Қоғам • 25 Мамыр, 2020

«Сергек» полицияның жұмысын жеңілдетті

319 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Пандемиямен күреске IT-тех­нологиялардың қосып жатқан үлесі көл-көсір. Бірі білер, бірі білмес, коро­на­вирус дертінің алдын алу үшін сырқат белгілері бар науқасты анықтайтын апа­раттық-бағдарламалық жүйе әзірленген болатын. Қуанарлығы сол, бұл өнімді отандық маман­дар ойлап тапты. Тіпті жа­ңа қосымшалар көр­ші мем­лекеттердің қызығушы­лы­ғын тудырды. Осылайша IT-саласындағы білікті ма­ман­дар өз өнімімізді тұ­ты­ну­дың үлкен үлгісін көр­сетті.

«Сергек» полицияның жұмысын жеңілдетті

Жасыраты жоқ, о баста­ аты жаман індеттің алдын алу үшін өзге елдерге жәутеңдедік. Еш­қандай дайын шешім бол­мағандықтан, көп жағдайда әр мемлекетке өз қотырын өзі қасуға тура кел­ді. Әр ел за­­­ман ағымына қарай қаре­кет етуге тырысуда. Мәселен, бір мемлекеттің пандемиямен кү­­­­ресуде IT және медицина сала­­сын­да қандай да бір байламдары болса, алдымен өз аумағында ғана қолданды. Әрі келесі бір мемлекетке баға­лы тауар есебінде ұсын­ды. Ал кейбіреуі IT-саласы­на аса кө­ңіл бөлмегендіктен бар­ма­ғын тістеді. Технология қан­ша дамығанымен тізе қосып жұ­­мыс істеудің де реті келмеген тұстары бар. Оған себеп, жұқ­палы аурудың жылдам таралуы. IT-саласында енді ілгерілеп келе жатқан мемлекетіміз үшін бұл қиындықта мүмкіндікке жол ашты. Қазақстанда отан­дық өнім жасауға алғышарт қалып­тасты. Мұны «Көркем Телеком» ком­­паниясының дирек­торы Әсет Ах­метов мақ­та­нышпен жет­кізді.

– Біздің компания елордада орналасқандықтан, пан­де­мияның ошағына бір табан жа­қын болдық. Өйткені онымен күресуде Денсаулық сақтау ми­нистрлігі, полиция және тағы басқа жауапты ор­ган­дардың қан­дай мәселемен бетпе-бет кел­генін көрдік. Әр­­бір елдің пробле­малары әр­түрлі. Сондықтан да­й­ын­ ше­тел­дік өнімдерді өз елі­­міздің аума­ғында қолдану қиынға соқ­ты. «Не істей аламыз?» де­ген сұ­раққа жауап іздедік. Ал­ды­мен бар­лық блок-бекеттерге бір­ден бей­небақылау каме­раларын ор­наттық. Біз еліміздегі ең ауқым­ды бейнебақылау опера­торы бол­­ғандықтан, алғаш­қыда Нұр-Cұл­тан, Алматы, Шым­кент, Өскемен, Түркістан, Се­мей қа­ла­ларындағы блок-­бекет­терге ка­мера қойдық. Сол арқылы кө­лік­­­тердің өтуін ұйым­дас­ты­руда туындаған мәсе­лелер­мен таныс­тық, – дейді Ә.Ахметов.

Оның айтуынша, поли­цей­­­­лердің планшеттеріне арнайы қосымшалар әзірлеу идея­сы кейін­нен туындапты. Бас­тап­қыда полиция  блок-бе­кет­терден өткен адамдарды жур­­налға тіркеп отырған. Тө­тенше жағ­дай енгізілгенде бір­неше күн осы схема бойынша жұмыс істеді.

 «Журналға жазу құдды бір ескі заманда қалып кеткендей әсер қалдырды. Сол үшін журналдарды электронды нұс­қаға ауыстыру керек болды. Содан бірнеше күнде мобильді қосымша жасап шығардық. Бастапқыда карантин енгізіл­мей тұрып бұл қосымша журнал түрінде жұмыс істеді. Ка­рантин енгізілгеннен кейін қа­лаға кіруге және шығуға шек­теу қойылды. Сол кезде басқа қосымша жасау туралы шешімге келдік. Өйткені әуелі карантин республикамыздың кейбір қалаларында ғана жа­рия­ланған-ды. Карантин ен­гі­зілген және енгізілмеген қа­ла­ларға екі түрлі қосымша қа­жет болды.  Вирустың таралу аумағы бойынша бөлек бір қосымша дайындадық. Бір ай көлемінде бұл қосымшалар бір­неше рет жаңартылды. Қо­сым­шаны өкілетті органдармен ақылдаса отырып же­тіл­діріп отырдық. Олардың ұсы­нымдарын ескердік, өйткені бұл қосымшаларды қолданатын – поли­ция қызметкерлері. Олар­ға барынша ыңғайлы етіп жасалды», дейді ол.

Бір таңғаларлығы, бұл мо­биль­ді қосымшаларды жасау­шылар басқа елдің тә­жі­ри­белеріне сүйенбеген. Қай­та ре­сейлік мамандар қазақ­стан­дық өнімге қызы­ғушылық та­ныт­­қан көрінеді. Бірақ Ре­сей азаматтарының жеке куә­лік­терінде штрих-код бол­ма­ған­дықтан нәтиже бермесе ке­рек. Көптеген елде жеке куә­­лікке штрих-код қойыл­майды. Сондықтан қосымшаға көз сүзе алмайды. Аталған ком­панияның ақпараттық жүйе­лерді, мобильді қосымша­ларды жасауда тәжірибесі мол.

