01 Қазан, 2013

1 қазан – халықаралық Қарттар күні

9450 рет
көрсетілді
28 мин
оқу үшін

 

Құрметті отандастар!

Сіздерді БҰҰ Бас Ассамблеясы қарттар күні деп жариялаған, бүгінгі мейірім мен ізгілік мерекесімен шын жүректен құт­тықтаймын.

Алдыңғы буын аға-апаларымызға, ерен еңбек үлгісін көрсетіп кеткен арда­гер­лерімізге осы бір қайырымдылық пен даналық көрінісі іспетті жарқын мере­келеріңіз құтты болсын дейміз.

Сіздер кейінгі ұрпақты ізгілік пен мейір­бандылыққа, Отанымызға адал қыз­мет етуге, айналадағы адамдардың өмір­ге, қоғамға деген оң көзқарасын қалып­тастыруға үйретіп келесіздер. Егемен еліміздің жарқын болашағына сенім­мен қарауды, жақсы күндерді еселі еңбе­гі­міз­бен жақындатуды біз сіздерден үйреніп келеміз.

Араларыңызда бүгінгі күнге дейін ел игі­лігі үшін түрлі әлеуметтік қызмет сала­сында еңбек етіп жүргендер аз емес. Бүгінгі таңда республикамыздың әрбір оныншы тұрғыны – еңбекке қабілетті жас­тан асқан адамдар. Елімізде 2 миллионнан астам адам егде жастағылар болса, олардың қатарында зейнеткерлер, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, тыл еңбеккерлері, көпбалалы аналар бар.

Бүгін біз қарттарымызға құрмет көр­сетіп, құттықтаумен бірге, ардагерлерімізге жан-жақты қолдау мен ыстық ықыласқа толы алғыс сезімін білдіреміз, яғни олар өздеріне деген шынайы қамқорлықты сезінуі қажет. Қазақ халқының ұлттық менталитетінің жарқын белгісі қашанда үлкенге – құрмет, кішіге ізет көрсету десек, бұл игі дәстүр лайым жалғасын таба берсін.

Құрметті отандастар!

Сіздерді БҰҰ Бас Ассамблеясы қарттар күні деп жариялаған, бүгінгі мейірім мен ізгілік мерекесімен шын жүректен құт­тықтаймын.

Алдыңғы буын аға-апаларымызға, ерен еңбек үлгісін көрсетіп кеткен арда­гер­лерімізге осы бір қайырымдылық пен даналық көрінісі іспетті жарқын мере­келеріңіз құтты болсын дейміз.

Сіздер кейінгі ұрпақты ізгілік пен мейір­бандылыққа, Отанымызға адал қыз­мет етуге, айналадағы адамдардың өмір­ге, қоғамға деген оң көзқарасын қалып­тастыруға үйретіп келесіздер. Егемен еліміздің жарқын болашағына сенім­мен қарауды, жақсы күндерді еселі еңбе­гі­міз­бен жақындатуды біз сіздерден үйреніп келеміз.

Араларыңызда бүгінгі күнге дейін ел игі­лігі үшін түрлі әлеуметтік қызмет сала­сында еңбек етіп жүргендер аз емес. Бүгінгі таңда республикамыздың әрбір оныншы тұрғыны – еңбекке қабілетті жас­тан асқан адамдар. Елімізде 2 миллионнан астам адам егде жастағылар болса, олардың қатарында зейнеткерлер, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, тыл еңбеккерлері, көпбалалы аналар бар.

Бүгін біз қарттарымызға құрмет көр­сетіп, құттықтаумен бірге, ардагерлерімізге жан-жақты қолдау мен ыстық ықыласқа толы алғыс сезімін білдіреміз, яғни олар өздеріне деген шынайы қамқорлықты сезінуі қажет. Қазақ халқының ұлттық менталитетінің жарқын белгісі қашанда үлкенге – құрмет, кішіге ізет көрсету десек, бұл игі дәстүр лайым жалғасын таба берсін. Ардагерлерімізді ардақтап, олар­ды қашанда, қамқорлық аясынан тыс қалдырмау, Мемлекет басшысының сөзі­мен айтқанда, «Біз бен сіздің парасатты парызымыз әрі қастерлі міндетіміз»!

