хатшысы, облыс басшысы, Қазақстан тарапынан «Теңізшевройл» атты қазақстан-америка БК бірінші директоры, мұнай және газ өнеркәсібінің бірінші министрі болды.

Равиль Тәжіқараұлы үлкен көп балалы Шырдабаевтар отбасында тәрбие­ленді, әке-шешесінің тірегі болды. Жа­уап­кершілік сезімі, мақсаттылық және кі­шілерге үлгі болу, тағы басқа асыл қа­сиеттері ана сүтімен, отба­сылық дәстүр­лермен қалыптасқан.

Шырдабаевтар отбасының тарихы ғасырлар тереңіне кетеді және Каспий теңі­зінің солтүстік жағалауының даму тарихымен тығыз байланысты. Равильдің егіз аталары Алдоңғар мен Шырдабай дәу­летті, өз туыстарына ғана емес, іргелес жат­­қан елді мекен тұрғындарының да үлкен құ­рметіне бөленген белгілі адамдар болған.

Солтүстік Каспий маңында ХХ ғасыр­дың басында мұнай өнеркәсібінің пайда болуына байланысты Шырдабайдың ұлдары еңбек жолдарын «Ағайынды Но­бель» компаниясының мұнай кәсіп­ші­лігінен бастаған. Дәл осы уақыттан Қазақ­­станның мұнай саласында Шыр­дабаевтар әулеті өкілдерінің еңбек өтілі басталып, осы уақытқа дейін жалғасып келеді. Егер Шырдабаевтардың мұнай саласындағы еңбек өтілін есептейтін болсақ, 1200 жыл­дан асады. Бұл есеп жыл сайын өсіп келеді, өйткені олар­дың бесінші ұрпағы да осы халық шаруа­шыл­ығы саласында еңбек етіп жүр. Бұл еңбек әулетінің ғұмыры Қазақ­станның жер қойнауында мұнай баррелі барда жал­ғаса беретін болар. Бұған Равиль Тәжі­қа­раұлының өмір жолы дәлел. Бұл патриотизм, азаматтық белсенділік, мемлекеттік мүд­делерді қорғау, қоғамның өндірістік әлеу­­меттік-эко­номикалық мәселелерін ше­шу­дің озық үлгілеріне толы өнегелі жол.

1989 жылдың маусымында Маңғыстау өңіріндегі Жаңаөзен қаласында ұлтаралық қақтығыс, көліктерді өртеу сияқты жап­пай тәртіпсіздік оқиғалары болды. Қала билігі бағынбаған халықтың алдын­да әлсіздік көрсетті. Бұл оқиға 16 мау­сымнан 17 маусымға қараған түні болды, жағдайды реттеу үшін қалаға ел бас­­шылығының өкілдері келді. Жаңаөзен қала­лық партия комитетінің бірінші басшысы туралы мәселе көтерілді. Оның орнына жұмыс тәжірибесі бар, жігерлі, кадрларды, қала тұрғындарын, өндірісті, жергілікті ерекшеліктерді білетін адам керек болатын.

1989 жылы 22 маусым күні сайлан­ған Қазақстан Компартиясы Орта­лық Комитетінің бірінші хатшысы Н.Ә.Назар­баев маған (сол кезде мен ОК ұйым­дас­тыру бөлімі төрағасының бірінші орын­­басары болып жұмыс істедім) өз аты­нан Жаңаөзенге қалалық партия коми­тетін басқаруды Р.Шырдабаевқа ұсынуды тапсырды. Р.Шырдабаев соңғы жылы жергілікті облыстық басшылыққа жақпаса да, «Теңізмұнайгаз» бірлестігінің тех­ни­калық мәселелер жөніндегі бас инже­нерінің орынбасары болып жұмыс істейтін.

КК ОК пленумынан кейін, жұмысына ОК мүшелігіне кандидат ретінде қатыс­қан, Равиль Тәжіқараұлына Н.Ә.Назарбаев­­тың ұсынысы күтпеген жағдай болды.

Бірақ Жаңаөзен қалалық партия коми­тетінің басқару ұсынысын сабырмен, іскерлік байыппен қабылдап, айтылған жерге бірден ұшып кетті. Кейінірек, бір жылдан соң, әңгіме барысында КСРО Мұ­найгазқұрылыс министрлігінің «Теңізмұнайгаз» бірлестігі басшысының атына Р.Шырдабаевты Ирактағы «Мұнайгазқұрылыс» тресін басқару­шының бірінші орынбасары ретінде тағайындау үшін оны жіберу туралы ша­қыру хаты болғаны анықталды. Бұл шешім Равиль Тәжіғараұлының жоғары моральдық қасиеттерін, патриоттық сезім­дерін, үлкен азаматтық және мем­лекеттік жауапкершілігін көрсетеді.

