Қазақстан • 25 Мамыр, 2020

Қашықтан оқытуды сапалы жүргізудегі 10 қадам

484 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Бүкіләлемдік пандемияға байланысты қазіргі таңда әлем бойынша 167 мемлекет қашықтан оқытуға көшті. 1 миллиардтан астам оқушы қашықтан білім алып жатыр. Қазақстанның білім беру жүйесі де 2020 жылдың 6 сәуірінен бастап қашықтан оқыту формасына ауысқаны белгілі. Бұл – үлкен сынақ. Осы сынақты абыроймен еңсеру мақсатында Білім және ғылым министрлігі тарапынан қажетті жағдайлар жасалып, халықты дер кезінде ақпаратпен қамтамасыз етуде. Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернаты қашықтан оқыту үдерісін сапалы жүргізуде төмендегі қадамдарды жүзеге асыруда:

Қашықтан оқытуды сапалы жүргізудегі 10 қадам

Мектеп-интернаттың Жарлығына сәйкес 1 қыркүйек пен 27 желтоқсан аралығында демалыссыз оқыған оқушылар 29 желтоқсан - 27 қаңтар аралығында қысқы демалыста болды. Осыған байланысты 2020 жылдың 16 наурызынан бастап мектеп-интернат қашықтан оқыту жүйесіне көшті. Білім және ғылым министрі А. Аймағамбетов төтенше жағдайда оқыту үдерісін ұйымдастыруға байланысты брифингінде айтқан қашықтан оқытудың формалары бойынша Абай атындағы мектеп-интернаты онлайн платформалар мен әлеуметтік желілер, телеарна арқылы оқытуды қолға алды. Пән мұғалімі дәріс сабағын, тапсырмасын күнделікке жүктейді. Оқушы көреді, жүктейді, түсінеді. Қосымша білімін арттыру мақсатында «Балапан» телеарнасы арқылы оқытылатын бейнесабақтарды көріп, тапсырмаларын орындайды.

Карантин режимінде ата-аналар мен оқушылардың мектеппен бірлікте, үйлесімде жұмыс істеуі үшін түрлі онлайн психологиялық тренингтер өткізілді. Оқушылар мен ата-аналарға кеңес беріліп, қашықтан оқуды сапалы жүргізуге бағыт-бағдар көрсетілді. Әр сыныпта онлайн ата-аналар жиналысы өткізіліп, жаңа оқу жүйесі туралы сұрақтарға жауап беріліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Өз кезегінде ата-аналар да бейнероликтер арқылы мектеп ұжымына, ұстаздарға деген алғыстарын айтып жатты.

Қысылтаяң шақта елге қолдау көрсету мақсатында «Бәдік айтыс» деп аталатын ерекше эстафетаны бастауды жөн көрдім. Бәдік – тұрмыс-салт жырларының бір түрі. Алғашқыда ауру адамды немесе малды емдеу мақсатында айтылған. Бірте-бірте бәдікті қыздар мен жігіттер тобы болып бөлініп айту салты шыққан. Халық ауыз әдебиетінің жәдігері болған осы айтысты 10-сынып оқушысы, айтыскер ақын Абитилда Нұрислам эстафета түрінде бастап, ұстазы, айтыскер ақын, мектеп-интернат түлегі Серік Қалиевке жолдады. Әлемді жаулаған індетті байырғы дәстүр бойынша «көш, көш» деп бәдік айтыспен аластап, бетін қайтаруға бағытталған Абай мектеп-интернаты шәкірттерінің эстафетасы келер күннен жақсылықты ғана үміт етіп, 11 мамыр күні аяқталды.

Мектеп-интернатта «Тағылым» жобасының аясында айтыскер ақын, танымал журналист, зерттеуші ғалым, тілші, профессорлармен және өзге де әр саланың майталман мамандарымен танымдық сабақтар өткізіліп отырады. Қашықтан оқу жүйесінде де осы үрдіс тоқтамай, мектеп-интернаттың ресми іnstagram парақшасында тікелей эфир арқылы жалғасын тапты. Атап айтар болсақ, сәуір айында С.Демирел атындағы университет профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Б.А.Жұмақаева «Абай тағылымы» тақырыбында, мамыр айында М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Ежелгі дәуір әдебиеті және түркология бөлімінің меңгерушісі, доцент, филология ғылымдарының кандидаты Қыдыр Т. Е. «Әл-Фараби – өркениет ойшылы» тақырыбында онлайн танымдық сабақтар өткізді.

Төтенше жағдай кезеңінде мектеп-интернат ел таныған түлектердің тағылымды тағдырынан сыр шертетін «Балалық шаққа саяхат» жобасын қолға алды. Жоба мектеп-интернаттың ресми іnstagram парақшасында тікелей эфир арқылы жүргізілуде. Осы жоба аясында сәуір-мамыр айларында мемлекет және қоғам қайраткері, генерал-лейтенант Әділ Шаяхметов, ардагер ұстаз, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Орынша Қарабалина, кеден ісінің полковнигі Бекен Нұрахметов, «TAS GROUP» компаниялар тобының негізін қалаушы кәсіпкер Дулат Тастекеев, айтыскер ақын, ҚР Мәдениет қайраткері Серік Қалиев, ҚР Білім және ғылым министрінің қоғам және БАҚ-пен байланыс мәселелері бойынша кеңесшісі Ерболат Мұхамеджанмен онлайн кездесулер өткізіліп, оқушыларға мектеп-интернат түлектерінің өнегелі өмір жолы дәріптелді.

