Қоғам • 27 Мамыр, 2020

Жер көп, жайылым жоқ

825 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Облыста 10 миллион 802 мың гектар ауылшаруашылық жері бар. Осыншама территория тиімді пайдаланылып отыр ма? Өткен жылы 1,5 миллион гектар алқаптың бос жатқаны анықталды. 234 мың гектар жыртылған жер қурай өсіп, құлазып жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық кеңестің отырысында «Жерді игере алатын адам ғана оның иесі болуға лайық» деп атап көрсеткен болатын.

Жер көп, жайылым жоқ

Бүгінде жердің тиімсіз пай­да­ланылып жатқанын анық­тау өте қиын. Сондықтан ел Прези­ден­тінің пікірінде айтылғандай, ауыл шаруашылығы жерін пайдалануды мемлекеттік бақы­лау заманауи технологиялар арқылы жүргізілгені абзал. Шынында да ғарыш­тық суреттер меншігіне алған ұлан-ға­йыр жерін кәдеге асырмай, не өзіне, не елге пайда әкелмей отырған жер ие­сі­мен шартты бұзуға мүмкіндік берер еді.

Бір кезде егін егіп, ауыл тұр­ғын­дарының сауатсыздығы салдарынан жерді кепілге қойып, несие алу мысалы аз емес. Ел ішіндегі жер дауы көбіне осындай заң аясында жұмыс істемегендіктен, мәселенің оң-терісін әріден ой­лас­тырмағандықтан туындайды. Тәуелсіздіктің ал­ғаш­қы жылдары кеңшарлар мен ұжымшарлар тара­тылған соң өз алдына ша­руа­шылық құрып, егін шаруа­шылығымен айналысуға ұмтылғандар көп болды. Азын-аулақ жерге ие болғандар да солар. Бірақ көктен тілегені жерден өн­бей, жүздің бірі ғана өтпелі кезеңнің өкпек желіне шыдап қалды. Қалғандары бұл тараптан бәтуалы нәтиже шығара алмаған соң тарап кетті. Әрине оларды кінәлаудан аулақпыз. Солтүстік өңірде егін шаруашылығы тәуе­келді іс. Егін мол шыққан жылы бидай бағасы арзан болып, қуаң­шылық жылдары астық бағасы қымбат болғанымен – қамбаға түскен бидайы аз болып шаруашылығын қожыратып алғандар көп. Кейін банкте кепілдікте тұрған жерді не ауыл тұрғындары, не бұрынғы иесі пайдалана алмай, ақыр аяғында арамшөп басып кетті. Бұл бір күрмеуі қиын жай болып тұр.

Ауыл шаруашылығы жер­лерін тиімді пайдалану өте маңызды. Пандемиядан кейін елді азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесі өткірлене түсуі де мүмкін. Сондықтан ата-бабамыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен кейінгі ұрпағына мұра етіп қалдырған Жер-Ананың ырысын толайым ала білсекші. Нағыз байлық, ел ырысы осында. Солтүстік өңірдің жері құнарлы екені әлмисақтан мәлім. Тек сол жердің пайдасын түгел көре алмай отырғанымыз өте өкінішті.

– Бос жатқан жерлер облыс бойынша анықталғаннан кейін аудандық әкімдіктер бұл тараптағы жұмысын сәл жетіл­діре түсті, – дейді облыстық жерді пайдалану мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Ерғали Шорин. – Әйтсе де әлі оралымсыздықтың орны ойсырап тұр. Пайдаланылмайтын жерлер­ді мемлекетке қайтару, оны айналымға жіберу жұ­мыс­тарын әлі де ширата түсу қажет.

Бұл орайда Атбасар, Цели­но­град, Бурабай аудандары мен Степногор қаласында ха­лыққа бос жатқан жерлерді иге­ру бойынша жүргізілген тү­сін­діру жұмыстары біршама оң нәтиже берген. Қазіргі таңда бірқатар ауданда бос жатқан жерлерді анықтау бойынша қолға алынған жұмыс веб-портал арқылы жүргізілуде. Дегенмен, жердің тиімді игерілуіне тексеріс жүргізуге жарияланған мораторий ғана қолбайлау болып отыр.

