Қоғам • 28 Мамыр, 2020

«Жүрдің бе сен тамашалап, көшесінде Абайдың...»

852 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Көпке танымал әннің осы жолдары бұрынғы астанамыз – Алматының кел­бетін әлі күнге дейін көз алдыңызға әкеледі. Санада жат­талып қалған әуені кө­ңілді көкке өрлетіп, Ала­таудағы шаһардың саф ауа­сын, бал татыған алмасын, сұ­лу көшелерін ес­ке са­ла­ды. Сол шабытқа елі­тіп, еліміздің қазіргі аста­насындағы көшелерді де әнге қосқың келеді. Өкі­нішке қарай, ән айту ұзаққа созыла қоймайды. Оның се­бе­бі – орталықтағы кең, кө­рікті, жарық даңғыл­дардан бөлек, атауы дардай, белгілі тұлғалардың есім­дерін иеленген көше­лердің көзден тыс, көңілден жырақ қалуы.

«Жүрдің бе сен тамашалап, көшесінде Абайдың...»

Әрине ел қонған жаққа бақ та ауады, сондықтан Асан қайғы бабамыз Есіл мен Нұра өзендерін көргенде: «Жары менен сайы тең, жарлысы менен байы тең болатын жер екен», «Алты күнде ат семіртіп мінетін жер екен» деп ба­ға берген құтты жерге елордамыз қанат жайған соң, етек-же­ңімізді жинаған ел ретінде бұған ұсақ-түйек деп қарауға болмас. Елі­міздің астанасын ардақтап ая­лауды, мұнтаз қаланы мақ­таныш тұтуды – осындағы әрбір ғимараттың тасы мен кірпішіне дейін қолымен ұстаған Елбасының өзінен үйренгеніміз абзал.

Алайда сол іске тікелей жа­уапты, құзырлы мекемелердің қала келбетіне, яғни эклектикаға жол бермей, ғимараттарды бір­ыңғай үйлесімді мәнерде салу­дағы, са­нитарлық тазалық пен тәртіпті сақтаудағы салғырт­тығына мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та көңіл бөліп, ескерту жа­сағанын біле­міз. Сондықтан да болар, әнге қосудың орнына әзірге назарың қаланың ескерусіз қалған бө­лігіне ауып, келеңсіз көріністер кес-кестеп, көшелердің аты мен заты ойыңды бөле береді.

Шы­нын айтқанда, Есілдің оң жаға­лауында оңынан басталған құ­рылыс жұмыстары әлі де жал­ғасып жатыр. Абаттандыру қар­қыны да бәсеңдемеуге тиіс-тін, алайда шаһар шаруашылығының шеті шашыраңқырап, орамдары мен көшелеріндегі тәртіп босаң­қырап бара жатқандай көрінеді. Басы жақсы басталған көшелер­дің соңы, аудандардағы ішкі жол­дардың жиегінде өз бетінше өс­кен ағаштар мен әсемдікке егіл­ген бұталардың қараусыз қалуы, жекелеген фирмалар мен кәсіп­орындардың, жеке үйлердің әр қилы қоршау-шарбақтары, аула қорған­дары­ның қиқы-жи­қылығы, бұрыш­тарда үйілген қоқыстар – бәрі де жауапсыз­дық­тың, нем­құрай­дылықтың, қыр­сыздықтың айғағы болса керек.

Сөзіміз дәлелді болуы үшін ондай жерлердің фотосын қоса бе­руге тура келеді. Мұны кез келген қала тұрғыны да растай алады. Сондықтан қала басшылығы мұны сынау немесе аяқтан шалу деп емес, осыған дейін талай мәр­­те төгілген маңдай тер мен қы­­руар қаржыға, ұйымдастыру ша­раларына жергілікті тұрғын­дардың жанашырлығы, азамат­тық көз­қарасы, ақ-адал ниеті деп қабылдағанын қалар едік.

