Бас қаладағы коронавирустық инфекция бойынша ағымдағы жағдайға тоқталған Алтай Көлгінов: «Елордада вирус жұқтырған 1686 науқас тіркелді. 835 пациент немесе 51 пайыздан астам азамат емделіп шықты. Қалғандары әлі карантинде. Өкінішке қарай, 5 адам қайтыс болды. Қазіргі кезде күнделікті өсім статистикасы 2-4 пайызды құрайды. Науқас азаматтардың 40 пайызы – 30 жасқа дейінгі жастар, ал 35 пайызы – 30 жастан 50 жасқа дейінгі азаматтар. Яғни осы статистикаға жүгінетін болсақ, коронавирус жас талғамайды. Сондықтан барлығымыз бірдей сақтануымыз керек», деді.
Басты міндет – науқастарды дер кезінде анықтау
Коронавирус жұқтырғандарды дер кезінде анықтау мақсатында тестілеудің көлемі ұлғайтылды. Қазір күніне 3 мыңнан астам адамға тестілеу жүргізілуде. «Төтенше жағдай басталған алғашқы күндерде қалада бір ғана зертхана жұмыс істеген болса, қазір бесеуге дейін жетті. Алдағы уақытта тағы үш зертхана ашамыз. Бүгінге дейін 118 мың тестілеу жүргізілді. Зертхана ашуға меценаттар да көмектесіп жатыр. Мысалы, Болат Өтемұратовтың қоры 2 млн долларға қаламызға зертхана алып беруде. Нұрлан Смағұловтың көмегімен біздің емханалардың барлығына тепловизор орнатылды және ауруханаларға қажетті медициналық құрал-жабдықтар алынды», деді шаһар басшысы.
Әкімнің айтуынша, қазір қаладағы емханалардың симптомы бар науқастарды қабылдау тәртібі өзгерген. «Президенттің тапсырмасына сәйкес бірқатар іс-шараларды қабылдадық. Індет басталған кезде пневмония немесе ЖРВИ сияқты басқа да ауру белгілері бар азаматтардың барлығы ауруханаларға жеткізілді. Тәжірибе көрсеткендей, бұл дәрігерлерге қауіп төндірді. Сондықтан біз пневмония диагнозы бар азаматтарға тек қана темір жол ауруханасын белгілесек, ЖРВИ немесе басқа да симптомы бар науқастарды тек №2 емхана қабылдады. Ал төтенше жағдай біткеннен кейін қаладағы барлық 14 емханада арнайы бөлек есік ашып, мұндай азаматтарды арнайы дәрігерлер қабылдайды. Бұл шаралар арқылы 150-ге жуық вирус жұқтырған адамның басқа ауруханаларға баруына жол бермедік. Яғни біз дәрігерлерді және басқа да тұрғындарды қауіптен сақтап қалдық. Вирус анықталған азаматтар емделіп шықты», деді қала басшысы.
4 мыңға жуық медицина қызметкеріне үстемеақы берілді
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елордадағы алдыңғы шепте қызмет атқарған 4 мыңға жуық медицина қызметкеріне ел қазынасынан бөлінген 1 жарым млрд теңге қаражат сыйақы және жәрдемақы ретінде үлестірілген. Бұдан бөлек меценаттар мен кәсіпкерлердің көмегінің арқасында төтенше жағдай кезінде 700-ге жуық медицина қызметкері ең заманауи қонақүйлерге орналастырылды. Бұл дәрігерлерді ғана емес, басқа да азаматтарды қауіптен сақтағанын айтқан әкім қолұшын созған қайырымды жандарға қала тұрғындарының атынан ризашылығын білдірді. Ал бас қалада қысқа мерзімде салынған 250 орындық жаңа инфекциялық ауруханадан вирус жұқтырған 150 кісі емделіп шықса, өзгелері емін жалғастыруда.
