Коронавирус • 27 Мамыр, 2020

Науқастардың 40 пайызы – 30 жасқа дейінгі жастар

196 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кеше Президент жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде онлайн-брифинг өткізген Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов төтенше жағдай кезінде атқарылған жұмыстарға тоқталып, пандемияға қарсы қабылданған шараларды таныстырды.

Науқастардың 40 пайызы – 30 жасқа дейінгі жастар

Бас қаладағы коронавирустық инфек­ция бойынша ағымдағы жағдайға тоқтал­ған Алтай Көлгінов: «Елордада вирус жұқ­тырған 1686 науқас тіркелді. 835 пациент немесе 51 пайыздан астам азамат емде­ліп шықты. Қалғандары әлі карантинде. Өкінішке қарай, 5 адам қайтыс болды. Қазіргі кезде күнделікті өсім статис­ти­касы 2-4 пайызды құрайды. Науқас аза­маттардың 40 пайызы – 30 жасқа дейінгі жастар, ал 35 пайызы – 30 жастан 50 жасқа дейінгі азаматтар. Яғни осы статис­тикаға жүгінетін болсақ, коронавирус жас талғамайды. Сондықтан барлығымыз бірдей сақтануымыз керек», деді.

Басты міндет – науқастарды дер кезінде анықтау

Коронавирус жұқтырғандарды дер кезінде анықтау мақсатында тестілеудің көлемі ұлғайтылды. Қазір күніне 3 мың­нан астам адамға тестілеу жүргізілуде. «Тө­тенше жағдай басталған алғашқы күн­дерде қалада бір ғана зертхана жұмыс істеген болса, қазір бесеуге дейін жетті. Ал­дағы уақытта тағы үш зертхана ашамыз. Бүгінге дейін 118 мың тестілеу жүргізілді. Зертхана ашуға меценаттар да көмектесіп жатыр. Мысалы, Болат Өте­мұратовтың қоры 2 млн долларға қаламызға зертхана алып беруде. Нұр­лан Смағұловтың көмегімен біздің емха­налардың барлығына тепловизор орнатылды және ауруханаларға қажетті медициналық құрал-жабдықтар алынды», деді шаһар басшысы. 

Әкімнің айтуынша, қазір қаладағы емханалардың симптомы бар науқастарды қабылдау тәртібі өзгерген. «Президенттің тапсырмасына сәйкес бірқатар іс-шара­ларды қабылдадық. Індет басталған кезде пнев­мония немесе ЖРВИ сияқты басқа да ауру белгілері бар азаматтардың барлығы ауру­ханаларға жеткізілді. Тәжірибе көрсет­кендей, бұл дәрігерлерге қауіп төндірді. Сондықтан біз пневмония диаг­нозы бар азаматтарға тек қана темір жол ау­ру­ханасын белгілесек, ЖРВИ немесе басқа да симптомы бар науқастарды тек №2 емхана қабылдады. Ал төтенше жағ­дай біткеннен кейін қаладағы барлық 14 ем­ханада арнайы бөлек есік ашып, мұн­дай азаматтарды арнайы дәрігерлер қабыл­дайды. Бұл шаралар арқылы 150-ге жуық вирус жұқтырған адамның басқа ауруха­наларға баруына жол бермедік. Яғни біз дәрі­герлерді және басқа да тұрғындарды қауіптен сақтап қалдық. Вирус анықталған азаматтар емделіп шықты», деді қала басшысы.

4 мыңға жуық медицина қызметкеріне үстемеақы берілді

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елордадағы алдыңғы шепте қызмет атқарған 4 мыңға жуық медицина қызметкеріне ел қазынасынан бөлінген 1 жарым млрд теңге қаражат сыйақы және жәрдемақы ретінде үлестірілген. Бұдан бөлек меценаттар мен кәсіпкерлердің көмегінің арқасында төтенше жағдай кезінде 700-ге жуық медицина қызметкері ең заманауи қонақүйлерге орналастырылды. Бұл дәрігерлерді ғана емес, басқа да азаматтарды қауіптен сақтағанын айтқан әкім қолұшын созған қайырымды жандарға қала тұрғындарының атынан ризашылығын білдірді. Ал бас қалада қысқа мерзімде салынған 250 орындық жаңа инфекциялық ауруханадан вирус жұқтырған 150 кісі емделіп шықса, өзгелері емін жалғастыруда.