Жалпы, тәртіп, тазалық, әсем­дік, қаланың тек орталық көшеле­­рінің көркі­мен, үлкен даңғыл­дарының бойымен өлшенбесе керек. Оның үстіне дәл қазіргі кезде оң жаға­лау­­дың жай-күйі жыл мезгілін күтсе, еріп кететін қалың қар да емес. Елордадағы тиісті аудан­дардың әкімдері арнайы кесте жасап, қала күні қарсаңында ғана емес, ауық-ауық өз аумағындағы көшелерді жаяу аралап тұрса, оның пайдасын өздері де, тұр­ғындар да көрер еді. Меншік тү­рі­не қарамастан, қожайын­дарына заң­ға сәйкес ескерту жасалса, сани­тарлық талаптан өзге қала­ның архитектуралық келі­сім-кел­­бетін сақтау талаптарын кү­шейту арқылы қадағалауды қол­ға алса, айыппұлсыз-ақ көп мәсе­ле өз шешімін табатыны сөзсіз. Ең бастысы, оларға ықпал етудің механизмі іске қосылғаны абзал.

Бүгінде бүкіл елімізде көкей­кесті мәселе болып тұрған санитар­­­лық-эпидемиялық жағдайды жақсарту үшін табиғатты қорғау полициясын, басқа да тиісті меке­мелерді жұмылдырып, ортақ істі атқаруға волонтерлерді тартып, таза­лықты ретке келтіруге толық мүмкіндік бар деп ойлаймыз.

Сонымен бірге қала тір­шілі­гіне байланысты қоғам­дық пікір тудырып келе жатқан, елдің са­на­сына әсер ететін бірқатар ма­ңызды мәселені ортаға салсақ дей­міз. Бізде бұрыннан келе жат­қан жақсы дәстүр бар, ол – ұлт­тың әрдайым жадында тұра­тын, елге, қоғамға еңбек сіңірген тарихи тұлғаларды ұлықтап, олар­дың есімдерін көшелерге, даң­ғылдарға, мекемелерге беру ісі. Елор­да ономастикасындағы ерек­ше позитивті үрдісті айта кет­кен жөн. Ол – көше атауларына қа­зақ елінің тұтастығын таныта­тын төрт тараптың да топоними­ка­сын (тау-тас, өзен-су, жай­лау-қыс­тау, қала-кент, ауыл-ай­мақ т.б. атаулары) жаңғыртып қай­та атау. Бұл көптің көңілінен шық­­­ты деп ойлаймыз. Сондай-ақ та­ри­хы­мызда даналығымен, ме­йі­­рім­ділігімен, сұлулығымен әйгі­лі ардақты аналарымыздың, елі­міздің мақтанышына айналған ару қыздарының есімдері де тұң­ғыш рет астана көшелеріне беріл­гені халық құптаған өнегелі қадам болды.

Жалпы, басқа сала­лар­дағыдай ономастика мәселе­сінде де Нұр-Сұлтан қаласын еліміздің облыс­тары, ал облыс­тарды аудандар, аудан­дарды ауыл­дар үлгі тұтуы заң­дылық болуға тиіс. Бұл бағытта көп­теген тағылымды шаралар ат­­қа­рылып та келеді. Бірақ сынға ұшы­­рап жататын тұстары да бар­шылық.

Ашығын айтсақ, еліміздің аста­­насындағы көшелерге атау беруде жіберілген қателіктер: 1) Елор­да ономастикасының 30-50 жылға арналған тұжырымдамасы жасалмады. 2) Қаланың бас жоспары мен кеңестік-большевиктік атаулардан құтылудың синхронизациясы қатар жүрмеді. 3) Өкінішке қарай, субъективті жағдай, яки «таныстары мен танитындарын тықпалау» көрініс берді.

Осының салдарынан жекелеген ірі тарихи тұлғалардың атын­дағы көшелер шолақ, келте болып шықты. Немесе бір көше атауын бірнеше рет ауыстыру орын алды (Тәуелсіздік, А.Бай­тұр­сынұлы, Ә.Бөкейхан, Р.Қош­қар­баев т.б.). Ұлттың Тәуелсіздігі үшін аянбай күресіп, сол жолда құрбан болған ХХ ғасыр басын­дағы қайрат­керлердің атындағы көшелер Сарыарқа, Байқоңыр, Алматы аудандарының шетінде қалып қойғанын, батпаққа батып тұрғанын айтудың өзі ұят. Ура-урамен есімдері берілді, ура-урамен ұмытылды да қалды. Әйтеуір бір топ зиялы А.Байтұрсын­ұлы­ның атын сол батпақтан бері қа­рай алып шықты. Бірақ мына өр­кениетті заманда осындай шала­лыққа өзге жұрт күлмей ме? Ал мұндай кемшілікті болдырмау­дың жолы жоқ емес, бар.

