Бұл әңгімеге облыстағы «Нұрқазған» кенішінің қызметкерлері арасында коронавирус инфекциясының бой бермей өршуі себеп болды. Аталған жағдайға қатты алаңдаған облыс басшылығы кәсіпорындар басшыларынан санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың сақталуын мұқият қадағалауды талап етті.
Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек «Нұрқазған» кенішіндегі өкінішті жағдайдың басқа өнеркәсіптік кәсіпорындарда қайталанбау керектігіне баса мән берді
– Сіздер кеніштегі жағдайдың санаулы күн ішінде бүкіл облыстағы жалпы аурушаңдық ахуалды қиындатып жібергенін көрдіңіздер. Қазір кеніштегі жұмыс тоқтатылған, бірақ бізде жұмысын тоқтатуға болмайтын кәсіпорындар бар. Сондықтан, санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың сақталуын мұқият қадағалау керек. Денсаулық сақтау басқармасы мен бас санитарлық дәрігер беретін ұсыныстарды ескеру қажет, – деді ол.
Қазіргі таңда өңірдегі барлық кәсіпорындар күшейтілген санитарлық тәртіпке көшкен. Қызметкерлерді маскалармен және қолғаптармен қамтамасыз ету, үй-жайларды антисептикалық ерітінділермен өңдеу, жеке заттарға арналған шкафтарды олардың арасындағы қашықтық кемінде бір жарым метр болатындай етіп орналастыру сияқты талаптарды бұлжытпай орындау қатаң түрде қадағаланады. Зауыттардағы ас блоктары да басқаша жұмыс істей бастады. Адамдар кезекті қалыптастырмау үшін өзіне-өзі қызмет көрсету режімін алып тасталынды. Кейбір мекемелерде асханада түскі ас ланчбокспен алмастырылды.
Ауысым басталар алдында өңірдің барлық кәсіпорындарында қызметкерлердің температурасы өлшенеді. Бұл талаптар мердігерлерге де қатысты. Мысалы, ГРЭС-Топарда олардан коронавирус инфекциясына тексерілу үшін ПТР-талдаудан өту талап етіледі.
«ГРЭС-Топар» ЖШС директоры Евгений Никитин резервтік жоспар ретінде казармалық режімге көшуді қарастырып жатқандарын баяндады.
– Бізге жұмысты қандай жағдайда да тоқтатуға болмайды. Сондықтан, қажеттілік туындаса, қызметкерлер жұмыстан соң үйлеріне қайтпай, арнайы қарастырылған үй-жайларға орналастырылатын болады. Мұндай шаралар инфекцияның таралуын тоқтатуға және байланысушылар санын қысқартуға көмектеседі, – деді ол.
Қазіргі таңда кәсіпорын басшылары қызметкерлерін КВИ-ға тестілеуге ерекше көңіл бөле бастады. Мысалы, «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы ПТР-талдау жүргізу үшін «Олимп» клиникалық-диагностикалық зертханасымен шарт жасасқан.
– Қазір біз үшін ерекше мәселе – қызметкерлердің жұмыс орындарына келуін, олардың шахтаға кетуін және түсуін бақылау. Атап айтқанда, бұл әлеуметтік қашықтықты сақтау, маскалық режім, көлік пен үй-жайларды дезинфекциялау. Мұның бәрі бізде сақталады, дегенмен қызметкерлерге үнемі бақылау мен нұсқау жасап отыру қажет, – деді «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің директоры Андрей Черномаз.
Жеңіс Қасымбек онлайн-жиын барысында мамандардың болжамы бойынша, індеттің қайталануы елімізде осы жылдың қыркүйек-қазан айларында болуы мүмкін екенін тілге тиек етті. «Яғни, мұндай жағдай жұмыс жоспарын қайта құруды талап етеді», деп атап өтті ол.
Жиын соңында Жеңіс Қасымбек Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысына міндетті медициналық сақтандыру қорынан қала құраушы кәсіпорындардың қызметкерлері үшін COVID-19 скринингтерін қаржыландыру мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.
Қарағанды облысы