Ол ата-бабаларының жерінде қан төгіліп, ғасырлар бойы қонақжайлылық пен әртүрлі ұлт адамға деген құрмет ор­наған Жаңаөзен оқиғаларына нем­құрайды қарамады. Қандай да бір салдарынан қорықпай, батылдық танытып, қаланың тағдыры, оның болашағы үшін барлық жауапкершілікті өзіне алды.

Қазақстан Компартиясы ОК бірінші хатшысы Н.Ә.Назарбаев таңдау жасаған­да қателеспепті.

Р.Шырдабаев балама негізде қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланып, алғашқы күннен бастап жұмыс кабинетінде түней жүріп, адам­дардың сеніміне қол жеткізе білді. Оның әлеуметтік-экономикалық, идеологиялық және этностық проблемалар­ды шешудегі стандарттық емес іс-әрекеттері қалада тұрақты және қауіпсіз жағдайды қамта­масыз етуге мүмкіндік берді. Оқиғадан үш апта өткеннен кейін Равиль Шырдабаев республика басшылығына Жаңаөзендегі төтенше жағдайды тоқтатып, қаладан ішкі әскер бөлімдерін шығару туралы өтініш білдірді. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі 1989 жылы 24 шілдедегі шешімімен оның өті­нішін қолдады.

Р.Шырдабаевтың Жаңаөзендегі қа­уырт еңбегі Нұрсұлтан Әбішұлы тарапынан елеусіз қалған жоқ. Равильді комсомол кезінен жақсы біле тұра, ол оның жоғары моральдық қасиеттеріне, Отан игілігі үшін риясыз қызмет етіп, күрделі мемлекеттік міндеттерді жүзеге асыра алатынына тағы да көз жеткізді.

Тұңғыш Президенттің жеке тапсырмасы бойынша ол өзінің 25 жылдық табыс­ты және тиімді жұмысының мерейтойын атап өткен «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорнын құрылған күннен басқарды. Айта кету керек, жас тәуелсіз мемлекетке әлемнің ең табысты компанияларының ал­ғашқы үштігіне кіретін әлемге әйгілі мұ­най корпорациясының келуі біздің елі­мізге инвестицияның қуатты ағынын ашты.

Бұдан кейін Равиль Тәжіқараұлы үкі­мет құрылымында алғаш рет құрыл­ған мұнай және газ өнеркәсібі минис­трі қызметіне тағайындалды. Ми­нистрлік халықаралық байланыстар ор­натып, Мұнай мен газдың орасан қоры, қолайлы инвестициялық ахуалмен са­лынған қара­жаттың қайтарылуына кепіл­дік беретін заңдар туралы кеңінен ақпарат­тан­дыра отырып, әлеуетті инвес­торлар тартуда елеулі рөл атқарды.

Мұнай министрі Р.Шырдабаев Пре­зиденттің Еуропа елдеріне, Сауд Ара­бия­сына ресми сапарларында бірге жүріп, осы елдердің мұнай-газ компанияларының бас­шыларымен жемісті кездесулер өткізді.

Ал 1994 жылдың қазан айы ол үшін бет­бұрысты кезең болды. Р.Шырдабаев Атырау облысына басшы болып оралды. Министрлік лауазымынан кеткеніне бір сәт өкінбестен, өз еңбегінің оң нәти­желерін көре алатын ортаға еніп кетті.

90-шы жылдардың алғашқы бөлігі Тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы ең ауыр кезеңі болатын. Экономикалық дағдарыс, жұмыс істемейтін кәсіп­орын­дар, тоқтап қалған құрылыстар, төлен­беген жалақы, зейнетақы, жоғары ин­фляция қыспағындағы халықты жылу­мен және электр энергиясымен қамтамасыз етудегі іркілістер еңсені басып тұрды.

Равиль Шырдабаевты да өте ауыр мә­селелер күтіп тұрған еді. Жаңа­өзен оқи­ғаларынан кейін бұл қиын­дық­тар­дан ол қорыққан жоқ. Бар күш-жіге­рін салып, жұмысқа кірісіп кетті. Жер­гілік­ті кадрлардың қабілетін, мұ­най-газ аймағының даму бағытын жақсы біле­тіні, сондай-ақ шешім қабыл­­дау кезінде Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаев­тың қолдауын сезіну оған батылдық беріп, жігеріне жігер қосты.

Алғашқы күндері облыс әкімі қала­ның тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін барлық нысандарды аралап, құқық қорғау органдарының ұжымдарымен, қоғам­дық ұйымдар мен ұлттық-мәдени орталықтардың өкілдерімен кездесті, қала құраушы кәсіпорындардың еңбек ұжымдарында және аудандарда болды. Бұл оған бар проблемалардың мән-жайын түсінуге, адамдардың пікірін білуге, оларға өзінің көзқарасын және дағдарыстан шығу жолдарын белгілеуге мүмкіндік берді.

