Руханият • 29 Мамыр, 2020

Бақыттың берік босағасы

359 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Табалдырықтан аттаған сәтте тосылып қалғанбыз. Үй емес, әлдебір салтанатты сарайда хас шеберлердің көрмесі өтіп жатқандай. Қос бірдей мүгедек күн кешіп жатқан Краснояр ауылындағы құрқылтайдың ұясындай шағын пәтер өзгеше жылылық ескен, махаббат салтанат құрған, сүйген адамдардың бір-бірін қолтығынан демеп, қамқор болған нұрға малынған бақыт босағасы екен.

Бақыттың берік босағасы

Мәңгі бақи қоларбаға таңылған тір­ші­ліктің несі бақыт дерсіз. Құдай-ау, мынау жарық дүниеде жер басып жүргенге не жетсін?! Бақыт деген сол емес пе? Ән­шейінде адамдар осылай ойлауы да мүм­кін. Ал шын мәнінде құлай сүйген кө­ңілдің оттан ыстық сезімін, алаулаған жан нұрын ешкім де, ештеңе де сөндіре ал­майды екен.

Оң жақ қапталдағы қабырға ұсақ-ұсақ тастармен жымдаса көмкеріліпті. Оның арғы жағындағы ас бөлме де біз көр­меген бедермен безендірілген. Ал қонақ бөлме алуан түрлі бейнелерге, көркемсуреттерге, әртүрлі кейіпте сом­далған заттарға толып тұр. Мына біре­уі «Қайсар әйел» деп аталады екен. Қос жанары ұшқын атып, алмадай ақ жүзі алаулай жанып, ет жүректің лүпілі төңірегіне таң нұрындай шуақ шашып тұрған, тал шыбықтай бұралған бойжеткеннің екі қолы байлаулы. Сірә, тағдырдың тәлкегін меңзеген тұспалы шығар. Екі қолын тағдыр тас қылып байласа да, еркіндікте, азат, бостан күйінде. Тіпті сәл ғана ұмсына ұмтылып, қанат байлап қиял көгіне ұшып кеткелі тұрған тәрізді. Суретші Мәрзия Мұханбетжанованың өз өмірін, тағдырын бейнелеген туын­дысы. Сол туындыдағы астарлы ой өмірдің өзінен ойып тұрып орын алғандай. Иә, сұм тағдыр өмірге ғашық адамның жолына кесе-көлденең жатып, гүл көңілін солдырғысы келгенімен, өмірге, жарына, перзенттеріне деген ақ адал махаббаты бой бермеген. Бой бергеніңіз не, бойындағы құштарлығын, іңкәрлігін еселеп арттыра түскен.

Облыс орталығының іргесіндегі Зеренді ауданының Куропаткино ауы­лында дүние есігін ашқан Мәрзия кішкентай кезінен тым-тым қиялшыл еді. Өзге жан түсініп-түйсіне бермейтін қызылды-жасылды қызыққа толы өзінің әдемі әлемі бар. Сол әлемді елегізи кезіп жүреді. Кейбір сәттерде сұлу да сырлы, тосын да тылсым бейнелер кезігеді. Әлгі бейнелермен сыр шертісіп, көзін тойдырып, көңілін тоғайтқан сәтте бәлкім сурет күйінде, бәлкім әлдебір материалдардан қалыптаған зат кейпінде айнытпай түсіре қояды.

Кейіпкеріміздің бойындағы шебер­лік­ті санап көрелікші. Мәрзия – суретші, мүсінші, тігінші, қолөнер шебері. Міне, осылайша жалғасып кете береді. Өтпелі кезеңнің өкпек желі шығармашылықтан қол үздірген сәтте жан жары екеуі пә­тер­лерді, коттедждерді безендіруге көш­ті. Жұмыс бастан асып жататын. Кей коттедждерді қона жатып, жылдап әрледі. Қырсық 2013 жылы қырына алды. Жоғарыда, төбені әрлеп жатқан Мәр­зия байқаусызда аяғы тайып кетіп құ­лағаны. Қас қылғандай көлденең жат­қан бөрененің үстіне түскен екен. Бей­не­леп айтқанда, қауырсындай ғана қыз болғанымен, салмақтың аты салмақ. Омыртқасы сынған. Одан соңғысы аурухананың төсегіне таңылу, сансыз ота, жұқарған жүйке, селкеу түскен сенім. Бір сәт есін жинаған. Жоқ, былай тым оңай берілуге болмайды, тіршілігі үшін күресуі керек. Жамбастап жата берсе, жарының күні не болмақ, шиеттей балалары жүдеп қалмай ма? Әлдебір құдірет қос қолтығынан көтеріп демеген тәрізді. Өзі де алға ұмтылды. Бірте-бірте шағын жаттығуларды жасауды үйренді. Жастықтан басын көтерген соң сүйікті ісі – қолөнермен шұғылдана бастады. Перде тікті, көйлек пішті, сәндік әшекей заттарды әрледі. Жүзін, әлде мұңын жасырды ма екен, көбін достары мен тілектестеріне тегін таратты. Шабытпен жасалған дүниесін сатып көрген емес. Ал тапсырыспен істелген жұмыс, әрине, өз еңбегі.