Мемлекетіміз егде тартқан азамат­тарымызға деген әлеуметтік қолдау дең­гейін кезең-кезеңімен арттырып отыруды, тіпті экономикалық дағдарыс кезінде де тоқтатқан емес. Осының айқын айға­ғындай әлеуметтік қамсыздандыру мен әлеуметтік қолдау бағы­тын­дағы мем­лекеттік шығыстардың көлемі жылдан жылға көбейіп келеді.

Барлық қазақстандықтарды, жұмыс беру­шілер­ді, бизнес құрылым өкілдерін, әлеу­мет­­тік қызметкерлерді, жүрегі жомарт ізгі ниет­ті барлық адамдарды аға буын ұрпақ­тың ел игілігіне қосқан еселі еңбе­гін ұмыт­пау­ға, мемлекетіміздің арда­герлерімізге деген қамқорлығы мен қолдауына атсалысуға шақы­ра­мын. Жалғызілікті және сіз бен біздің қолдауымыз­ға мұқтаж жандардан жүрек жылуын аямайық.

Ақ шашты ардагерлеріміз бүгінгідей мерекеде ғана емес, әрдайым біздің наза­ры­мызда болсын, сіздердің оларға көрсет­кен ізгі ние­тіңіз өз балаларыңыз бен неме­релеріңізден қайта­тыны ақиқат.

Қымбатты, аға ұрпақ ардагерлеріміз, сіздердің толайым еңбектеріңіздің, бай тәжі­рибелеріңіздің, дарқан даналықтарыңыздың алдында басымызды иеміз.

Сіздерге, сіздердің отбасыларыңыз бен жақын туыстарыңызға зор денсау­лық, берекелі ұзақ ғұмыр тілеймін, айнала­ңыз­дағы жаны жомарт жандардың ықылас-ниетіне бөленіп әрқашан арамызда жүре беріңіздер!

Т. ДҮЙСЕНОВА,

Қазақстан Республикасының

Еңбек және халықты әлеуметтік

қорғау министрі

Ардагерлерді ардақтай білейік!

Қазақ қоғамында ақсақалдар – елдік пен өнегелі өмір тәжірибесінің қайнар көзі. Қазақ қоғамында қарттар қашанда елді береке-бірлікке, ырыс-ынтымаққа жұмылдыра білген. Халықтың «Ауы­лыңда қартың болса, жазылып қойған хатпен тең», «Қариясы бар елдің – қазы­насы бар» деген сөздерінің мәнісі – ақылдың кені, қазыналы қарттарды құр­меттеу, ақсақалдар қауымын ардақтау.

Ежелгі Эллада елінде «Жастарға көрген-білгенін айтпаса, ағалардың өздері кінәлі» дейді екен. Яғни көрген-білгенін, ақыл-кеңесін, білім-білігін жас өскінге беріп отыру аталардың, ағалардың міндеті деп есептеген. Қай қоғамда да, қай заманда да аға ұрпақ білім-білігін, өмірлік тәжірибесін жастарға беру арқылы қоғам дамып, өркениет жалғасып келеді.

Бүгінгі күні еліміздің үлкен жетіс­тіктерге жетіп, дүние жүзіне таныл­ған, стратегиялық тұрғыдан сенімді әріптес, іргелі мемлекет атануына ардагерлердің сіңірген еңбегі зор. Ұлағатты ұрпақ тәр­биелеген ардагерлер күні бүгінге дейін қоғамдық өмірге белсенді араласып, еліміздің елеулі азаматтары болып отыр.