Үш аптадан кейін облыстық активке дағдарысты еңсерудің мұқият пысықталған бағдарламасы ұсынылды. Оны іске асыру бойынша күнде­лікті, тынымсыз жұмыс басталды. Іс­тің жағдайына қарай, кезекті бағдар­ла­малар әзірленіп, іске асырылды. Екі жылдан кейін Атырау облысы әлеуметтік-эконо­микалық да­мудың барлық көрсет­кіші бойынша еліміздің ең үздік өңірле­рінің үштігіне қосылды.

Тұңғыш Президент – Елбасы мемлекет дамуының әрбір кезеңінде жаңа міндеттердің тууына байланыс­ты кадр­ларды іріктеп, оларға жаңа міндет жүк­­теп отырады. Бұл жолы Ра­виль Тә­жі­қараұлына Қазақстан Респуб­ли­касы­ның Украинадағы және Молдо­вадағы Тө­тенше және Өкілетті елшісі болу туралы күтпеген ұсыныс жасады.

Бес жыл белсенді нәтижелі жұмыс дипломатиялық қызметтің құпиясын тануға, украин, молдован және қазақ халықтары арасындағы тарихи байланыс­тарды қарқынды нығайтуға мүмкіндік берді. Оның табиғи коммуникабелділігі, адамдармен ортақ тіл табуы, осы мемлекеттер өңірлерінің басшыларымен, украин және молдова билігімен іскерлік байланыстарды қысқа мерзімде жолға қоюға септігін тигізді.

2003 жылы қазан айында Президент Н.Ә.Назарбаев СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Р.Шырдабаевқа Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі бойынша халықаралық келіссөздерге қаты­сатын Қазақстанның арнайы өкілі міндетін жүктеген еді. Оның дипло­матиялық жұ­мыс тәжірибесі, келіссөздер жүргізу қа­білеті кез келген деңгейде нәтижелі болды.

Белгілі болғандай, КСРО тарауына дейін Каспий теңізі екі мемлекетке: Кеңес Одағы мен Иранға, енді бес елге – Әзербайжан, Иран, Қазақстан, Ресей және Түрікменстанға тиесілі болды. Олардың алдында әділ, өркениетті, халықаралық құқық пен әлемдік тәжірибе қағидаттарына негізделген теңіз бөлімі міндеті болды.

Келіссөздер 1991 жылдан 1994 жылға дейін жүргізіліп, негізінен теориялық сипатқа ие болды. Уақыт тез арада шешім қабылдауды талап етті, келіссөздер Кас­пий маңы елдерінің астаналарында кезек­пен өтті. Әр мемлекеттің Каспий бөлімінің өз нұсқасы болды. Кейіннен арнайы мемлекетаралық комиссия құрылды, оның жұмысына 2003 жылдың желтоқсанында Тегеранда алғаш рет Р.Шырдабаев қатысты.

2018 жылы 12 тамызда Ақтауда Каспий маңы мемлекеттері басшыларының та­рихи саммиті өтті, онда Каспий теңі­зінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға бір­ауыздан қол қойылды. Тұңғыш Пре­зидент Н.Ә.Назарбаев айтқандай, «Кон­венция Кас­пий теңізінің конституциясы болып табылады». Ол жағалаудағы бес мемлекеттің құқықтары мен міндет­темелеріне байланысты барлық кешенді мәселелерді реттеу, сондай-ақ өңір­дегі қауіпсіздік, тұрақтылық пен гүлде­ну­дің кепілі ретінде мойындалды, – деп мәлімдеді Қазақстан Президенті. Мұнай­шылар әулетінің лайықты өкілі Равиль Шырдабаев қатысқан, көп жылдық қиын жұмысқа нүкте қойылды. Саммиттің қоры­тындысын ол көптен күткен жеке қуа­ныш ретінде қабылдады.

2004 жылдың маусымында Пре­зиденттің тапсырмасымен Р.Шырдабаев Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидаттардың сайлау тізіміне енгізілді. Қараша айында депутаттық күндер бас­талды. Кеңес заманында ол бірнеше рет Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған. Енді депутаттық негізгі кәсіби қызметіне айналды. Ел бо­йынша, шетелдерге сапарлар, сайлаушылармен көптеген кездесу, заң шығару жұмысы, жұмыс топтары, комитет, палаталық отырыс, республикалық элитамен ресми және бейресми қарым-қатынас – барлық жерде ол өзін «судағы балық» ретінде сезінді. Оның орасан зор тәжірибесі, экономика ғылымдарының докторы ретіндегі ғылыми танымдары оған әртүрлі аудиторияларда, парламенттік тыңдауларда, көптеген конференцияда, нақты ұсыныстары бар және талқыланған мәсе­лелер бойынша мұқият талдаулар жасауға мүмкіндік берді.

