Аймақтар • 28 Мамыр, 2020

Тимур Құлыбаев: Санитарлық нормаларды ұстанғандарға жұмыс істеуге мүмкіндік беру керек

145 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Атамекен» ҰКП басшысы Тимур Құлыбаев Алматы қаласында төтенше жағдай салдарын, ағымдағы өзекті мәселелерді талқылау, бизнесті қолдау үшін мемлекет тарапынан қандай қолдау құралдары қажеттігін анықтау мақсатында өңірдің  бизнес-қоғамдастығымен онлайн кездесу өткізді.

Тимур Құлыбаев: Санитарлық нормаларды ұстанғандарға жұмыс істеуге мүмкіндік беру керек

«Алматы – еліміздің ең ірі өңірлерінің бірі. Қазақстан бизнесінің жартысы осы өңірде шоғырланған. Ұлттық палата бүкіл ел ауқымында бизнесте туындайтын барлық мәселені жіті қадағалайтын болады. Біз әріптестерімізбен осындай кездесулерді ай сайынғы негізде жүргіземіз деп келістік. Осы мәселелер легін Ұлттық палата ретінде Үкіметпен талқылайтын боламыз, бірлесіп, дағдарыстан шығу жолдарын бизнеске ұсынамыз», – деді Тимур Құлыбаев.

Өңірдің экономикалық ахуалы жайында Алматы қаласы ӨКП директоры Нариман Әбілшайықов баяндады.

Спикердің айтуынша, ТЖ кезеңінде Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасы жедел желі режимінде жұмыс істеді. 2020 жылдың 16 наурызынан бастап 11 мамыр аралығында кәсіпкерлерден 42 618 өтінім келіп түскен, соның ішінде 35 201 өтінім – колл-орталық, 5 344 өтінім – штаб мүшелерінің мобильді телефондарына, 1 789 өтінім – электронды және жазбаша түрде, 284 өтінім – әлеуметтік желілер арқылы келіп түскен.

«Алматыда қызмет көрсету саласы едәуір зардап шекті. Қалада мемлекеттік сектор және денсаулық сақтау саласынан басқа қызметтер өндірісі секторында бүкіл жұмыс күшінің 74%-ы жұмыс істейді. Аталған саланың ауыр ахуалын ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректері дәлеле бола алады. Ведомствоға әлеуметтік төлем алуға 898 136 адам (салада жұмыс істейтіндердің 90%-ы) өтінім берген, соның ішінде 447 363 адам төлем алған», – деді Өңірлік палата директоры.

Өңірде экономикалық қызмет көрсету кескінінде сауда саласының үлесі басым.  2019 жылдың қаңтар-қыркүйегінде сауда саласы бойынша нақты көлем индексі 103,4%-ды құрады. 

«Биылғы жағдайда жұмыстан қысқарған немесе мерзімсіз демалысқа жіберілген жұмыскерлердің басым бөлігі сауда саласында тіркелген – 8705 адам, өнеркәсіпте – 5130 адам, орналастыру және тамақтандыру бойынша қызмет саласы – 1768 және денсаулық сақтау саласында – 1282 адам», – деді ол.

Нариман Әбілшайықов сауда және ойын-сауық орталықтарына сияқты базарларға жұмыс істеуге рұқсат беруді, жабық алаңға қарағанда ашық базар алаңдарында санитарлық нормаларды ұстану қолайлырақ екенін алға тартып, осы сектордағы кәсіпкерлерге жұмыс істеуге рұқсат беруді қайта қаруды сұрады.

Сауда саласының ахуалы жайында жиын барысында «Тигрохауд фирмасы» ЖШС әмбебап базарының директоры Жанар Құрабаева жалға алушылардың қаржылық айналымы маусымдық тауарларға салынып, салаға кепілзатсыз жеңілдікпен несие ретінде көмек көрсетуді сұрады. Мұндай шара арқылы жұмыс орындарын сақтап қалуға болады деп санайды спикер

«Алматыдағы 52 базар ішінде ТЖ кезеңінде небәрі 12 базар жұмыс істеді. Базарлардың жүктелуіне қарай базарларда 32 мың жалға алушы жұмыс істесе, ТЖ кезеңінде небәрі 13% немесе 4 мыңға жуық адам жұмыс істеп, табыс табуға мүмкіндік алды. Ал жалға алушылар үшін базарларда жұмыс істеу табыс табуың жалғыз көзі. Базарлардағы ситуация өте ауыр», – деді спикер.

Жоспар бойынша 1 маусымға қарай өңірдегі эпидемиологиялық ахуалды есепке ала отырып, базарлардың ашылуы шешіледі.

«Егер адамдар санитарлық нормаларды ұстанып, қорғану шараларын бұзбаса, онда біз осы адамдарға, әсіресе облыстан қалада қатынайтындарға жұмыс істеуге мүмкіндік беруіміз керек. Қазір адамдар қалаға өте алмай жатыр.  Егер облыстағы адамдар жұмыс істеуге келсе эпидемилогиялық ахуал неге нашарлап кететінін түсінбеймін. Бұл мәселе де шешіледі деген ойдамын», – деді Тимур Құлыбаев.

Қызмет саласының өкілдері қолдау шаралары ретінде жеңілдікпен несие бөлу, банк алдындағы несиелер мен салықтық төлемдер, коммуналдық төлемдер бойынша шегерім сұрайды.

«Қоғамдық тамақтану саласында 24 жыл бойы жұмыс істейміз. Карантинге дейін күніне шамамен 30 мың адамды тамақтандырып отырдық. Компанияда 2 мыңға жуық жұмыс орны бар, олардың 95%-ы әйелдер. Жұмысқа 25 мамыр күні кірістік, сондықтан 1 шілдеге қарай салық төлей алмаймыз. Осыған байланысты бізге тағы 3-5 ай төлемдерді шегеруге уақыт берілеуін сұраймыз», – деді «Қағанат» асханалар желісінің директоры Шынар Бөгенбаева.

ҰКП басшысы ел ауқымында төлемдерді орындамаудың тізбекті реакциясы жүріп жатқанын, қазір экономикаға қаражат салу керек екенін айтты.

«Бірінші кезекте сауда, қызмет көрсету саласына, өйткені бұл секторға қаржы айналымы қажет. Кепілзатсыз несие беру құралы қаралуда. Оның қолдану аясын, және қандай көлемде қолдануы керек екенін қарайтын боламыз», – деді Тимур Құлыбаев.