Көптеген ардагерлеріміз кешегі Ұлы Отан соғысының қанды қырғынын бастан кешіп, елімізді Ұлы Жеңіске жеткізді. Тылда жұмыс істеген аналарымыз, ағаларымыз бен апаларымыз жеңімпаз әскердің барлық қажеттіліктерін тауып беру жолында жан аямай, күндіз-түні еңбек етті, сонымен бірге ұрпақ өсірді. Бүгінгі тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің іргетасын қалау жолында да мыңдаған ардагерлеріміз жанкешті еңбек етіп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жанында кеңесші, көмекші болып жүрді. Барлық аймақтарда да Президенттің тәуелсіз ел құру жолындағы стратегиялық бағдарламаларының маңызын халыққа түсіндіруде, тікелей іске асыруда да олар аянып қалған жоқ. Өмірдің барлық саласында еңбек еткен ардагерлер өздерінің мол тәжірибесін тәуелсіз Қазақстанның аяғынан нық тұруына жұмсады.

Бүгінгі күні ата жасына жетіп, ардагер атанып отырған құрметті ақсақал­дары­мыз бен ақ жаулықты аналары­мыз өздерінің істеген жақсы­лық­тары­на орай лайықты сый-құрмет көріп отыр ма? Өңірлердегі ардагерлер ұйым­дары олардың құрметке бөленуіне, қоғамдық өмірге белсенді араласуларына қаншалықты үлес қосуда? Жер­гілік­ті билік органдарының ардагерлерге деген құрмет дәрежесі қандай? Міне, біз күні ертең-ақ келіп жететін 1 қазан – халықаралық Қарттар күнінің қарсаңында осы сұрақтарға жауап іздеу­ге бекіндік.

Әрине, өмірлік, соның ішінде бас­қарушылық тәжірибесі мол, ақылман ақсақалдар басқарып отырған ардагер­лер ұйымдарында атқарылып жат­қан шаралар жоқ емес. Ақмола облысының ардагерлер ұйымы «ардагерлер ұйымдарын дамыту және олардың бай тәжірибелері мен озық үлгілерін жастарға үйрету» тақырыбындағы мемлекеттік тапсырыс негізінде іс-әрекет қылып жатқан жайы бар. Осының өзі ұйымның ешкімге де­меу­шілік жаса деп жалынбай, өз күшімен әрекет етуіне мүмкіндік беріп отырғанын көрсетеді. Осы орайда Ақмола облысының игі істерін түйіндеп айтар болсақ, Көкшетау қалалық ардагерлер ұйымының бастамасымен қалалық мәслихат жергілікті бюджет есебінен 90 жасқа келген ардагерлерге – 90 мың, 100 жасаған ардагерлерге 100 мың теңге көлемінде қаржылай сыйлық бөлу туралы шешім шығарды. Бұл қолдауға тұрарлық игі іс. Әрине, арамызда 90 мен 100-ге жетіп жатқан ардагерлер көп емес, десек те бұл іс олардың жасын сыйлағандықтың озық үлгісі десек артық айтқандық емес.

Ал, Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілбек Шаухамановтың ұйытқы болуымен былтыр осынау экологиялық апат аймағында тұрса да жүз жастан асқан 23 ардагер құрметтеліп, олардың өмірі туралы «Көп жасаңыз!» атты кітап жарыққа шықты. Міне, осындай озық тәжірибелерді өзге облыстар да қолға алса – бұл үлкендерге деген құрметтің нақты көрінісі болар еді.

Ақмола облысындағы игі дәстүр Қостанай облысында да бар. Мемлекеттік тапсырыстың арқасында, Ұлы Жеңіс күнінің қарсаңында ардагерлер арасында шахмат пен дойбыдан турнир өткізілгені қандай ғанибет болған. Аудандар мен қалаларда өткізілген турнирдің жеңімпаздары кейіннен облыс орталығында да күш сынасып, оған 50-ден астам ардагер қатысты. Бұл іс ардагерлердің саламатты өмір салтын ұстануларына серпіліс тудырғаны анық.      

Атырау облысы ардагерлеріне қатысты жақсы лебіздер естіп, жанымыз жадырап қалды. Ұлы Отан соғысы жылдарында әйелдер мен балалардың, яғни бүгінгі ардагерлердің күшімен 200 шақырымдық «Гурьев-Астрахан» темір жолы тартылған екен. Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында оларға арнап ескерткіш тұрғызуға уәде беріпті.

