Бұл заңдарда Президенттің Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде айтқан ұсыныстары арнайы нормалар ретінде қамтылды. Соның ішінде партиялық сайлау тізімдерінде әйелдер мен жастар үшін кемінде 30 пайыздық квотаны енгізу бастамасын ерекше атап өтер едім. Әсіресе осы қадам арқылы жастардың саяси белсенділігі арта түседі деп үміттенемін. Өйткені қай кезде де, қай салада да жалындаған жастарға барынша мүмкіндік беріп, олардың ел ісіне араласуына жол ашу керек екені ұдайы айтылып келеді. Мен де мұндай ілкімді бастамаларды іске асыруды қашанда қолдап жүремін.
Өзім жетекшілік ететін «Qazaqstan Team» республикалық қоғамдық жастар бірлестігі еліміздің бірнеше өңірін аралап, жер-жердегі жастармен көптеген кездесу өткізді. Сондай сәттерде жастардың жақсы идеялары бар екенін, біраз нәрсені өзгерткісі келетінін, елдің болашағына бейжай қарамайтынын байқадық. Біздің озық ойлы, білімді, талапты жастарымыз баршылық. Сондықтан елдің сөзі айтылатын мінберлерден жастардың да үні естілуі керек.
Демократияға қарай қарқынды қадам жасалып жатқан кезеңде жастар еліміздің қоғамдық-саяси өмірін жандандыра түсуге өз үлесін қоса алады. Сайлау кезінде партиялар тізімінде жастардың нақты үлесін міндеттеу арқылы олардың саяси белсенділігі күшейе түсетіні анық. Бұған қоса жаңа партияларды тіркеудің де талаптары жеңілдетілді. Алдағы уақытта жастардың саяси өмірде үлкен күшке айналатынына сенемін. Қазақтың «Асыл – тастан, ақыл – жастан» деген дана сөзі бар ғой. Сондықтан жастардың ұтымды ұсыныстары арқылы да біраз ұпайымызды түгендеуге болады.
Асхат САДЫРБАЙ,
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, «Qazaqstan Team» республикалық қоғамдық жастар бірлестігінің жетекшісі