Қоғам • 26 Мамыр, 2020

Қыздар университеті балалар үйіне барды

659 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ораза айт мерекесі қарсаңында Алматыдағы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Өнер және мәдениет факультеті игілікті іске ұйытқы болды. Факультет ұжымы №1 Алматы облыстық балалар үйінің тәрбиеленушілеріне көркем әдебиеттер табыстап, мекеме аумағында Wi-Fi тегін интернет желісін орнатты.

Қыздар университеті балалар үйіне барды

Бағанашыл ықшам ауданында орналасқан балалар үйінде бүгінде 100-ден астам жеткіншек тәрбиеленеді. Мекеме директоры Гүлмира Қондыбаеваның айтуынша, жастайынан тағдырдың талайлы тәлкегіне түскен жасөспірімдердің саны жыл өткен сайын азаюда. Бір жағынан бұл жетімдерді асырап алуға ниетті адамдар санының артуымен да байланысты екен.

– Қазіргі күнде мемлекет тарапынан ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға, жетімдерге барынша назар аударылып отыр. Атап айтқанда, олар тегін тамақпен, баспанамен, әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етілген.  Сонымен қатар балалар үйіне Қамқорлық кеңесі де әрдайым көмек көрсетіп келеді. Десек те, қандай да бір материалдық жағдай ата-ана мейірімі мен махаббатын бере алмасы анық. Сондықтан да біз мүмкіндігімізше балалар үшін екінші ана болуға тырысамыз, – дейді Гүлмира Қондыбаева.

Өз кезегінде Қыздар университетінің Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімінің жетекшісі Жандар Асан оқу орны тарапынан осы тақілеттес ізгі істер жалғаса беретін атап өтті.

– Ата-анасының тәрбиесін көріп, сезіне алмаған бала мен толыққанды отбасындағы жеткіншектің бойында айырмашылықтың болуы заңдылық сияқты. Қалай болғанда да тағдыр теперішін көрген балалардың жай-күйіне қарасу, қолдау көрсету – парыз іспеттес. Осыны әрбір адам жан-тәнімен сезіне білсе ізгілікке негізделген қоғам қалыптастырудың алғышарты болар еді, – деді Жандар Асан.

Ал Музыкалық білім берудің териясы мен әдістемесі кафедрасының меңгерушісі Дидар Ахметжанова ұрпақ тәрбиесі, ұлттық салт-дәстүрлер, жастарды ұлтжандылыққа баулитын әдебиеттерді мекеме басшысына табыстап, балалардың өмірде өз орындарын табуға ниеттес екендігін жеткізді. Сонымен қатар кездесу барысында университет туралы да кеңінен ақпарат берілді.

Балалар үйінің директоры Гүлмира Қондыбаева парасат мектебі атанған ұлағат ұясының қайырымды іске мұрындық болғаны үшін алғысын білдіріп, ризашылығын жеткізді.

1

АЛМАТЫ