Жуырда Республикалық ардагерлер ұйымының Орталық кеңесі Қарттар күнінде ешбір қария сый-құрметтен кенде қалмасын деген ниетпен «Қамтылмаған қалмасын!» атты үндеу жариялады. Кейбір қарттардың ауылдан қалаға көшіп келуіне немесе шетелден атамекеніне қоныс аударуына байланысты ардагерлердің бастауыш ұйымдарына өз уақытында тіркелмегендіктен, олар мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдар тарапынан тиісті сый-құрметке бөленбей қалу жайттары да кездеседі. Осы ретте қарттарды бөле-жармай, оларға бірдей құрмет көрсетілуі баршамыздың азаматтығымызға сын. Осындай келеңсіз жағдайларды болдырмас үшін біз «Қамтылмаған қалмасын!» атты үндеуде ешқайда тіркелмеген қарттарды есепке алып, мамандығына, істеген жұмысына сәйкес бастауыш ұйымдарға мүше қылып, олардың да мереке күндері құттықталуын талап еткен едік.

Біздің Қостанайдағы филиалымыз ауылдан қалаға көшіп келіп, жабығып жүрген қарттардың басын қосып, олардың қоғамдық өмірдің тыныс-тіршілігіне етене араласуына жағдай жасап отыр.

Ардагерлер үлкен құрмет, қымбат сыйлық қажет етпейді, олар, ең бас­тысы, өздеріне жылы назар аударылып, ыстық ықылас білдірілсе, есімдерінің ескерілгендеріне дән риза болары сөзсіз. Республикалық ардагерлер ұйымы «Нұр Отан» ХДП-ның «Жас Отан» Жастар қанатымен ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойған болатын. Біз осынау істе жастар белсенділігін де тиімді пайдалануды көздеп отырмыз.

Жастарға патриоттық тәрбие беру, ата-баба дәстүрін ұрпаққа аманат ету сияқты ұлттық мәні зор істерді басшылыққа алып көптеген облыстарда арнайы бағдарламалар қабылданған. Мәселен, Алматы облысында (төрағасы Ардақ Сыдық) осындай бағдарлама қабылданып, «Атадан – ұлағат», «Әжелер – отбасының берекесі», «Енесі жақсының шаңырағы шайқалмайды» атты форумдар өткізілді. Осындай шаралар Оңтүстік Қазақстан облысында да (төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов) тұрақты түрде өткізіледі.

Ардагерлер ұйымдарының бел­сен­ділігімен Ұлы Жеңістің 70 жыл­дығы қарсаңында майдангерлер мен тыл еңбеккерлеріне жасалатын қамқорлықтар да еселеп артып келеді. Мәселен, биыл Маңғыстау облысында (төрағасы Амангелді Ғұмаров) әрбір майдангерге былтырғыдай 100 мың теңге емес, 200 мың теңгеден бір реттік көмек беру туралы шешім қабылданған. Сондай-ақ, барлық өңірлерде де соғыс және тыл ардагерлеріне сауықтыру шипажайларына тегін жолдама беру арта түскен. Қалалық жерлерде тұратын ардагерлердің қоғамдық көлікпен тегін жүруі де көптеген шаһарларда жақсы жолға қойылған. Мәселен, Алматы қалалық ардагерлер ұйымының (төрағасы – Еренғайып Шайхутдинов) табанды талап етуінің арқасында жасы 75-тен асқан қариялар қоғамдық көліктерде тегін жүретін болған. Сондай-ақ, осы қалада 152 мың зейнеткер қалалық бюджеттен жәрдемақы алады. Ал Ақтөбе облысында ардагерлер коммуналдық төлемдерден толық босатылған. Оңтүстік Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарында ардагерлер кеңесінің ұйытқы болуымен Ұлы Жеңіс қарсаңында өткізілген сенбіліктерден түскен қаражат толығымен ардагерлер ұйымына аударылып, олар қаржыны түрлі игілікті істерге жұмсаған.