Төтенше жағдай енгізіл­геннен кейін мамандар қысқа мерзімде барлық мүдде­лі органдармен жұмыс тұжырым­дамасын мақұлдап, поли­ция қызметкерлерінің планшет­теріне арналған «Сергек.Блок-бекет», «Сергек.Блок-бекет.Карантин», «Сергек.Патруль» және «Сергек.Бақылау» арнайы қосымшаларын дайындады.

Қосымшаның артықшы­лы­ғы – полиция қызметкерлеріне адамдармен жақын байланысқа түспей-ақ жеке куәліктегі штрих-кодты планшеттің ка­ме­­расы арқылы сканерлеу­ге мүмкіндік береді. Бұл әдіс вирустың таралуына жол бермеуімен маңызды. Егер де полиция қызметкері вирус жұқтырса, онымен байланыста болғандардың қатары да аз болмасы анық. Осы орайда біз Алматы облысы ПД Жер­гілікті полиция қызметі бас­қармасының басшысы Бағ­дат Әшімовке хабарласқан бо­латынбыз. Ол планшеттегі жаңа тетіктер полицейлердің жұмысын әжептәуір жеңілдет­кенін айтты.

– Бұрынғыдай жолаушы­лардың жеке деректерін қол­мен жазып отырмаймыз. Бар болғаны штрих-кодты сканер­лейсің, бітті. Ал бұл 2-3 минут қа­на уақытты алады. Соның нәтижесінде бүгінде блок-бе­кет­терде кептеліс орын алған жоқ. Өздеріңіз білесіздер, ме­ди­цина мамандарына және әскери қызметкерлерге карантин кезінде блок-бекеттерден өтуге рұқсат берілді. Мобильді қосым­шалар болмағанда бұл­ топты өткізу қиындық әке­лер еді. Тіпті олардың қолындағы рұқсат қағазының жалған емес­тігін полиция қызмет­кер­лері анықтай алмай қалуы да мүмкін. Ал мобильді қосымша үшін арнайы рұқсат қағаз алып жү­рудің қажеті жоқ. Өйткені бәрі ЖСН-да тұр. Тіпті әкімдік блок-бекеттен өтуге рұқсат берсе, аза­мат­тар арнайы рұқсат қа­ға­зын алып кетуге барып жүр­мейді. Бір айдан бері полиция сандық ре­жімде жұмыс атқарып жатыр. Бұл инспекторлар үшін өте ың­ғайлы, деді полиция қыз­меткері.

«Сергек» қосымшаларының негізгі мақсаты – халықтың би­лік өкілдеріне деген сенімін арт­тыру, қоғамның көзқарасын өз­герту, олардың қызметтерінде соң­ғы технологияларды пайдалануларына жағдай жасау. Қосымшалар полицей­лер­дің­қо­лындағы 8 мың план­­шет­­­ке орнатылған. «Сергек. Блок-бекет» қосым­шасы каран­тин енгізілмеген қалаларда блок-бекеттерден өтетін жүр­гізу­­ші мен жолаушыларды тір­кеуге ар­налған. Ал «Сер­гек.Блок-бе­кет. Карантин» қосым­шасы блок-бекеттерден рұқсаты бар аза­маттардың өткізу тәрті­бін бақылайды. Қаланың ішін­­де шектеулі қозғалысты қамта­масыз ете­тін «Сергек.Патруль» – адамдар мен авто­көлік­тердің қозға­лысына жауап береді.

Қалай жұмыс істейтініне кел­сек, күшейтілген карантин кезінде полициялер мен дәрі­герлер қозғалысына рұқсат бе­рілгені белгілі. Сол кезде бұл­ топ­тағы азаматтардың тізі­мі «Сергек.Патруль» қосым­ша­сына енгізілген. Полицейлер адам­дардың қалада жүруге рұқ­саты бар-жоғын осы қосымша арқылы тексерді.

Төртінші қосымша «Сергек.Бақылау» тек қана «Сергек» жүйесі бар қалаларда, яғни Өске­мен, Алматы, Нұр-Сұлтан, Аты­рауда ғана жұмыс істеді. Ол қо­сымша арқылы полицей­лер «ақ тізімде» болмаған көліктерді авто­матты түрде көре алды. Себебі «Сергек» камералары автокөліктің мемлекеттік нөмі­рін көреді, сосын оның «ақ тізімде» бар-жоғын тексереді. Бұл тізімде болмаған жағдайда инс­пек­торларға ақпарат береді.

Бүгінгі күнге дейін рес­пуб­лика бойынша 5 млн-ға жуық адам блок-бекеттерден өт­кен. Естеріңізде болса, тө­тенше жағдай жарияланған уа­қытта Шымкентке шыққан автобустың жолаушысы вирус­ты жұқтырғаны анықталған. Онымен бірге барған жолаушыларды іздестіру кезінде тіркеу жүргізілмегендіктен, белгілі бір қиындықтар туындады. Алдағы уақытта, осындай оқиғаларға жол бермес үшін бекеттерде тіркеу жалғаса бермек.