Аймақтар • 25 Мамыр, 2020

Алматы: Карантинде Көкжайлау шатқалында тойлатқандар түгел жазаланады

417 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Алматы қаласы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен онлайн брифингте Алматы қаласы әкімінің бірінші орынбасары Ерлан Қожағапанов осы Ұлттық паркке барып, концерт ұйымдастырып, артынан қоқыстарын жайратып кеткен туристерге шара қолданылатынын ескертті. Қазіргі таңда бұл келеңсіздікпен құқық қорғау органдары айналысып жатыр.

Алматы: Карантинде Көкжайлау шатқалында тойлатқандар түгел жазаланады

Қысқасы, әкімдік тиым салынғанына қарамай, Көкжайлау шатқалына шыққан туристердің бәріне шара қолданбақ. Іле-Алатау ұлттық саябағында рұқсатсыз адамдарды апарғандар қылмыстық жауапкершілікке тартылуы да мүмкін.

«Карантин кезінде көпшіліктің жаппай жиналуына тыйым салынған. Бірақ өкінішке орай бұл мәселенің қауіптілігін адамдар түсінбейді, халықты жинайды. Біз осы  мәселені қолға алдық. Қала әкімі ПД басшысына нақты тапсырма берді, прокуратурада айналысып жатыр. Біз осы азаматтардың үстінен әкімшілік іс қозғаймыз. Егер қажет болса ұйымдастырушылардың үстінен қылмыстық  іс қозғаймыз. Ол ұлттық парк, оған рұқсатсыз кіруге болмайды. Жиналғандар концерт өткізіп, қоқыстарын шашып,  кетіп қалған. Адамдар маскасыз жүрген», – деді Ерлан Қожағапанов.

Естеріңізге сала кетейік, 24 мамырда Көкжайлауда біраз адам жиналып, карантинге қарамастан мерекелік  шара өткізген. Тіптен ерекше қорғаудағы экологиялық саябақ саналатын тау шатқалына туристер  қымбат көліктерін де апарған. Бұған дейін  Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілдері карантин кезінде Алматыдағы Көкжайлау шатқалында болған заңсыздыққа байланысты мәлімдеме жасаған еді. Министрлік өкілдері Көкжайлау  шатқалында шаттанып жүрген көліктің иесіне 100 АЕК мөлшерінде (277 800 теңге) айыппұл салынғанын хабарлады. Ал тергеумен қазір Медеу аудандық полициясы айналысып жатыр.  

«Бұл жайт бойынша қазір Медеу аудандық полициясы тексеру жүргізіп жатыр. Полицияға осы оқиға бойынша 102 пультіне жедел қоңырау дер кезінде түскен жоқ. Бұл жайтты әлеуметтік желілер арқылы білдік. Қоқыс тастағаны үшін және каратин кезінде осындай шара ұйымдастырғаны үшін адамдар міндетті түрде заң алдында жауап береді», – деді Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек. 

 

АЛМАТЫ