Төтенше жағдай кезінде елорда тұр­ғындарына көрсетілген әлеуметтік көмек­терге тоқталған әкім: «Сәуір айында 270 мың адам 42500 теңгеден жәрдемақы алса, ал мамыр айында қосымша 130 мыңнан астам азамат осындай қолдауға ие болды. Тұтастай алғанда мемлекеттік бюджеттен 20 млрд теңге тек осы мақсатқа бөлінді. Елбасының Үндеуіне сәйкес Nur Otan партиясымен бірге «#BizBirgemiz» акциясында біздің меценаттар, кәсіпкерлер және басқа да жанашыр азаматтар үлкен қолдау көрсетті. Мысалы, 43 мың аз қамтылған қала тұрғынының есепшотына 50 мың теңгеден көмек қаражат түсті. Бұған
2 млрд 100 млн теңгеден астам қаражат жұм­салды. Бұл бюджеттен тыс қаражат. Соны­мен бірге 34 мың отбасыға азық-түлік кө­мегі берілді. Бұған да бюджеттен тыс 1 млрд теңгеге жуық ақша жұмсалды. Мемле­кеттік әлеуметтік көмекті 4 жарым мың аз қам­тылған отбасының баласы алды. Ал атаулы әлеуметтік көмек 3 жарым мың отбасыға берілді», деді.

 Балабақшалар әзірге толық ашылмайды

«Екеуі де жұмыс істейтін және бала­ларын үйде қалдырып кетуге мүмкін­дігі жоқ ата-аналардың өтінішімен бала­бақ­шаларда кезекші топтар аштық. Бір топта 15 балаға дейін рұқсат бердік. Жал­пы қаладағы балабақшаларда 55 мыңнан астам бала болатын болса, қазір бала­бақшаға тек 3 мыңнан астам сәби баруда. Сондықтан эпидемиялық жағдайға байла­­нысты балабақшаларды 1 маусымнан бас­тап толық ашуды көздемейміз. Соны­мен қатар жазғы лагерьлердің жұмысы да әзірге басталмайды. Бұл мәселе бо­йынша маусым айының ортасында қосым­ша мәлімет береміз», деді қала бас­шысы.

Сондай-ақ тәрбиешілерді тестімен тек­­серу оңайға соқпайтынын атап өтті. «Ел­ор­дада 6 мыңнан астам тәрбиеші бар. Олар­дың барлығын бірден тестіден өткізу үл­­кен салмақ болады. Балаларда немесе тәр­­бие­ші­лерде қандай да бір симптом байқалса бірден дәрігерге жіберіледі», деді ол.

Карантин ережелерін бұзғандар төтенше жағдай басталғаннан бері бай­қалуда. Яғни, осы уақыт ішінде 5 мыңнан астам азаматқа айыппұл салынып, 300-ге жуық елордалық тұрғын әкімшілік жазаға тартылған. Ал мыңға жуық адамға ескерту берілген.

 Мақсат – жаппай жазалау емес

«Біздің мақсатымыз – жаппай жазалау емес, қайта азаматтарға түсіндіру. Бұл әрқайсымыздың өмірге деген көз­қарасымызға, денсаулыққа деген жауапкершілігімізге байланысты. Өйтке­ні әрбір азаматқа бірден тәртіп сақшы­сын қоя алмаймыз. Тек қоғам болып сақ­тан­ғанда ғана індетті жеңеміз», деді А.Көл­гі­нов.

Өткен аптадан бастап мегаполистегі ірі сауда орталықтарының жұмысы жандана бастады. Мұнда қажеттілік пен жұмыстың жалғасуын қамтамасыз ету көзделгенін айтқан әкім санитарлық нормалардың сақталуына әрбір сауда орталығының басшысы жауап беретінін атап өтті. «Азық-түлік базарларына әу бастан рұқсат еткенбіз. Алгоритмге сәйкес, ірі сауда орталықтарына да рұқсат берілді. Бірақ ол жерде санитарлық талаптар толықтай сақталуы керек. Бұған сол мекемелердің басшылары тіке­лей жауап береді. Оларға күнделікті мо­ни­торинг жасалып жатыр. Әрине қауіп бар. Соған қарамастан сауда орталықтары тұрғындардың жұмыс жүр­гізуі мен қажеттілігі үшін ашылып отыр. Бірақ маска тағып, анисептик қолдану міндеттеледі. Егер мекеме басшысы санитарлық талаптарды сақтамаса, жекелеген адамдар қоғамдық ортада мас­касыз жүретін болса тиісті жазаға тартылады», деді ол.