Аймақтар • 27 Мамыр, 2020

Шығыс Қазақстан: Тарбағатайда кәсіпкерлер үй салады

1001 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жоспар бойынша Ақсуаттан – 50, Ақжардан – 50 баспана салуды межелеп отырмыз.

Шығыс Қазақстан: Тарбағатайда кәсіпкерлер үй салады

Тарбағатай ауданының Ақсуат және Ақжар ауылдарында мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында баспаналар салынбақ.

а

Алғашқы үйлердің құрылысын сәуір айының соңында Ақжар ауылында жергілікті кәсіпкер Қайрат Қожахметов бастап кеткен болатын. «Жалпы аумағы 100 шаршы метр болатын үйлердің қабырғасы газоблоктан тұрғызылуда. Жарық бағандары, кәріз жүйесі, ауызсу іргесіне келіп тұр. Әзірге 10 үйге келісім-шарт жасалады. Яғни, кәсіпкер салған үйлер бюджет есебінен сатып алынады. Баспаналар кезекте тұрған көпбалалы отбасыларға беріледі. Жоспар бойынша Ақсуаттан – 50, Ақжардан – 50 баспана салуды межелеп отырмыз» деп жазған-ды сол кезде Тарбағатай ауданының әкімі Серікқазы Сәдуақасов өзінің фейсбуктегі парақшасында.

к

Енді міне игі іс жалғасын тауып, тарбағатайлық Дулат Тастекеев, Әсет Мүфтиев, Дархан Шотабаев сынды кәсіпкерлер әрқайсысы 10-нан жиыны 30 үй (қос пәтерлі) саламыз деп уәде беріпті. Бүгін Ақсуаттағы «Ет комбинаты» аталатын ықшам ауданында жер учаскелері өлшеніп, қазықтары қағылыпты.

Ескерте кетейік, Ақсуат пен Ақжарда үйлер салу мәселесі биыл облыс әкімі Даниал Ахметов Ақжар ауылына барып, шекаралық аймақтарды дамыту жөнінде жиын өткізген кезде тұрғындар тарапынан көтерілген болатын.

 Шығыс Қазақстан облысы,

Тарбағатай ауданы