Аймақтар • 28 Мамыр, 2020

«Мемориал» сервисінің маңызы зор

325 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Жазықсыз жазаға тартылғандар туралы сыры ашылмаған тарихи құжаттарды және басқа да ақпараттарды қолжетімді ету мақсатында Ішкі істер министрлігінде «Мемориал» сервисі  құрылған. Қызылорда облысы бойынша осы сервиске 6 мыңға жуық  адам жайлы дерек енгізілді.  

«Мемориал» сервисінің маңызы зор

2014 жылы Қызылорда облысының Полиция департаменті Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінен сот органдары ақтаған азаматтарға қатысты қылмыстық істер, сонымен қатар Ұлы Отан соғысы кезінде тұтқынға түскен бұрынғы КСРО азаматтары туралы іріктелген  материалдар қабылдады.  

Сол уақыттан бері  Полиция департаментіне қуғын-сүргінге ұшыраған адамдардың туыстарынан, ғалым-зерттеушілерден,  мұрағаттар мен мемлекеттік органдардан көптеген өтініштер мен сұрау салулар келіп түсіп, оның 400-ге жуығы оң нәтижесін тапты.

«Мемориал» сервисіне енгізілген ақпараттар қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың туған жылы, тұрғылықты жері, тұтқындалған уақыты, сотталғандығы және ақталғандығы жөніндегі мәліметтерді құрайды. Бұл ақпараттар туыстарының тағдыры туралы мәліметтер іздеген азаматтарға, сонымен қатар ғалымдарға, тарихшыларға  қажет.  

Облыс пен Қазақстанның басқа да өңірлерінен, ТМД елдерінің тұрғындарынан келген хаттарда осы сервистің маңыздылығы аталып өтілген.   

Алған ақпараттар негізінде Қызылорда облысының Қармақшы ауданында саяси қуғын-сүргін құрбандары Ахмет Тұрғамбаев, Тыныштыбай Жайшылықов, Сүйіндік Бекмырзаев пен Жұқа Төребаев секілді жазықсыз жалалы болған  азаматтарға арналған ескерткіш орнатылды, - дейді Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Жарас Оспанов.  

Қазір ішкі істер органдарында жедел-тергеу және іздестіру шараларын жүргізу үшін құқық қорғау органдары қызметкерлеріне қажетті кең көлемді жедел-іздестіру және анықтамалық ақпараттар деректері жинақталған. Ақпараттандыру және байланыс басқармасының арнайы мемлекеттік мұрағаты – ішкі істер органдары жүйесіндегі маңызды құрылым саналады.