Қала ішінде орналасқан жасыл белдеу мемлекеттік орман қорына жатпайды. Өрт қаупі кезеңі басталғалы мобильді топ қызмет етуде. Тәулік бойы байланыс және өрт сөндіру құралдарымен қамтамасыз етілген 40 орманшы 10 күзет мұнарасы (ұзындығы 12-18 метр) қойылған 6 бағыт бойынша кезекшілік атқарады.
Қала аудандары бойынша коммуналдық ұйымдардың ұйымдастыруымен жылжымалы бақылау бекеттер орнатылды («Жасыл-Аймақ» РММ, «Астана-Зеленстрой» АҚ, «Астана-Тазалық» ЖШС). Сондай-ақ қаланың периметрі бойынша ашық аудандарда өрттің уақтылы анықталуы үшін, 4 биік ғимаратта 32 бейнебақылау камерасы орнатылды. Камералар жедел басқару орталығын нысанға алды.
«2020 жылдың 26 мамырына дейін төтенше жағдай департаменті Нұр-Сұлтан қаласы аумағында 49 рет құрғақ шөптер мен қамыстарды сөндіру шарасын жүргізді. 2020 жылы өртенген аумақ көлемі – 10 631 ш.м. (2019 жылы – 20 325 ш.м.) болды. Биыл жұмысқа 379 адам және 72 техника жұмылдырылды. Жасыл белдеудің орман алқаптарында өрт шығу фактісі тіркелмеді», – деді Төтенше жағдай департаменті өкілдері.
Елордадағы жасыл белдеудің жалпы ауданы – 14,8 мың гектар. Оның ішінде 11,5 мың гектары – орман алқаптары, жапырақты ағаштардың үлесі – 98,2%, қылқан жапырақтылар – 1,8%-ды құрайды.