Әлемге таралған індет энергия ресурстарына да айтарлықтай әсер етуде. Сол себепті жылдық жоспарға түзетулер енгізіліп жатыр. Мәселен, өткен жылы мұнай және конденсат экспорты 72,2 млн тоннаға жеткен болатын. Ал биыл бұл көрсеткішті қайталау мүмкін емес.
– Атырау облысындағы «Теңіз» кен орнында құны 45,2 млрд доллар, соның ішінде қазақстанның үлесі 16 млрд долларды құрайтын кеңейту жобасы жүзеге асуда. 230-ға жуық отандық сервистік компания құрылыс жұмыстарына жұмылдырылды. Жоба аяқталған соң қосымша 12 млн тонна мұнай өндіруге болады. «Қашаған» кен орнында 2022 жылға қарай тәулігіне 450 мың баррелге дейін мұнай өндіру жоспарлануда. Сол үшін жаңа газ өңдеу зауытын салу жобаларын іске асырудамыз. Қазір мердігер компаниялармен жол картасын пысықтап, талқылап жатырмыз, – деді Н.Ноғаев.
Министрдің айтуынша, жер қойнауын пайдаланушылардың есебінен 144 мыңнан астам қазақстандық маман қайта даярлаудан өткен. Қазір ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру бойынша міндеттемелер әзірленуде.
Былтыр жер қойнауын пайдаланушылардың ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыруға 9,9 млрд теңге бөлінген еді. Биыл қазақстандық кадрларды оқытуға 21 млрд теңге жұмсалады.
Жиын барысында қоршаған ортаны қорғау саласындағы функциялар мен өкілеттіктер Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне ауысқаны айтылды. Енді Энергетика министрлігі мұнай және газ саласын дамыту, стратегиялық бағыттарды жүзеге асыру, электр энергетикасы, атом энергетикасы, жаңартылған энергия көздерін пайдалану салаларына жауапты.
– Қазақстанда көмірсутек шикізатын барлау мен өндіруге арналған 235 келісімшарт бар. Соның ішінде: барлауға қатысты – 54, бірлесіп барлау мен өндіру бойынша – 96, өндіруге қатысты – 74, өнімді бөлу туралы келісім бойынша 11 келісімшарт жасалды. Ал уран өндірісіне қатысты 25 келісімшарт мақұлданды. Геологиялық барлау жұмыстарына бөлінген инвестия көлемі – 158,4 млрд теңге, – деді Н.Ноғаев.
Министр хабарлағандай, өнеркәсіптік тұтынушылар мен кәсіпкерлерге қолдау көрсету үшін тауарлық газға шекті көтерме бағалардың өсуіне жол бермеу жұмыстары жүргізілуде. Өңірлер үшін тауарлық газға шекті көтерме бағаларды ағымдағы деңгейде сақтау туралы шешім қабылданды. Бұл кіші және орта бизнес, бюджеттік ұйымдар үшін бөлшек сауда бағаларын тежеуге әкеледі. Сондай-ақ мультипликативті әсер ретінде жылу энергиясын өндіретін және электр энергиясын шығаратын отын-энергетикалық кешені үшін тарифтерді тежеуге ықпал етпек.