Мемлекет және қоғам қайраткері ретінде Равиль Шырдабаев біздің елде ғана емес, одан тыс жерлерде де танымал тұлға болды. Ол Қазақстан Ком­пар­тиясының ОК құрамында, ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің 10 және 11-ші шақырылымының депутаты болған елдің қоғамдық өміріне белсене қатысты. 3-ші шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің депутаты, сон­дай-ақ «Nur Otan» партиясы саяси кең­есінің мүшесі болып сайланды. Өзінің нәтижелі еңбегі үшін Равиль Тәжіқараұлы 1-дәрежелі «Барыс», «Парасат», «Құрмет» ордендерімен және медальдармен, сондай-ақ КСРО және Украина ордендерімен марапатталған. Ол Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметтің және мұнай-газ салаларының еңбек сіңірген қызметкері болып табылады. Оған Мақат, Махамбет аудандарының, Атырау қаласы мен Атырау облысының және АҚШ-тың Балтимор (1982 ж.) мен Даллас (1992 ж.) қалаларының Құрметті азаматы атағы берілді.

Р.Шырдабаев бүгінде зейнет демалысында. Өзінің еңбек жолында канди­даттық және докторлық диссертацияларын дайындау барысында жинақталған жеке мұрағатын зерттеуге кірісті.

Экономика ғылымдарының докторы, профессор, бірқатар халықаралық және республикалық академияның академигі Равиль Тәжіқараұлы 120-дан астам ғылыми-зерттеу жарияланымдары мен бірқатар кітаптың авторы.

Ол үстелге отырып, бұрынғы ше­неу­ніктердің абсолюттік көпшілігі сияқ­ты мемуарлар жазбай, нағыз энци­клопедиялық сипаттағы зерттеулермен айналысты.

«Мұнай кеше, бүгін, ертең» атты ке­зекті кітабы Қазақстанның мұнай өнеркә­сібінің 110 жылдығы қарсаңында екі жылдан соң кең ауқымды оқырмандар назарына ұсынылды. Кітаптың тұсаукесері 2009 жылдың қыркүйек айында Атырау қаласындағы «Теңізшевройл» БК конференц-залында, ал қараша айында Алматы қаласындағы Қ.И.Сәтбаев атындағы Ұлт­тық техникалық университетінде өтті. Кітапты оқырмандары, әсіресе ғалымдар, кәсіби мұнайшылар, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері жастар жылы қабылдады. Бұл еңбекке әлемге әйгілі саясаткерлер, ғалымдар мен көрнекті мұнайшылар Е.М.Примаков, Б.Е.Патон, В.Ю.Алекперов, В.Г.Мартынов, В.С.Чер­но­мыр­дин және С.Е.Чакабаев жо­ғары бағасын бергенін атап өткен жөн.

Сәл кейінірек «Қазақстанның мұнайы. Ғасыр тарихы» және «Каспий» кітаптары жарық көрді. Бұл кітаптар тек кәсіби мамандарға ғана емес, сонымен қатар көпшілік оқырманға да қолжетімді және түсінікті тілде жазылған мазмұны мен ауқымдылығы жағынан бірегей болды.

Бүгінде өзінің 80 жылдық белесіне қа­дам басқалы тұрған Равиль Тәжіқараұлы барлық саяси және экономикалық оқи­ғалар­ды қалт жібермей, қадағалап отырады.

 «Egemen Qazaqstan» және «Казахстан­ская правда» және тағы басқа газеттерде ұстаздарына, нағыз еңбеккерлерге, өндіріс командирлеріне, мұнай және газ кен орындарын алғашқы ашушыларға арналған мақалалары жарық көрді.

Бір жолы Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаев, маған бы­лай деді: «Міне, сен қазір зейнет­кер­ліктесің, немен айна­лысасың, кіммен араласасың? Мен ең бірінші Равиль Шырдабаевты атадым. Сол кезде Елбасы ол туралы «бе­делді адам. Азамат» деп ілтипат білдірді.

Менің ойымша, осы екі сөзбен-ақ Равиль Тәжіғараұлының болмыс-бітімі айтылып тұр.

Равиль Тәжіғараұлын мерейтойымен шын жүректен құттықтай отырып, ұзақ жылдар бойы бақытты өмір мен денсаулық тілеймін!

 

Оралбай ӘБДІКӘРІМОВ,

Мемлекет және қоғам қайраткері