Ол үшін әкімдіктегі арнаулы комиссия талқысының алдында ға­лым­дардың, беделді де білікті тұл­ғалардың пікірін тың­дау, содан дұрыс қорытынды шы­ғару, тараптардың уәжіне құ­лақ­ асу, яғни байыпты шешімді негіздеп алу. Ол үшін жоғарыда айт­қан қате­лікті де күн тәртібіне шыға­рып, талқылау – елдіктің жөні. Әйтпесе, белгілі бір кісінің атын бергенде, қаланың Бас жос­пары­ның жапсарын ескермей, әй­теуір бір көшеге таңа салу немесе бас­­қа да қисынсыз жағдайлар қай­талана бермек.

Мысалы, ұлттық би өнерінің негізін салушылардың бірі, осы саланың қайталанбас үлгі­ле­рін­ тауып зерттеген, сон­дай-ақ, Г.Талпақова, Қ.Қара­ба­­ли­на,­ Б.Байжұманова сынды та­лант­­ты бишілерді тәрбиелеген Қа­зақ­станның Халық әртісі Шара Жиенқұлованың есімін қаланың өндірістік кәсіпорындары мен техни­калық қоймалары орналас­қан аймақтағы көшеге беру қан­шалықты маңызды?

Немесе бұ­рынғы базар ма­ңындағы Қазақ көшесіне ұлт кино өнерінің не­гізін салушы, халық әртісі, актер, режиссер Шәкен Ай­манов­тың атын бергеннен не ұттық? Сөз орайы келгенде айтарымыз: Абай мен Жамбылдың бейнесін сомдаған, алғаш рет Қазақ кинематографистер одағын ұйымдас­тырған тұлғаға елордада ескерт­кіш орнатылса, артық болмас еді.

Ал «Артем» базарының артында қазақ әдебиетінің классигі, М.Әуезовпен бірге «Абай» журналын шығарысқан тұлға, драматург Жүсіпбек Аймауытұлы кө­шесінің жағдайын көрсеңіз, көңіліңіз құлазиды. Мемлекеттік тілде тұңғыш психология оқулы­ғын жазған, У.Шекспир, А.Пуш­кин, Г.Мопассан, А.Дюма, А.Че­хов­ сынды әлем классиктерін қа­зақ­ша сөйлеткен, «Ақбілектей» ақ-айдын романды дүниеге әкелген қаламгерге бүгінгі ұр­пағы­ның «құрметі» осы болса, же­тіскен екенбіз.

Сондай-ақ тарихымызда бі­рін­ші рет Қазақ ұлттық халық оркес­трін құрған, «Музыка әліп­песін» жазған композиторымыз Ахмет Жұбановтың көшесінің де жадаулығы жа­ныңызды жабыр­қатады. Сенбе­сеңіз, көше бойын аралап көріңіз. Біз фотосын салып отырмыз. Әрине елордада әр кезеңде елге қасиет-мінезімен қыз­мет қылған, қандай жүйеде де туған халқына адалдығын таныт­қан азамат­тар­дың есіміндегі кө­шелер аз емес.

Мысалы, қаланың «Шұбар» атты шағын ауданында ұзындығы 500 метрден аспайтын көшеге мемлекет және қоғам қайраткері Нұр­тас Оңдасыновтың аты бері­ліпті. Сонда қалай, екінші дүние­жүзілік соғыс жылдары Абайдың 95 және 100 жылдығын ұйымдас­тырған, тіпті Алматыдағы ақын ескерт­кішін тұңғыш қазақ мүсін­шісі Х.Наурызбаевқа жасатқан, Опера және балет театры мен Ғы­лым академиясын ашуға белсене атсалысқан, «Арабша-қазақ­ша», «Парсыша-қазақша» сөздік­тер даярлаған тұлғаға бұдан лайықты көше табылмағаны ма? Ұлт мәде­ниетін, салт-дәстүрін, ана тілін өр­кендету жолында ерен үлгі көрсеткен, отандық музей ісінің негізін қалаушылардың бірі, Алаш арыстарын ақтауда нақты ісімен есте қалған Өзбекәлі Жәнібеков сынды мемлекет және қоғам қайрат­керіне берілген көшенің басы мен аяғы басқаша аталатыны енді ешбір қалыпқа сыймайды.