Көптеген ардагерлер ұйымдары бизнес құрылымдарымен тығыз ынтымақтастық орнатып, солардың қаражаттық демеушілігімен түрлі шаралар өткізуде. Мәселен, Астана қалалық ардагерлер ұйымы «Джей Ти Ай» компаниясының қолдауымен 15 ардагерге 2 апталық сауықтыру демалыстарын ұйымдастырып келеді. Демалыс шараларының арасында спорттық ойындар, компьютер үйрету, қалаға серуен жасау сияқты істер бар.

Өз тарапынан ардагерлер ұйымдары елде жүргізіліп жатқан барлық саяси науқандарға белсене қатысып жүргенін мақтанышпен айта аламыз. Жуырда елімізде өткен жергілікті әкімдерді сайлауға да ардагерлер ұйымы белсене қатысып, оның саяси мәнін халыққа түсіндіруде үлкен еңбек етті. Ел үшін мәні зор осы науқанды өткеруге мен де қатысып, республикалық қоғамдық комиссиясының төрағасы болып, сайлау науқанына белсене қатыстым.

Жақында республикалық ардагерлер ұйымы төрағасының қатысуымен барлық облыстардағы ардагерлер ұйымдарында есеп беру жиындары мен кезекті пленумдар өткізілді. Пленумдарда көптеген мәселелер қаралды. Соның ішінде, ардагерлер «Қазақстан-2050» Стратегиясын қызу талқылай отырып, оның міндеттерін іске асыруға ардагерлер ұйымының да мүдделі болып отырғандығын ерекше атап өтті. Сонымен қатар, Ұлы Жеңістің 70 жылдығын лайықты мерекелеу және оған дайындық мәселелері де пысықталды.

Қорыта айтқанда, ардагерлер қауымы еліміздің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласумен қатар, мемлекеттің қамқорлығын сезініп отыр. Осы орайда, еліміздің дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан қарттарымызды құрметтей білейік дегім келеді. Барлық әріптестерім мен замандастарымды келе жатқан төл мереке – Халықаралық қарттар күнімен құттықтай отырып, дендеріне саулық, отбастарына құт-береке тілеп, өсіріп отырған ұл-қыздары мен немере-шөберелерінің қызықтарына бөлене берсін демекпін!

Өмірзақ ОЗҒАНБАЕВ,

республикалық Ардагерлер

ұйымы орталық кеңесінің төрағасы.

 

Қарттардың да қатардан қалғылары келмейді

Жергілікті билік Алматыдағы Медеу ауданының қарияларына жасап отырған бастамасын жалғастырса

Қарттар күнін атап өтудегі басты мақсат – аз қамтылған жасы келген адамдарға, жалғызбасты зейнеткерлер мен мүгедектерге көңіл бөліп, оларға материалдық, әлеуметтік-тұрмыстық және басқа да көмек түрлерін көрсету болып табылады. Бұл ретте біздің елімізде де іс-шаралар өткізіліп, түрлі мерекелік жобалар ұйымдастырылуда. Жуырда қарттар күні қарсаңында «Егеменнің» Алматыдағы бөлімшесіне Алматы қаласы Бостандық ауданы ардагерлер кеңесінің спорт комиссиясының төрағасы, дербес зейнеткер, тыл ардагері Қабиболла СЕЙІТОВ ақсақал келіп, зейнеткер қарттардың саламатты өмір салтын қалыптастыруда туындайтын қиындықтар мен оны шешудің жолдары жайлы ұсыныстарын айтып, ой бөліскен еді...

