Білім • 26 Мамыр, 2020

Соғылмаған соңғы қоңырау

1169 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жыл сайын 25 мамырда айналамыз жүздері бал-бұл жанып, қолдарына гүл ұстап, мектепке асыққан оқушыларға толып кетуші еді. Соңғы қоңыраудан кейін мектеп бітірген түлектер иығына асқан көк ленталарын шешпестен көшеде алшаң басып ұзақ жүрсе, үздік оқыған оқушылар алған грамоталарын ата-анасына жеткізуге асығатын.

Соғылмаған соңғы қоңырау

Ал биылғы соңғы қоңырау соғылмады. Әлемді әлекке салған коронавирус пандемиясына байланысты биылғы соңғы қоңырау ерекше жағдайда өтті. Бұл ел тарихында, білім саласында бұрын-соңды болмаған жағдай. Иә, еліміздің мектептеріндегі соңғы қоңырау шарасы онлайн түрде өткізілді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter желісіндегі парақ­шасында мектеп түлек­терін «соңғы қоңырау» күнімен құттықтап, «Асыл арман­дарыңыз орындала берсін! Болашақ­тарыңыз жарқын болады деп сенемін! Жас ұрпақты ғажайып білім әлеміне жетелейтін ұстаз­дар қауымына қажырлы еңбек­тері үшін алғыс айтамын!» деп, түлектерге сәттілік тілеп, ұстаз­дарға ризашылығын білдірді.

Жалпы алғанда биылғы оқу жылы 4 миллионнан астам оқушы мен студенттің есінде қашықтан оқыту форматына көшумен сақталып қалатыны сөзсіз. Елімізде 7 412 мектеп бар, онда 3 349 069 бала оқиды. 9 сынып оқушыларының саны – 266 897, 11 сынып түлектерінің саны – 144 706. Әдеттегідей түлектердің санының көптігі жағынан Түркістан облысы алдыңғы орында тұр. Бұл аймақта биыл 24 мыңнан астам түлек мектеппен қош айтысты. Ал «Алтын белгіге» үміткерлер саны – 8 506. Биыл ҰБТ-ға қатысу бойынша рекордтық жағдай тіркеліп, тест­ке 130 мыңнан астам түлек қаты­су­ға бел байлап отыр. Оның ішінде 111 017-сі биылғы оқу жылы­ның мектеп түлегі болса, 20 000-нан астамы кол­ледж және өткен оқу жыл­дары­ның мектеп түлегі.

Карантинге байланысты қазақ­стандық оқушылар аттестатын 3-4 маусымда ашық алаңда алады. Оның да өз тәртібі бар.

Дегенменде бұл жағдай оқушылардың да, ұстаздардың да сағын сындырмайды, рухын түсірмейді. Қашықтан оқыту мен соңғы қоңырауды онлайн түрде өткізу қиын сәтте қолға алынған уақытша шаралар екенін ел жақсы түсінеді. Біз карантин кезінде темірдей тәртіпті сақтаудың арқасында қиындықты жеңеміз.

Бұл жағдай әсіресе, мектеп бітіруші түлектердің асыл арманына, алдағы жоспарына, жарқын болашағына ешқандай кері әсер етпеуі тиіс. Биылғы мектеп бітірушілер әлем тарихындағы ерекше түлектер. Олардың оқуға, ғылым-білімге деген тау­дай талаптарына ешқандай да қиындық қарсы тұра алмайтыны анық. Ендеше, арман қуған түлектеріміздің алар асуы биік болсын.