Кезінде елордамыз­дың қазы­ғын қағып, Есілдің жа­ға­лауы мен жазығына ел қон­дырған, астанамызды абаттандырып, әлемге танытқан Елбасы оно­мастика мен топонимика мәсе­лесін бір емес, бірнеше мәр­те сөз етіп, ескертті. Дәл осы істе ас­тана тәжірибесі бүкіл елге үлгі болсын деген ниетін де жеткізді. Ономастика саласында мем­лекеттік идеологияның ор­нығуы үшін әрбір қадамымыз мемлекет­шілдік талабына жауап беріп, елдік мүддемізге сәйкес болуға тиіс.

Сонымен бірге «Мәңгілік ел» мұратын салаландырған Елба­сының «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» сынды бағ­дарламалық мақалалары зиялы, ғылыми ортаға, әсіресе заң­гер­лерге елеулі міндет жүк­теп отыр. Соның ішінде жалпы­халықтық дәрежедегі, адам­зат­тық, қоғамдық маңызы бар тарихи оқиғалардың, ірі қай­рат­керлердің, ғылым, мәдениет, өнер тұлғаларының атын ұрпақ есін­де қалдыру шараларының ғылыми негізделген, өлшем-шарты (критерий) толық айқын­далған заңдық жүйесі жасал­майын­ша, аталған салада бұ­рын­ғы қате­ліктер қайталана бере­тіні анық. Ал мұндай істе көне сүр­леумен, ескі жолмен жү­руге болмайтынын өмірдің өзі дәлел­деп отыр. Бұл, әрине оңай әрі тез жүзеге асатын шаруа емес. Тәуел­сіз ел құндылықтарын қа­дір тұту мәде­ниетін қалыптас­тыру үшін азамат­тық сананың өсіп-жетілуі шарт.

Бұл – әр отбасыдан, әр ауылдан, әр мекемеден, әр қаладан бастау алатын қарапайым тәрбие, отаншылдық сезім. Сондықтан тұрған үйіңнің, көшеңнің, туып-өскен ауылың­ның, қалаңның, өңі­рің­нің проблемаларын айқындауға белсене ат­салысу – халық үніне құлақ аса­тын мемлекет құруға үлес қосу деген сөз. Біздіңше, ха­­­лық­­­тың үні – жалаң талап ету немесе құр айғай емес, керегі – тығы­­рық­тан шығатын жол іздеу, ұсыныс енгізу, бойкүйездік атаулымен кү­ресу, көптің көкейіне қонатын мемлекеттік көзқарасты білдіру, елге керекті дүниені екшеп айту, електен өткізіп жазу.

«Уәжге түйе де шөгеді» дейді халық дана­лығы. Ал халықтың мұңын анық айтып, нақты жаза білген қаламгерлердің, зиялы қауым өкілдерінің әлі күнге халық аузында жүруі тегін емес.

Көрнекті жазушы Ғабит Мүсі­реповтің: «Ең ауыр майдан – на­дандықпен күресу майданы, əрі ұзақ, əрі ызасы көп» деген сөзінде терең мағына жатыр. Қай кезде де пендешіліктен алыс болған ғы­лым, мәдениет, өнер, жалпы шығар­машыл қауым өкілдеріне үлкен сенім болған, қазір де сондай. Өйткені олар халықтың сөзін орнымен, дер кезінде айта білді, бұқараға да сыйлы болды, билікке де сөзі жететін. Зиялы қауым елдің телісі мен тентегін тыя ал­ды, көпті ортақ іске жұ­мыл­дыра біл­ді, елдік өзекті – салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты қыз­­ғыштай қорыды.

Сондықтан еліміздің қалалары мен аудандарында, кенттері мен ауылдарында олардың атын иемденген көшелер мен даңғылдар, мекемелер мен орындар бүгінгі және келер ұрпаққа әрқашан ой салып тұрары сөзсіз.

 

Дархан МЫҢБАЙ,

Парламент Мәжілісінің депутаты