– Елбасы әр жылғы Жол­дау­ларында халықтың қамын ойлап, биліктегі шенеу­нік­терге жол көрсетіп, оларға талап қойып көптеген мәсе­лені айқындап беруде. Биыл­ғы «Қазақстан -2050» Стра­тегиялық Жолдауы тіпті өзгеше. Осы маңызды Жолдауды ха­лыққа түсіндіріп. насихаттауда Президент Әкімшілігі рес­пуб­ликалық ақпараттық насихаттау тобын құрып, осы мақсатта Парламент депутаттары мен Үкімет мүшелері басында кезек-кезек Ал­матыға атбасын бұрып, әкімдермен, жергілікті депутат­тармен, биліктегі активтермен, ардагерлер кеңесінің төр­ағалары мен студенттер қауымымен кездесулер өткізді. Бір өтінішіміз, кейде осындай талқылаулардан қарапайым зейнеткерлер шет қалып қойып жатамыз. Қалай десек те, біздер де осы қоғамның мүшесіміз, кезін­де еліміз, жеріміз үшін ҰОС-қа қатысып жаумен айқастық, аш-жалаңаш тыл­да аянбай еңбек еттік, еге­мен Қазақстанымыздың өркен­деуіне де үлес қосып келе­міз, қартайған шағымызда да қарап отырғанымыз жоқ, оқу-тәрбие орындары­на барып, жас ұрпақты отан­сүй­гіш­тікке, еңбекке баулып жүр­міз. Осындай ниетпен был­тыр­ғы жылдың желтоқсан айында өзім тұратын Бос­тан­дық ауданының сол кездегі әкімі З.Аманжоловаға ұсы­ныс хат жолдадым. Онда «ау­дандағы мәслихат депутаттарын (7 адам) шақырыңыз, ақылдасайық, сөйтіп, Пре­зиденттің жаңа Жолдауын жаңа тәсілмен қалада бірінші болып насихаттайық», дедім. Сөйтіп, насихаттауды бил­ь­ярд ойынымен ұштастыруды ұсындым. Себебі, ескі әдіспен қарияларды жинасақ, келмеуі мүмкін. Кешікпей аудан әкімі ауысып, орнына Р.Асанова келді. Хатыма жарты айдан кейін (11.01.2013ж.) әкімнің орын­басары С.Ағыбаев «ұсы­ны­сыңызды ескереміз, мәслихат депутаттарына жеткіземіз» деп жауап беріпті. Бұл жауап­тың «шығарыпсалма» еке­нін түсініп, бір айдан соң Ағы­баевтың жеке қабылдауына барғанымда «депутаттарды мұндай жалғыз мәселеге бо­ла жинай бермейміз, жұ­мыс көп, біздерді мазаламай өз жұмыстарыңызбен айна­лыс­қандарыңыз жөн», деп қалжыңға бұрып, күліп шығарып салды. Сонда Президент Жолдауын қариялардың көмегімен насихаттау әкімдер үшін мәнсіз, же­ңіл-желпі мәселе болғаны ма?

Содан менің ұсынысым көрші Медеу ауданына жетіп, тез арада аудан әкімдігі мен №30 округ депутаты Серік Пірәлиев (Абай атындағы Қазақ ҰПУ-нің ректоры) қолдай кетті. Дереу Жолдауды жаңа тәсі­л­мен насихаттауды қалай ұйым­дастыру қажеттігі жайлы кө­мек сұрап, бірігіп жоспар жа­садық. Шараны мамырдың 2-3 күні абыроймен өткіздік. Аудан әкімі С.Мәкежанов, ардагерлер кеңесінің төрағасы К.Серікбаев Президент Жол­дау­ына түсініктеме жасап, жеңімпаздарды марапат­тап, барлығына саулық ті­леп, саламатты өмір салтын қалып­тас­тыруды әрі қарай жал­ғас­тыруды ұсынды. Соңында қариялар да аудан басшыларына алғыстарын жаудырып, Елбасының қарияларға деген қамқорлығына ризашылдығын білдірді.

