Бұл кісі заманында жаңаша оқыған сауатты адам болыпты. Ел шежіресін жатқа білуімен қатар, күй тарихына қатысты мол мағлұматтарды терең меңгерген. Атасы Тәттімбеттің қырықтан астам күйінің қалай шыққаны, оларды кімдердің шерткені туралы Жақсымбет пен әкесі Мұсатайдан және басқа да білетін адамдардан естігенін жадында берік сақтаған екен.
Шайқы Мұсатайұлы 1892-1897 жылдары Қарқаралы ауылшаруашылық мектебінде оқып, білім алыпты. Қарқаралы округіндегі Дастар елінде болыс болған деген де дерек бар.
Тектінің тұқымы 1928 жылы тәркіленіп, Семейге жер аударылған. Кейінде, яғни 1966 жылы Қарқаралыға келген сапарында осы суреттегі домбырасын Тәттімбет күйлерін насихаттаушы, күйші, туысқаны Тұрысбек Түсіпбековке беріпті. «Бұл домбыраны қазіргі уақытта ел астанасында тұрып жатқан Тұрысбек күйші 1980 жылы Қарқаралы мұражайына тапсырған», дейді Қарқаралы тарихи-өлкетану музейінің кіші ғылыми қызметкері Сәтбек Сламбеков.
Шайқы Мұсатайұлы 87 жасына қараған шағында Аягөз қаласында қайтыс болған.
Қарағанды облысы,
Қарқаралы қаласы