Төтенше жағдай кезінде елорда тұрғындарына көрсетілген әлеуметтік көмектерге тоқталған әкім: «Сәуір айында 270 мың адам 42500 теңгеден жәрдемақы алса, ал мамыр айында қосымша 130 мыңнан астам азамат осындай қолдауға ие болды. Тұтастай алғанда мемлекеттік бюджеттен 20 млрд теңге тек осы мақсатқа бөлінді. Елбасының Үндеуіне сәйкес Nur Otan партиясымен бірге «#BizBirgemiz» акциясында біздің меценаттар, кәсіпкерлер және басқа да жанашыр азаматтар үлкен қолдау көрсетті. Мысалы, 43 мың аз қамтылған қала тұрғынының есепшотына 50 мың теңгеден көмек қаражат түсті. Бұған
2 млрд 100 млн теңгеден астам қаражат жұмсалды. Бұл бюджеттен тыс қаражат. Сонымен бірге 34 мың отбасыға азық-түлік көмегі берілді. Бұған да бюджеттен тыс 1 млрд теңгеге жуық ақша жұмсалды. Мемлекеттік әлеуметтік көмекті 4 жарым мың аз қамтылған отбасының баласы алды. Ал атаулы әлеуметтік көмек 3 жарым мың отбасыға берілді», деді.
Балабақшалар әзірге толық ашылмайды
«Екеуі де жұмыс істейтін және балаларын үйде қалдырып кетуге мүмкіндігі жоқ ата-аналардың өтінішімен балабақшаларда кезекші топтар аштық. Бір топта 15 балаға дейін рұқсат бердік. Жалпы қаладағы балабақшаларда 55 мыңнан астам бала болатын болса, қазір балабақшаға тек 3 мыңнан астам сәби баруда. Сондықтан эпидемиялық жағдайға байланысты балабақшаларды 1 маусымнан бастап толық ашуды көздемейміз. Сонымен қатар жазғы лагерьлердің жұмысы да әзірге басталмайды. Бұл мәселе бойынша маусым айының ортасында қосымша мәлімет береміз», деді қала басшысы.
Сондай-ақ тәрбиешілерді тестімен тексеру оңайға соқпайтынын атап өтті. «Елордада 6 мыңнан астам тәрбиеші бар. Олардың барлығын бірден тестіден өткізу үлкен салмақ болады. Балаларда немесе тәрбиешілерде қандай да бір симптом байқалса бірден дәрігерге жіберіледі», деді ол.
Карантин ережелерін бұзғандар төтенше жағдай басталғаннан бері байқалуда. Яғни, осы уақыт ішінде 5 мыңнан астам азаматқа айыппұл салынып, 300-ге жуық елордалық тұрғын әкімшілік жазаға тартылған. Ал мыңға жуық адамға ескерту берілген.
Мақсат – жаппай жазалау емес
«Біздің мақсатымыз – жаппай жазалау емес, қайта азаматтарға түсіндіру. Бұл әрқайсымыздың өмірге деген көзқарасымызға, денсаулыққа деген жауапкершілігімізге байланысты. Өйткені әрбір азаматқа бірден тәртіп сақшысын қоя алмаймыз. Тек қоғам болып сақтанғанда ғана індетті жеңеміз», деді А.Көлгінов.
Өткен аптадан бастап мегаполистегі ірі сауда орталықтарының жұмысы жандана бастады. Мұнда қажеттілік пен жұмыстың жалғасуын қамтамасыз ету көзделгенін айтқан әкім санитарлық нормалардың сақталуына әрбір сауда орталығының басшысы жауап беретінін атап өтті. «Азық-түлік базарларына әу бастан рұқсат еткенбіз. Алгоритмге сәйкес, ірі сауда орталықтарына да рұқсат берілді. Бірақ ол жерде санитарлық талаптар толықтай сақталуы керек. Бұған сол мекемелердің басшылары тікелей жауап береді. Оларға күнделікті мониторинг жасалып жатыр. Әрине қауіп бар. Соған қарамастан сауда орталықтары тұрғындардың жұмыс жүргізуі мен қажеттілігі үшін ашылып отыр. Бірақ маска тағып, анисептик қолдану міндеттеледі. Егер мекеме басшысы санитарлық талаптарды сақтамаса, жекелеген адамдар қоғамдық ортада маскасыз жүретін болса тиісті жазаға тартылады», деді ол.