Қоғам • 28 Мамыр, 2020

Спорт комитеті төрағасының орынбасарлары 400 миллион теңге жымқырды деген күдікпен ұсталды

298 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының бұрынғы және қазіргі орынбасарлары шамамен 400 миллион теңгені жымқырды деген күдікпен ұсталды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Спорт комитеті төрағасының орынбасарлары 400 миллион теңге жымқырды деген күдікпен ұсталды

Агенттік таратқан ақпаратқа сәйкес, Шығыс Қазақстан облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі сотқа дейінгі тергеу барысында аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқыру фактілері бойынша ҚР Қылмыстық-процессуалдық іс жүргізу кодексінің 128-бабына сәйкес Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру комитеті төрағасының бұрынғы және қазіргі орынбасарын ұстап, Өскемен қаласындағы уақытша ұстау изоляторына қамаған.

Ұсталғандардың біреуіне қатысты сот 2 ай мерзімге «қамауға алу» түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.

Олар Риддер қаласындағы «Республикалық мамандандырылған олимпиадалық резервтік мектеп-интернаты» РММ-нің 300 орынға арналаған оқу корпусы» құрылыс объектісін салу кезінде іс жүзінде орындалмаған жұмыс үшін мердігердің шотына 380,8 млн теңге сомасында бюджет қаражатын аудару арқылы жымқырды деген күдікке ілінді.

Қазіргі уақытта аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр, тергеу мүдделері үшін басқа ақпарат жария етілмейді.

Күдіктілерге қатысты түпкілікті шешімді олардың кінәсінің дәрежесін анықтай отырып, сот шешеді.