Вирустың таралу қаупі сақталуына байланысты халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмыс тәртібін өзгерту туралы шешім қабылданған болатын.
«Енді алматылықтар ХҚО-да электронды форматта қолжетімсіз, «қағаз» жүзіндегі қызметтерді ғана ала алады. Бұл шамамен 100 мемлекеттік қызмет, оларды алу үшін ХҚО-ға бару қажет. Сондай-ақ ХҚО-дан egov.kz порталы арқылы онлайн түрде рәсімделген қызметтердің дайын нәтижесін алуға болады. Мемлекеттік қызмет көрсетудің жаңа форматына көшуге байланысты нысандар эпидемияға қарсы барлық санитариялық режимді қатаң сақтау, әлеуметтік қашықтық және адамдар ағынын реттеу секілді шараларды сақтай отырып жұмыс істеуде», - дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы қаласы филиалының директоры Данияр Қырықбаев.
Осылайша, Алматы қаласындағы 5 мамандандырылған ХҚО-ның, 2 Миграциялық қызмет көрсету орталығының және 2 Цифрлық қызмет көрсету орталығын қоса алғанда 16 фронт-офистің қызметі қайта басталды. Оларда жұмыс істейтін 1600-ден астам адам, оның ішінде клиенттермен тікелей байланыста жұмыс істейтін 933 фронт-офис қызметкерлері жұмысқа оралды. Жұмыс уақыты дүйсенбі мен сенбі аралығында, таңғы сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін. Алдын ала жазылусыз ХҚО-ларда ешқандай қызмет көрсетілмейді.
ХҚО-ға бару үшін кезек уақытын 1414 байланыс орталығы немесе немесе egov.kz порталындағы арнайы сервис арқылы алдын ала брондау қажет болады.
Мемлекеттік қызмет көрсетудің жаңа тұжырымдамасына көшуге байланысты нысандар эпидемияға қарсы барлық санитарлық режимді қатаң сақтау, әлеуметтік қашықтық және адамдар ағынын реттеу секілді шараларды сақтай отырып жұмыс істеуде.
«Қалған, электронды форматқа аударылған және egov.kz порталында қолжетімді барлық мемлекеттік қызметтің 80%-дан астамын тек өздігінен немесе әкімдіктер жанындағы кеңселерде, оқу орындарында, медициналық ұйымдарда, екінші деңгейдегі банктерде, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінде, «Нұр Отан» партиясы кеңселерінде, сауда орталықтарында, автосалондарда, және т.б. орындардағы өзіне-өзі қызмет көрсету секторларынан ала алады. Бұл азаматтардың ХҚО-да көптеп жиналуын болдырмайды және вирусты жұқтыру қаупін жояды», - дейді филиал директоры Данияр Қырықбаев.
АЛМАТЫ