Хакім Абайдың 175 жылдығына орай 2019-2020 оқу жылының басында қолға алынған мектеп-интернат жанынан «Абай үні» журналын шығару ісі де төтенше жағдайға қарамастан жалғасын тапты. Ұлы ақынның теңіздей терең мұрасынан сусындатар танымдық материалдар, мұғалімдерге арналған әдістемелік көмек, мектеп-интернаттың тыныс-тіршілігінен хабар беретін, бүгінгі сарынға сай, заманауи тәсілдегі сапалы суреттер мен әсерлі дизайнымен ерекшеленетін аталмыш журналдың №3 саны жарық көріп, оқырманға электронды форматта жол тартты, кезекті саны кітапхана қорына тапсырылды. Журналдың кезекті №4 саны оқу жылының соңында жарық көрмек.

Сын сағатта оқушылардың ұлтжандылық, патриоттық сезімдерінің қалыптасуына әсер ететін тәрбие жұмыстары да қалыс қалмады. Ұлы жеңістің 75 жылдығы, Отан қорғаушылар мерекесі, Қазақстан халықтарының бірлігі күні сынды мерекелер мен абайтанушы Мекемтас Мырзахметұлының 90 жылдығы, жазушы Әнуар Әлімжановтың 90 жылдығы, ақын Жұмекен Нәжімеденовтың 85 жылдығы сынды айтулы даталарда онлайн тәрбие сағаттары өткізіліп, ең үздік деп танылған бейнероликтер әлеуметтік желілерде жарияланды. Сонымен қатар, Атырау телеарнасы жариялаған #Жұмекен85 өлең эстафетасын Нұр-Сұлтан қаласындағы №82 «Дарын» мамандандырылған лицейінен қабыл алып, Н.Нұрмақов атындағы Қарағанды облыстық мамандандырылған мектеп-интернатына жолдадық. Мамыр айында әл-Фарабидің 1150 жылдығы, ұлы Абайдың 175 жылдығы аясында 17 аймақты қамтитын #Ұлыларүндестігі эстафетасы басталды.

Мектеп-интернатта оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру мақсатында «100 кітап оқу» акциясы жүргізіледі. Төтенше жағдайға байланысты бұл үрдіс тоқтап қалмау үшін google classrооm оқу платформасында мектептің арнайы электронды кітапханасы ашылып, көркем әдебиеттермен толықтырылды. Сонымен қатар, бұл кітапханаға пән оқулықтарының электронды нұсқалары мен сілтемелері салынды. Оқушылар сабақтан тыс уақыттарында кітапханаға кіріп, кітап оқумен айналысуда.

Қазіргі уақытта ата-аналар мен бітіруші түлектердің өтініші бойынша мектеп-интернатта Ұлттық бірыңғай тестілеуге қосымша дайындық жүргізу кестесі құрылып, пән мұғалімдері дайындық сабақтарын жүргізуде. Қашықтан оқыту режимінде 11-сынып оқушылары БҒМ тарапынан ұсынылған 70 нұсқа сынақ тесттерін онлайн түрде тапсырып, білімдерін жетілдіріп отырды. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Журналистика және саясаттану деканы, профессор, алаштанушы ғалым, Қайрат Сақ, Телерадио және байланыс кафедрасының меңгерушісі, доцент, белгілі айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазы бастаған ғалымдармен Zoom платформасы арқылы 11-сыныптарға кәсіби бағдар жүргізілді.

Хакім Абайдың 175 жылдығы аясында атқарылған іс-шаралар аз емес, әлі де жалғасын табуда. Оқушылар ақынға арнауларын, Абай шығармашылығын талдап жазған эссе жұмыстарын толассыз жіберуде. Осыған байланысты оқу жылының соңында Абайдың 175 жылдығы аясында атқарылған іс-шаралар есебі ретінде «Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін...» атты жинақ кітабы жарық көрмек. Ұлы ақын шығармашылығын республика көлемінде кеңінен насихаттау мақсатында 2020 жылдың желтоқсан айында «Абай әлемі» атты қашықтан шығармашылық байқау (эссе жазу, ақындар мүшәйрасы) өткізу жоспарлануда.

Әлем күн сайын жаңаруда. Күн сайын түрлі жаңалықтар ашылуда. Күн сайын жаңа жобалар іске асырылуда. Сондықтан әр күнге жаңаша көзқараспен қарауға дайын болу керек. Өйткені, бұл – заман талабы. Ақпараттандырылған ғасырда озық технологияның үздік жемістерін пайдалану – дамыған елдердің шешімі. Сондықтан еліміз үшін бұл да бір жаңа белес, жаңа шың! Осы белесті бағындыруға бар әрекетті жасап жатқан ҚР Білім және ғылым министрлігіне, Абай мектебінің ұжымына тек қана табыс, сәттілік тілеймін!

 

Роза Сексенова

Абай атындағы республикалық мамандандырылған

дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін

тереңдете оқытатын орта мектеп-интернат директоры