Аймақтар • 27 Мамыр, 2020

Көкшетауда көру қабілеті төмен бала көп

692 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Соңғы уақытта көру қабілеті төмендеген балалар саны артқан. Әрине, ол смартфон,  теледидарды ұзақ уақыт қарап, нәзік әлі толық дамымаған көз тамыларына келген зияннан туындаған мәселе. Көкшетауда көруінде кемістігі бар бүлдіршіндерге арналған бала бақша бар. Онда орын саны аз және қондырғылар мүлдем ескірген.  

Көкшетауда көру қабілеті төмен бала көп

Көкшетау қаласындағы «Өркен» балабақшасында көруінде кемістігі бар бүлдіршіндерге арналған топ жұмыс істейді. Тоқырау жылдарына дейін мұндай екі топ болып, 30 бала тәрбиеленген. Соның біреуі жабылып, қазір арнайы топ 14 бүлдіршінді ғана қабылдайды. Нина Каралаш тәрбие мекемесінде 1991 жылдан бері еңбек етуде. Мейірбике мамандандырылған топтың болғаны оң нәтижесін беруде. 

– Менің тәжірибемде осы топтан тәрбие алып шыққан балалардың емделіп, көру қабілеті жақсарған деректер өте көп. Кейбіріне ота жасап, одан кейін осы топта арнайы жаттығулар, аппараттардың көмегімен кешенді емдік жұмыстар жүргіземіз. Емдеуші дәрігер жазып берген нұсқаулықтарды орындаймыз. Біздің алғашқы түлектер қазір жоғары оқу орнын аяқтаған үлкен азаматтар,–дейді №37 «Өркен» балабақшасының мейірбикесі Нина Каралаш.

Кешенді жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде өткен жылы 4 бүлдіршін коррекциялық топтан денсаулығының жақсаруына байланысты өзге топқа ауысқан.  

– Бұл жерде мәселе бар, әрине. Ол орынның аздығы. Емдеу аппараттары ескірген. 1970-1980 жылғы аппараттармен жұмыс істейміз. Өткен жылы екі жаңа қондырғы алдық. Оның біреуін бізде тәрбие алған баланың әкесі сыйға тартты. Осы қондырғыларды жаңартса деген тілегіміз бар,–дейді балабақша медбикесі Нина Каралаш.

Көруінде кемістігі бар балалар жалпы білім беретін мектептің коррекциялық сыныбында оқиды.

– Қайырымдылық қорлар мектеп мәселесін жиі көтеріп жүр. Нұр-Сұлтан қаласында арнайы мектеп бар. Сол жерге педагог, медициналық мамандарды жиі шақырып, арнайы семинарлар ұйымдастыруда. Көзі нашар көретін бала жалпы білім беретін мектепке қабылданғанда дәрігердің қорытындысымен, диагнозы ескеріледі. Жарық дұрыс түсетін, алдыңғы қатардың бірінші партасына отырғызылады. Коррекциялық сынып болса, сонда білім алады,–дейді тәрбиеші Зинфира Гарифулина.

Мамандардың айтуынша бүгінгі таңда балаға ерте жастан смартфон ұстатып, теледидардың алдында ұзақ отырғызу салдарынан көзі нашар көретін балалар саны артқан. Олардың көз тамырлары өте нәзік, толық қалыптасып, дамымаған. Сондықтан, бірден көру қабілеті төмейдейді. Дәрігерлер зиянды заттардан баланы шектеуге кеңес береді.