Содан мен де бастаған ісім­ді аяқсыз қалдырмайын деген оймен табандылық жасап, Ал­матының барлық 7 ауданын аралап, белсенді ақсақалдармен пікірлескенімде, олардың бәрі де қуанып, идеямды толық қолдайтындарын біл­ді­ріп, 84 қария қол қойды. Олар­дың ішінде ҰОС пен тыл ардагерлері, Қазақстан спортының майталмандары бар. Қариялар осы идеяның іске асуын өзіме жүктегесін «Алматы ақшамы» (06.05.2013ж), «Алаш айнасы» (16.05.2013ж.) газеттерінде осы тақырыпты көтеріп, мақала жаздым. Меніңше, осы мәселеге қатысты жоғары биліктегілер қозғау салса, жалғыз Алматы емес, еліміздегі барлық қала әкімдері де қозғалып, өз ақсақалдарына Елбасының Жолдауын жаңа тәсілмен насихаттаған болар еді.

– Сағидолла аға, Жолдауға сәйкес қариялардың саламат­ты өмір сүруі үшін тағы да қандай ұсыныстарыңыз бар?

– Әр аулада 20 шаршы метр жерді қоршап, «Қариялар спорт алаңын» (ҚСА) жасап беру қажет. Олай дейтініміз, Елбасы өзінің Жолдауында «Үкімет және жергілікті органдар денешынықтыруды, бұқаралық спортты дамыту және типтік жобадағы денешынықтыру-сауықтыру нысандары, соның ішінде, аула нысандары құрылысы бойынша шаралар қабылдап, оны 2013 жылы бас­тау керек» деп тапсырған болатын. Осы орайда қариялар үшін әр ауладан 20 шаршы метр жерді тормен қоршап, орындық, т.б. жабдықтап, есігін құлыптап, дойбы-шахмат ойнайтын қарттардың спорт алаңы жасалса. Бұл қажеттікті мына жағдайлар дәлелдейді. Мәселен, жасы келген адамдар, әсіресе, мүгедек қариялар алысқа ұзап шыға алмайды. Сол себепті үйлерінен бір-бір орындықтарын арқалап шығып, есік алдына отыра қалып шахмат-дойбы ойнауға жиналады. Сөйтіп, кез келген ағаштың түбінде күнге күйіп, шаң тозаңның астында отырып уақыттарын өткізеді. Бүгінде бұл жағдай жалғыз Алматы қарттарының басындағы қиын­дық емес, еліміздің барлық қала­ларындағы саламатты өмір салтымен айналысатын қарт­тардың ортақ мұңы, шешуді қажет ететін ортақ проблемасы.

Жасыратыны жоқ, бүгінгі зейнетке шыққан қарттардың біразы жан тыныштығына жеттім-ау деп диванда жатып, теледидар көріп, газет оқып, үйде отырып қартаюды да дағдыға айналдырып барады. Дәрігерлердің айтуынша әрі статистикаға сүйенсек аз қозғалатындар аз өмір сүреді дейді. Бүгінгі 100 жасаған қариялар өздерінің өмір бойы еңбек еткенін, үнемі қозғалыс-қимылда болғанын айтады. Олай болса, әр зейнеткер шамасына қарай қимыл жасайтын спорт түрін таңдап алып, саламатты өмір салтына көшкені жөн. Мысалы, біздер, 20 шақты алматылық республикалық бильярд федерациясының пре­зиденті А.Қаранеев мырза­ның қарттарға деген қайы­рым­дылығының арқасында «Бастау» бильярд клубында тегін бильярд ойнаймыз. Арамызда жасы 85-90-ға келген бұрынғы атақты балуан, боксшы, гимнаст, т.б. спорт шеберлері бар. Мысалы, 86 жастағы Евгений Кодяйкин жүгіруден дүние жүзінде алдына жан салмаған, 1956 жылы Мельбурн Олимпиадасына қатысса, 77 жастағы Әмин Тұяқов – КСРО спорт шебері, жеңіл атлетикадан Еуропа кубогының иегері. Ал 79 жас­тағы Өтепқали Құралов ҚазКСР-не еңбегі сіңген жаттықтырушы, Құрметті спорт қайраткері болса, 83 жас­тағы профессор М.У.Хван конь­киден әлем чемпионы, КСРО спорт шебері, КСРО және Қаз.КСР-не еңбегі сің­ген жаттықтырушы. Алайда, олардың бәрінің де бұрынғыдай жүгіріп, секіруге мүмкіндік­те­рі жоқ, сондықтан бабымен бильярд үстелін жағалап жүріп, еңкейіп шарды ұрып қимыл жасайды. Бірер жылдан соң олардың да бильярд клубына барып келуі қиын­дайды, сол кезде оларға есік алдындағы ҚСА көмекке келмек. Сондықтан қариялар үшін әр аулада шағын спорт алаңы ауадай қажет.

