Қатерлі індет жүріп жатқан кезеңде ойын баласының көңілін аулау оңай болмайтын түрі бар. Әзірге білім басқармасы балалардың демалысын екі бағытта ұйымдастыруға әзірлік жасауда.
Биылғы жазғы демалысқа екі бағытта дайындық жасалуда. Біріншісі, дәстүрлі. Яғни, жазғы лагерьлер қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, штаттық режимде жұмыс істемек. Оған дайындық шаралары бүгіннен басталып та кетті.
– Басқа облыстармен салыстырғанда эпидемиологиялық жағдай жаман емес. Бүгінгі күні қала сыртындағы немесе мектеп жанындағы лагерьлерге қабылдау бойынша әзірлік жүргізілуде. Тек Целиноград ауданында ғана ұйымдастыра алмаймыз. Бас санитарлық дәрігердің қаулысында Целиноград ауданының Қосшы және Қоянды ауылдары атап көрсетілген. Ол жерде қосымша білім де өткізілмейді,–дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ботагөз Дүйсенова.
Яғни, өңірдің эпидемиологиялық жағдайы тұрақты болса, маусымның 15-інен қала сыртындағы 20 лагерь мен мектеп жанындағы 450 лагерь және қосымша 300 алаң балаларды қабылдай бастайды.