Аймақтар • 25 Мамыр, 2020

Қызылорда: Департамент бастығы тұрғындарды алаяқтардан сақ болуға шақырды

465 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қызылорда облысы Полиция департаменті алаяқтар жасайтын қылмыстарды болдырмау, алдын алу бағытында жүйелі жұмыс жасап келеді.  Соған қарамастан өңірде  өзгенің меншігін алаяқтық жолмен иелену арқылы азаматтардың құқына қол сұғу деректері әлі де орын алуда.      

Қызылорда: Департамент бастығы тұрғындарды алаяқтардан сақ болуға шақырды

Бұған бірден-бір себеп, тұрғындардың жеңіл пайданы көздегендердің «төмен пайызбен ірі көлемде несие, кезектен тыс арзан бағамен мемлекеттік пәтер, жер алып беремін, тендерден ұтуға көмектесемін, жалақысы жоғары қызметке, жұмысқа тұрғызамын»  деген түрлі уәдесіне алданып қалуы.

Мысалы, Қызылорда қаласының тұрғыны 44 жастағы әйел жаңадан салынып жатқан көп қабатты үйлерден пәтер алып беремін деген уәдемен облыс орталығындағы біраз тұрғынның қаражатын қалтаға басқан. жәбірленушілерге келтірілген шығынның көлемі 2 230 000 теңгеге жеткендігі анықталды. 

Алаяқ әйел Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 190-бабының  3-бөлігінің 4-тармағымен кінәлі деп танылып, оған қалалық сот үкімімен 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар, сот жәбірленушіге келтірілген шығынды заңмен белгіленген тәртіппен өтеуді міндеттеді.

Осыған байланысты, облыстық Полиция департаментінің бастығы. полиция полковнигі Бектөре Сұлтан облыс тұрғындарына алаяқтардың құрбанына айналмас үшін жалған уәдеге сенбеу және ақша, бағалы заттар мен мүлікті күмәнді адамдарға немесе компанияларға тапсырмау керектігін ескертеді.  Алаяқтық фактілері орын алған жағдайда тез арада полицияға хабарлаған жөн.