Білім • 25 Мамыр, 2020

Бүгін соңғы қоңырау онлайн өтті

67 рет көрсетілді

Алматы қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 91 түлегі үшін биыл соңғы қоңырау онлайн соғылды. Салтанатты шара Microsoft Teams платформасында өткізілді.

Жиынға қатысушы ата-аналар, ұстаздар және мектеп бітіруші түлектерді Назарбаев Зияткерлік мектептері»  ДББҰ басқарма төрайымы Күләш Шамшидинова құттықтады.

«Білім саласында тереңнен тамыр тартатын, ұрпақтар сабақтастығының алтын арқауы, академиялық ерекше дәстүріміз «Соңғы қоңырау» мерекесін Мектеп қауымдастығы, ата-аналар ізгі ниетпен, үкілі үмітпен күтетініміз рас. Өкінішке қарай, биыл «Соңғы қоңырау» мейрамы әдеттен тыс жағдайға тұспа-тұс келді. Барлық әлем елдерімен бірге пандемияға айналған коронавирустың салдарынан күрделі сынақты біз де бастан өткеріп жатырмыз. Осы  сын сағатта асқан жауапкершілікпен онлайн білім беруде сапалы еңбек еткен барлық ұстаздарымызға, мектеп басшыларына, IT-мамандарға   ризашылығымды білдіремін», - деді ол.

Күләш Ноғатайқызының айтуынша, күрмеуі көп, алдын ала болжауы мүмкін емес күрделі кезеңде де білім беру саласы өз қызметін тоқтатқан жоқ. Карантин уақытына тұспа-тұс келген 4-ші тоқсанда зияткер ұстаздар 251 509 онлайн сабақ, 75 686 консультация өткізген.

Биылғы оқу жылында Назарбаев Зияткерлік мектептерінің  оқушылары 81 өнертабыс патенті мен авторлық құқық иегері атанған. 33 оқушы зерттеу жобалары үшін арнайы қаржылай гранттарды ұтып, 195 оқушы түрлі деңгейдегі пән олимпиадалары мен ғылыми жарыстардың жеңімпаздары атанған. Сондай-ақ 402 оқушы әлемнің үздік университеттері – Назарбаев университеті, Гарвард, Upen, Стэнфорд  және QST рейтингінің алғашқы жүздігіне кіретін басқа университеттердің білім гранттарын иеленіп отыр. Дарынды жастарды Соңғы қоңырау мерекесімен әлемге танымал әнші, ел мақтанышы Димаш Құдайберген де құттықтап, лебіз-тілегін арнады.

«Құрметті Назарбаев Зияткерлік мектептерінің жарқын болашаққа кемел қадам басқалы жатқан мектеп бітіруші түлектері, сіздерге шын жүректен мол бақыт, қажымас қайрат тілеймін. Көздеген мақсаттарыңызға жетіп, еліміздің ертеңі үшін талмай, тынбай еңбек етіп, еліміздің тұғырын биік-биік белестерден көрсетесіздер деген үміттемін. Барлық арман-мақсаттарыңызға жете беріңіздер», - деді Димаш Құдайберген.

Алматы қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің онлайн форматындағы соңғы қоңырау шарасы оқу ордасының директоры Жұлдыз Досбергенқызының лебізімен жалғасты. 12 жылдық оқуды тәмамдап, жаңа кезеңге қадам басқан түлектерге мектеп басшысы ақ жол тіледі.

«Осыдан алты жыл бұрын интеллектуалды мектептің табалдырығын жаңа аттап, жетінші сыныпқа қабылдандыңыздар. Бүгін еліміздің бәсекеге қабілетті, озық ойлы жастарына айналып, алтын ұямен қоштасқалы отырсыздар. Зор мүмкіндіктерге жол ашқан сіздермен әрдайым мақтанамыз! Көз алдымызда өсіп-жетілген сіздердің әр жеңіс-жетістіктеріңіз біз үшін құнды. Ата-аналар тарапынан еліміздің білім саласында осы уақытқа дейін орын алған оң нәтижелері үшін алғыс естіп, ерекше қуанышқа бөленіп отырмыз. Ол да болса, орта білім беру жүйесінің эталонына айналған Зияткерлік мектептер жүйесін қалыптастырған, осы жолдағы сіз бен бізге қолдау танытқан Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың арқасы. Ендеше, Зияткерлік мектеп қабырғасында сусындаған білім-тәжірибе өмірлік азық боларына үміт білдіреміз. Оқуда табысты болып, өмірде өз орындарыңызды табуларыңызға әрдайым тілекшіміз», - деді Жұлдыз Досбергенқызы.

Жаңа өмірге қадам басқан шәкірттеріне ыстық ықылас-пейілін ақ жүректі ұстаздары да жеткізіп, арнайы видео-құттықтау жолдаған. Өз кезегінде, ұстаздық ұлы қызметті атқарғандар мен мектепті абыроймен аяқтаған түлектерге ата-аналар комитетінің төрайымы Алма Саламатқызы да алғыс-тілегін арнады.

Соңғы жаңалықтар

Қашықтан оқып, тіл үйрен!

Білім • Бүгін, 16:25

Атырауда жазғы дәмхана өртенді

Аймақтар • Бүгін, 13:05

Арақ аурудан айықтырмайды

Коронавирус • Кеше

Ұқсас жаңалықтар