–Қарттардың кіші спартакиадасын жылда өткізіп тұру жөнінде де ұсыныс жасаған екенсіз...

–Қарттардың шамасы келетін ең ыңғайлы, қолжетімді спорт түрлері бильярд, шахмат, дойбы екеніне көзіміз жетті. Олай болса, егде адамдарды қызықтырып, саламатты өмір салтына бейімдеу үшін спорттың осы 3 түрінен «Қарттардың кіші спартакиадасын” (ҚКС) қалалық, облыстық спорт басқармаларының бағдарламасына енгізіп, жылына екі рет (жазғы, күзгі) тұрақты түрде Алматыда, Астанада, сондай-ақ, еліміздің басқа да қалаларында өткізіп тұрған жөн. ҚКС-тің жазғысын көктем айында бастап, 9 мамыр – Жеңіс күні өтетін думанда қорытындылап, жеңімпаз қарияларды сол жиында марапаттаса, нұр үстіне нұр емес пе. Мысалы, Алматының Бостандық ауданы жыл сайын Жеңіс күні құрметіне думан өткізеді, сол думанда оқушылар арасында өткен байқаулар мен мемлекет қызметкерлерінің (әкімдік, салық полициясы, прокуратура, т.б.) спартакиа­да­сында жеңімпаздарға компьютер, теледидар, т.б. беріп жатады. Мұны көрген сол думан­ның негізгі иелері қариялар тек алақан соғып, тамсанып отыр­ғаны. Ал сол Жеңіс күнгі думанда ҰОС-ы мен тыл арда­гер­лері қатысқан ҚКС-ының жеңімпаздары марапатталып жатса, думан одан да мәнділеу өтетінін ешкім жоққа шығара қоймас.

– Ардагерлердің спорт комитетін құру ой­лары­ңызда бар көрінеді...

– Аудан және қалалық ардагерлер кеңесінің жанында жалақысыз жұмыс жасай­тын спорт комиссиялары бар. Осы комиссияларға қа­рия­лар арасында түрлі жарыс ұйым­дастыру үшін қаржы керек, ал қаржысымен бөлісетін ардагерлер кеңесінің өзі демеушілік көмекпен күн көруде. Өйткені, бюджеттен ештеңе бөлінбейді. Олай болса, қаражатсыз қарттар спортының халі мүшкіл.

Ал қариялардың өздері әр жерде орындығын арқалап жүріп ештеңе шеше алмайды, сондықтан, қаладағы спорт бас­қар­масының жанынан (не сала­мат­ты өмір салтын қалып­тас­тыру орталығынан) бөлім ретінде «Ардагерлердің спорт комитетін» (АСК) құрып, оларға бюджеттен ақша бөлінсе дұрыс болар еді. Сон­да­ғы АСК-ның міндеті: 1) аудан­дық, қалалық ардагерлер кеңе­сіндегі жәрдемсіз, ұсақ спорт комиссияларының басын біріктіріп, олармен спорттық іс-шаралар ұйымдастыру; 2) ҚКС-ны тұрақты түрде жылына 2 рет өткізу; 3) қаладағы билік және қоғамдық ұйымдармен, кәсіпорын, т.б. бизнес өкіл­дерімен қарым-қатынас жасау; 4) қарттарды саламатты өмір салтына бейімдеу; 5) түрлі насихат жұмыстарын жүргізу, т.б.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».

Суретті түсірген Ерлан ОМАРОВ.