Бокс • 27 Мамыр, 2020

Жекпе-жекте жеңілмеген жігіттер

266 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Үлкен спортта әр дәуірдің өз қаһармандары болады. Мәселен, кәсіпқой бокста Джо Луис, Мұхаммед Әли, Джо Фрэзер, Джордж Формэн, Майк Тайсон, Леннокс Льюис, Рой Джонс және тағы басқа жұлдыздардың есімдері күні бүгінге дейін ерекше құрметпен аталады. Десек те олардың барлығы да жеңілістің кермек дәмін татқанын жанкүйерлер жақсы біледі. Ал спорттық карьераларын бірде-бір жекпе-жекте жеңілмеген күйі аяқтаған жер жаһанда санаулы ғана боксшы бар. Ал олар кімдер?

Жекпе-жекте жеңілмеген жігіттер

Үздіктер көшін Рикардо Лопес бастап тұр. Аса же­ңіл және жеңіл салмақ дәре­же­лерінде өнер көрсеткен Мек­сиканың Морелос штатының тумасы 1985-2001 жылдар аралығында 52 мәрте шаршы алаңға көтеріліп, 51 рет жеңіске жетті. WBО, WBC, IBF нұсқалары бойынша чем­пиондық тәжді иеленген Рикардо 38 қарсыласын нокаутпен ұтты. Бұл – жеңіл сал­мақты боксшылар үшін өте керемет нәтиже. Тек 1998 жылы никарагуалық Росендо Альвареске қарсы бәсекенің сегізінші раундында Лопестің қабағы жарылып, осы жекпе-жекте тең есеп тіркелген еді. Мексиканың мықтысы 34 жас­тан асқан шағында былғары қолғабын шегеге ілді.

Даңқы жер жарып, абы­ройға молынан кенеліп, сонымен қоса байлыққа белшесінен батқан 44 жастағы Флойд Мей­везер спорттық мансабын аяқтағаны жайында әлі ресми түрде мәлімдеген жоқ. Кәсіп­қой рингте 20 жылдан аса жұ­дырықтасқан АҚШ-тың жұлдызы 50 кездесудің бар­лығында басымдық танытты. 27 бәсекені мерзімінен бұрын аяқтады. Түрлі салмақ дәрежесінде күш сынасқан Флойд қазіргі кезде ХХІ ға­сыр­дың ең үздік былғары қолғап шеберлерінің көшін бастап тұр. Алайда өзінің соң­ғы жекпе-жегін ол осыдан үш жыл бұрын өткізді. Соның өзінде кәсіпқой боксшымен емес, ережесіз жекпе-жек өнерінің хас шебері Конор МакГрегормен күш сынасты. Бұл спорттық сайыс емес, таза ақша табудың амалы екені баршаға мәлім. Осы жайттың барлығын пайымдай келе, Мейвезердің енді шаршы алаңға оралуы екіталай деген пікірдеміз.

Екінші Дүниежүзілік со­ғыс аяқталған тұста шаршы алаңды шайқаған Рокки Марчианоның есімі әлі де ел есінде. Голли­вуд­та түсірілген «Рокки» филь­мінің бас­ты кейіпкеріне ай­налған АҚШ-тың айтулы азаматы аса ауыр салмақта әлем чем­пио­­ны атанды. Италиядан қоныс аударған эмигранттар отбасының перзенті 49 бә­секенің алтауын ғана ұпай санымен ұтты. Қалған кезде­сулерде ол қарсыластарын тегістей сұлатып салды. Үлкен спорттан қол үзгеннен кейін Марчиано бизнеспен айналысып, бай-қуаттылар қатарына қосылды. Бірақ бейнеттің зей­нетін ол көре алмады. 1969 жыл­дың тамыз айының ең соңғы күні даңқты боксшы өзінің жеке ұшағымен апатқа ұшырап, жантәсілім етті. Ал келесі күні, яғни 1 қыркүйекте Рок­ки 46 жасқа толуға тиіс еді...

48 жастағы Ұлыбритания­ның өкілі Джо Кальзаге 1993-2008 жылдар аралығында өнер көрсетті. Екінші орта салмақта күш сынасқан ол сол аралықта 46 кездесу өткі­зіп, 32 қарсыласын айқын ба­­сымдықпен ұтты. Оның құрдасы Самсон Датч Бой Джим­­нің де жеңілген кезі жоқ. Таиландтық боксшы 43 жек­пе-жектің 36-сын нокаутпен аяқтады.

Міне, өздерінің спорттық мансабын жеңілмеген күйі аяқтаған ең үздік бес боксшы осылар. Әрине, қазіргі кезде де әлі ешкімге есе жібермей жүрген кәсіпқой рингтің хас шеберлері жоқ емес. Мәселен, 34 жастағы Таиланд боксшысы Ваенхонг Менайотин 54 рет жұдырықтасып, барлығында басымдық танытты. 18 ай­қас­ты мерзімінен бұрын аяқ­тады. Соңғы рет ол былтыр күзде ОАР өкілі, әлемнің экс-чемпионы Симфибе Конконы жақсылап тұрып сабап, әлі бабында екенін байқатты. Бүгінгі таңдағы ең жақсы көрсеткіш әзірге осы боксшыға тиесілі. Десек те Менайотиннің карьерасы әлі де жалғасуда. Сол себепті де оны алдағы уа­қытта не күтіп тұрғанын айту қиын. Бір анығы, ешкімге есе жібермеген күйі рингпен қош айтысса, онда үздіктер көшін дәп осы жігіт бастайды.