– Бір әдемі дүниемді ежелгі танысқа, әйтпесе бір көрген адамға сыйлаған кезде жүзінен қуаныш табын көрсем, сол маған жетіп жатыр, – дейді қолөнер шебері, – адамға одан артық не керек?

Аурухана төсегінде таңылып жатқан­да-ақ алдағы өмір өрнектері тоғысатын тағдыр жолын құтты бағдарламалық қалыпқа сыйғызып, жоспарлап алған. Қазір сол бағдарлама бойынша жұмысқа берілгені соншалықты, бірер минут бос отырса, екі қолын алдына сыйғыза алмайтыны бар.

Әңгімелесіп отырып ұққанымыз, Мәрзия­ның көркемөнер тарапынан білі­мі жоқ екен. Әйтсе де, тылсым табиғат талант деп аталатын құдіретті сүйегіне сіңірген. Жыл сайын облыстық «Ақмола жұлдыздары» халық шығармашылығы көрмесіне қатысып, жүлделі орынға ие болуы шебердің бойындағы табиғи дарынның лайықты бағалануы дер едік. Бір қызығы, көрмеден соң көз майын тауысып жасаған не бір әдемі, өзі үшін де, өзге үшін де қымбат дүниелерін тегін таратып жібереді екен. Жоғарыда айтқанындай, адамдарға титімдей болса да қуаныш сыйлау үшін.

Өзі үш жыл төсек тартып жатқан кез­де күйеуі Игорь да құрылыста апатқа ұшы­рап, мүгедектер арбасына таңылды. Дәл осы сәтте көңілдің аппақ күннің нұ­рындай әдемі сәтін кіреукеленген тұман басқандай дүниенің жүзі талаурай қара­уытып кетті. Ендігі күні не болмақ? Бұ­рынғы бұрынғы ма, шын сынақ енді басталғандай. Бір отбасындағы екі бірдей адам мүгедектер арбасына та­ңыл­са, жөпшеңді адам өмірден баз кешкендей қасірет емес пе?!

Мынау жарық дүниеде ең құдіретті күш ет жүректің еншісінде екен. Сана да соған байлаулы. Жүрек тәубе деген, жаратқанның бергеніне шүкір. Бор­ке­мік болса бордай тозып кетер еді, ал, бұлар бірінің арбасын бірі сүйретіп жү­ріп, бірін-бірі демеп жүріп тағдырдың сал­ған ісіне көнгенімен, үміт атты құді­рет­тің шыңыраудың ең бір тереңінен тал­мау­сыраған майшамның жарығындай жал­қын сәулеге жүректерін жылытқан. Бір-бірін өлердей жақсы көрген, бір-бірін мәңгілік сүйген махаббаттың қайт­пас қайсар рухқа қуат берген алапат кү­шімен.

Қазір төрт қызы, тоғыз немересі жаз гүліндей жайнап өсіп келеді. Алды ер жетіп, өз өрісін тапты. Ата-ананың бойын­дағы қасиеті жұққаны кенжесі. Ол да су­рет салады, мүсін жасайды.

Кіп-кішкентай пәтерде он екі мүшесі сау адамдардың кейбірі өмірге өкпе айтып, қарақан басын жарылқай алмай жүргенде, мүгедектер арбасына та­ңылған қос мұңлықтың шаңырағын ба­қыт босағасы деп айтсақ, несі артық. Та­бал­ды­рығына төзімділік ұялап, шаңы­ра­ғына сенім байланған әлгі пәтерден шыққан соң көпке дейін өз-өзімізге келе алмай, аңтарылып тұрдық. Адам рухы нет­кен күшті еді! Пенде біткеннің бойында бір-біріне деген осындай сезім, осындай ілтипат болса ғой...

 

Ақмола облысы