Жер қатынастары саласында ауыл шаруашылығы алқап­тарын есепке алу, жерді халық­қа жеке мақсаттарына пайда­лануға беруге ерекше көңіл бөлінуде. Бұл жай Мемлекет басшысының да бақылауында екендігін екпін түсіріп айта кеткен ләзім. Мәселен, облыста ауыл шаруашылығы мақсатында 11 миллионға жуық жер бар екенін айттық. Соның ішінде бүгінгі күні 10 миллион 356 мың гектары ғана Qoldau.kz порталында есепке алыныпты. Бұл нені білдіреді? Бос жатқан, игерілмеген жерлер әлі де бар деген сөз емес пе?

 Енді мына бір қисынсыз жайға көңіл аударып көрелік. Осыншама алқап тусырап бос жатқанда қолындағы азын-аулақ мал сүмесімен күн көріп отырған жергілікті халық үшін пайдаланылатын жайылымдық және шабындық жер жоқтың қасы. Облыстағы 617 ауылдық жердің 459-ында мал жаюға арналған жайылым жоқ десе де болады. Сонда ауыл тұрғындары қайтып күн көрмек? Мал өнімдерін өткізе алмай, бейнетін көргенімен, зейнетіне қолы жетпей отырған малсақ қауым қайтпек? Мұндай келеңсіздік неден туындап отыр? Барлық жерде орын алып отырған келеңсіз көрініс мынандай. Ауылдық аймақтардағы бос жатқан жерлерді белгілі бір адамдар кәсіп бастамақшы болып алып, өздерінің атына түсіргеннен кейін әлдебір себептермен жұмыстары жүрмей қалған. Енді ол жерде не шөп шабылмайды, не мал бағылмайды. Ешбір пайдасы жоқ жер иелену­шілердің меншігіндегі жерді егер бірнеше жыл бойы кәдеге асыра алмай келе жатса, мемлекеттің меншігіне неге қайтарып алмасқа.

Сондай-ақ ел Президенті «Жер­ді игермегені үшін базалық салық­тық мөлшерлемені оннан жиырма есеге дейін ұлғайту керек деп есептеймін. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы жерін екі жылдан астам уақыт бойы пай­д­алан­бағаны үшін жерді алу қажет­ті­лігі бар. Сонымен бірге жерді сот арқылы алып қоюдың тиімді жә­не жедел тетіктерін қарастыру ма­ңызды. Игерілмей жатқан жер те­лімін қайтарып алу кезінде істі соз­баламға салудың түрлі амал-айласы өкінішке орай орын алады», деген болатын. Шынтуайтында тек­ке жатқан жер, кәдеге аспай жат­қан байлық – ел игілігі емес пе?!

Бұл пікір өткен жылы айтыл­ған болатын. Енді мына бір дерекке көңіл аударыңыз. 2019 жылы облыстық прокуратура тексеру жүргізген кезде анықтаған бір жарым миллион гектар жердің 764,3 мың гектары ғана қайтадан пайдаланыла бастады. Оның өзінде де 603 мың гектары мал жайылымы есебінде.

Жайылым ауқымы кеңейсе, ауыл тұрғындары мал басын көбейтер еді. Оның арғы жағында тағы бір сойылдай мәселе бар. Егер ауыл халқы төрт түлігін төлінен өсіріп, басын көбейтіп, өнімін молайтса ешкімге қол жаймас еді. Оңынан оңғарылған шаруа азық-түлік қауіпсіздігіне де тәп-тәуір ықпал етпей ме?

– Зеренді аудан орталығы бол­ғандықтан мал жайылымы қашан­нан бар мәселе, – дей­ді ауыл тұрғыны Қанат Әл­жапаров. – Жол бойында баға ал­май­сыз, демалыс аймақтарына кір­гізбей­ді. Егер шабындық жер болса, жа­йы­лымнан таршылық көр­месек, мал бағуға әбден болар еді. Қазір тұрғындардың көп­ші­лігі дүкендерде сатылатын ұн­тақ сүтті ішіп жүр. Егер әр от­басы бірер сиыр ұстауға мүм­кін­дік алса, экологиялық жағы­нан таза аққа қарық болар еді, сүт өнім­дері де молаяр еді. Әт­тең, осы мәселе шешімін таппай тұр. Жер-Ананың игілігін ұқыпты әрі тиім­ді пай­далансақ, Алаштың ақ дастар­қа­ны адал дәмнен қайысып тұрар еді.

 

Ақмола облысы