Коронавирус • 26 Мамыр, 2020

COVID-19: Сегіз мыңнан асса да әлі сенбейтіндер бар

642 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елімізде COVID-19 инфекциясын жұқтырғандардың саны 8531-ге жетті (соңғы мәлімет бойынша 8969 - Ред.). Тіпті 23 мамыр күні бір тәулікте осынау індетті жұқтырған 403 адам анықталып, рекордтық жағдай тіркелді. Ал бұл кезде біздің қоғам әлі «Коронавирус бар ма, жоқ па?» деген мәселені талқылап, әлеуметтік желілер арқылы әртүрлі әңгімелердің өрбуіне себеп болуда. Яғни халық әлі күнге осынау қауіпті індетке сенімсіздікпен қарап, күнделікті тіршіліктің күйбеңімен тәртіп пен тазалықты ұмытып кетіп жатыр.

COVID-19: Сегіз мыңнан асса да әлі сенбейтіндер бар

Жасыратыны жоқ, Төтенше жағ­дай­дың аяқталып, карантин тала­бы­ның жеңілдеуі кейбір өңір­­де коро­на­вирустың күрт өршіп кетуіне алып кел­гендей. 24 мамыр күні қауіпті індет­ті жұқтырған тағы 209 науқас тір­келді. Нақтырақ айтсақ, Алматы қаласында – 37, Қарағанды және Жамбыл облыстарының әрқайсысында – 33, Нұр-Сұлтан қаласында – 32, Батыс Қазақ­стан облысында – 28, Атырауда – 12, сонымен инфекция бас-аяғы 12 облыс пен екі қаланың тұрғындарынан анықталды. Осыған байланысты Батыс Қазақстан облысы карантин мерзімін 15 маусымға дейін, Атырау облысы мен Шымкент қаласы 8 маусымға дейін, Шығыс Қазақстан облысы 1 маусымға дейін созуға мәжбүр болды. Жамбыл облы­сын­да індеттің өсу қарқыны 12,7 па­йызға жеткендіктен бұл аймақта да ка­рантин талаптары қайтадан қатаң­да­тылмақ.

О баста бұл індет жасы үлкен жандар үшін өте қауіпті екені айтылған бо­латын. Сөйтіп кейбір мекемелер жасы 65-тен асқан кісілерді үйде оты­рып жұмыс істеуге жіберді. Бірақ жақында Нұр-Сұлтан қалалық денсаулық сақ­тау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова вирус жұқтыр­ған­дар­­дың 76 пайызы 18 жастан 49 жас аралығындағылар екенін айтты. 16%-ы 50-69 жас шамасындағы кісілер болса, 70 жас­тан асқан қарттар – 2%, ал балалар 6%-ды құрап отыр.

Бұдан Денсаулық сақтау минис­трлі­гінің өкілдері өтірік айт­қан ба деп қалатының анық. Жоқ. COVID-19 инфек­ция­сының қарт кісі­лер үшін өте қауіпті екеніне күмән жоқ. Бұл біз­дің елде 18 жастан 49 жас аралы­ғын­дағылардың тәртіп пен тазалықты көбірек бұза­тынын, содан бұл індеттің құрығына осы жас­та­ғы­лар­дың көбірек ілінетінін аңғартса керек. Мысалы, Қарағанды облысында аурудың 1 жағдайы 18 ошақтың пайда болуына себеп болды. Түркістан облы­сында да 1 пациент 8 ауру ошағын пайда қылып, 20 адамға жұқтырған. Нұр-Сұлтан қаласында бір отба­сын­дағы 5 бірдей адам түгел сырқаттанды. Яғни ауыз­ашар­ға барған пациент ма­ңын­­дағыларға инфекция та­рат­қан. Бір адамның сал­ғырт­тығы бүтіндей бір отба­сы­­ның, бір әулеттің осынау індет­ке шал­дығуына себеп болуда. Сон­дықтан әр адам тәр­тіпті өзі ғана сақ­тамай, жанын­да­ғы­лар­дан да талап етуі тиіс.

Тағы бір айтары, індетті жұқ­тыр­ған­дардың 62 пайызында аурудың белгілері байқалмайды. Денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов: «Вирус жұқ­тырғандардың санының өсуі ха­лық арасында профилактикалық тестт­ің көбейгенімен байланысты. Тест нәти­же­сінде анықталған науқастардың 80-85 пайызы ауырмаған, симптомы жоқ» дейді. Яғни ел тұрғындары «жөтел, дене қызуым жоқ, бо­йымда коро­навирустың еш­қандай белгілері бай­­қал­май­ды» деп арқаны кеңге сал­уы­на болмайды. Кез кел­ген адам инфекцияны таратып жүргенін өзі де біл­меуі мүмкін.

Бұл індетке бейжай қарау­дың сал­дары ғой, блок-бекеттерде тәртіп бұзу әлі күнге тыйылмай келеді. 25 ма­мырда таңғы сағат 05.26-да BMW мар­калы көлігін жүргізуші Алматы облысы Қарасай ауданы Көксай шағын ауданы Қожабеков көшесімен сол­түс­­тік бағытта келе жатып, Жаңа Ғасыр кө­шесінің қиы­лы­с­ында №4 блок­-бе­кетке ба­рып соғылып, инерция­мен патрульдік көлікті барып ұрған. Кө­лік­тегі екі полиция қызметкері қайтыс болды. Арақ ішіп, машина айдаған жүр­гізуші қамауға алынып, сотқа де­йін­гі тергеу басталды.

Полицейлердің біреуі – 42 жастағы аға лейтенант Жарас Жанғазиев алған жарақатынан жедел жәрдем жеткенге дейін қайтыс болды. Ол – Батыс Қа­зақ­стан облысының тумасы, ішкі істер органдарын­да 2001 жылдан бас­тап еңбек еткен. Үй­ленген, артында екі перзенті қалды. Ал 1994 жылы ту­ған по­ли­ция сержанты Дастан Әбдіқанов ауру­ханада қайтыс болды. Үйленген, со­ңында туғанына бір ай болған қызы қал­ды.

Соң­ғы мәліметтерге қара­­ған­­да бұл індеттен жазыл­ған­дар­дың саны 4532-ге жетті.

 

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, EQ

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, EQ