Қоғам • 26 Мамыр, 2020

«Өркендеу» жобасы – бабалардың өмірлік мектебі

1652 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Ұлттық тәрбие – құндылық бастауы» тақырыбында республикалық жиын өтті, деп хабарлады ҚызПУ-дың қоғаммен байланыс қызметі.

«Өркендеу» жобасы – бабалардың өмірлік мектебі

Бұған дейін оқу орнында «Өркендеу» жобасы қолға алынған болатын. Мақсат – жас ұрпақтың бойында отбасылық құндылықтарды қалыптастыру және оны дамыту. Жоба шеңберінде «Ата мектебі», «Әже мектебі», «Әке мектебі», «Ана мектебі», «Аға мектебі» және «Жеңге мектебі» сынды тәрбие мектептері құрылып, бүгінде олар еліміздің мектептерінде бірнеше бағыт бойынша жұмыс істеуде.

Онлайн форматта ұйымдастырылған семинар барысында аталған бастама аясында атқарылған істердің нәтижелері екшеліп, алдағы жоспары талқыланды. Екі бөлімнен тұрған жиынның алғашқы кезеңінде «Өркендеу» жобасының маңызы айтылды.

Онда Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры, аталған жобаның ғылыми кеңесшісі Дихан Қамзабекұлы, аталмыш жоғары оқу орнының профессоры Қадиша Қадырқызы, Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының аға ғылыми қызметкері Болат Бақытбекұлы, «Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының төрайымы Динара Тайбасарқызы, Қыздар университетінің Өнер және мәдениет факультетінің деканы Сараш Қоңырбаева, Білім беруді жаңғырту орталығының инновация бөлімінің басшысы Роза Ақпанқызы, Нұр-Сұлтан қалалық жастар саясаты басқармасының басшысы Дәулет Кәрібек, «Nur Otan»партиясының «Jas Otan»жастар қанаты төрағасының кеңесшісі Ания Мейірқызы және ҚызПУ-дың «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің үйлестірушісі Гаухар Байташова тақырып төңірегінде пікір алмасты.

Ал екінші бөлімде Алматы облысындағы мектеп директорлары мен мұғалімдері жобаның алғашқы нәтижелерін сарапқа салып, баяндамалар жасады. Сонымен қатар онлайн басқосуға мектеп оқушылары да қатысып, сынып деңгейінде «Өркендеу» жобасының жүзеге асырылуы турасында өз ойларымен бөлісті. Атап айтқанда, Нұр-Сұлтан қаласындағы № 68 мектеп-гимназиясының 7-сынып оқушысы Карина Жолдасқалиева бұл бастаманың жастар арасында ұлттық құндылықтарды әспеттеуге һәм дәріптеуге тигізіп отырған үлесін әңгімеледі.

– «Өркендеудің» басты мақсаты – өскелең ұрпаққа бала тәрбиесіндегі ата-ананың алатын орнының ерекше екендігін жете ұғындыру, жанұядағы ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты нығайту және отбасы мүшелері арасындағы қайырымдылық, бауырмалдық сынды құндылықтарды қалыптастыру. Білім ұяларында ұйымдастырылған тәрбие мектептері озық салт-дәстүрді талдап түсіндіріп және оны дәріптеуді үйретудің алғашқы баспалдағының қалануына негіз болды. Бастама отбасы институтындағы тәрбиені бүгінгі мектеп тәрбиесімен ұштастыра жолға қойды деп толық сеніммен айта аламыз. Тәрбие бастауы мектептен бастау алатындығын ескеретін болсақ, бұл шара өз жемісін береді деген ойдамыз, – дейді Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Жандар Асан.

Оның айтуынша, бұған дейін жоба еліміздің бірнеше өңіріндегі мектептерде таныстырылған болатын.

Сондай-ақ білім ұяларында Қыздар университетінің оқытушыларының қатысуымен «Ұлы бабалардан тағылым» атты тарихи-танымдық шаралар сериясы да ұйымдастырылды. Атап айтқанда, мектептерде «Ата мектебі» және «Әке мектебі» бағыттары бойынша «Ұл тәрбиесі – ұлт тәрбиесі», «Әкешім – асқар тауым», «Әже мектебі» бағыты бойынша «Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі», «Туған жер» бағыты бойынша «Отан менің кіші отбасым», «Әже мектебі», «Ана мектебі» бағыттары бойынша «Жеңгеммен өткізген бір күнім» тақырыбындағы тәрбие сабақтары және «Зерде» бағыты бойынша «Өнеге отбасынан басталады» атты интеллектуалды байқаулар да өткен болатын.

Айта кетейік, «Ұлттық тәрбие – құндылық бастауы» тақырыбындағы республикалық семинар «Jas Otan»Жастар қанаты, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Республикалық «Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы мен «Алдаспан» Қорының ұйытқы болуымен ұйымдастырылды.

 

АЛМАТЫ