Аймақтар • 29 Мамыр, 2020

Терезесін целлофанмен жапқан мектептер қашан жөнделеді?

340 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Баянауыл ауданы Жаңатілек ауылындағы Б.Хайдаров атындағы, Қ.Сәтбаев ауылдық аумағына қарасты Шадыра, С.Торайғыров ауылындағы, Жаңажолдағы Мәшһүр Жүсіп атындағы мектептердің ғимараты қырық жылдан астам уақыттан бері жөндеу көрмеген.

Терезесін целлофанмен жапқан мектептер қашан жөнделеді?

Мектеп директоры Қымбат Бекбауованың айтуынша, Б.Хай­даров атындағы мектеп 1979 жылы салынған. Таулы өңір Баян­ауылдың суық қысында мек­­теп іші азынап тұрады екен. Есік-терезелері, едендері әбден ес­кірген.

 Ал түбінде бір жақсылық келер деп ырымдайтын ауыл халқы бәріне төзімді. Мұғалімдер де, оқушылар да солай, шыдайды, шыдап келеді бәріне.

 Сөз жүзінде бәрі жақсы, ал, жөнделмеген мектептер қай­­дан шықты деген осы. Осы ауданға 1979 жылдан бері қан­ша басшы, қазіргі күні қан­ша әкім келді-кетті, олар­дың баян­­дамаларында бәрі жар­қы­рап тұрар еді. Келімді-кетім­ді әкім­дердің ауыл мектеп­те­рі­не жанашырлық жасай алма­ған­дары өкінішті.

 Облыстық білім басқармасы да жыл сайынғы тамыз мәсли­хатында бәрі керемет деп баяндама жасайды. Бірақ басқарманың шалғайдағы ауыл мектептерінің хал-жағдайын біліп, назарға алмайтыны, араламайтыны бай­қалады.

 Келесі Қаныш Сәтбаев атын­дағы ауылдық аумақтағы Ша­дыра мектебіне келсек, ол да 1972 жылы салынған. Қазір 117 оқушы білім алуда. Едені шіріп, терезелері тозған, сыртынан суық өтпесін, қар түспесін деп целлофан жылтырымен қаптап қояды екен.

 Сұлтанмахмұт Торайғыров ауылындағы мектеп те ескі, күр­делі жөндеу күтуде. Шалғай­дағы Жаңажол ауылындағы Мәшһүр Жүсіп атындағы мектептің жылу жүйесіне 47 жыл болған, қазір құрылғы әбден тозған. Ауыл ба­лалары қыстыгүні мектепке келіп тоңып, үйлеріне барып жылынады. Интернет әлі жете қоймапты.

Ұлтымыздың біртуар ұл­да­рының атын алған мектеп­тер­дің жүдеп-жадап, әбден то­зығы жетіп тұрғаны үл­кенді-кішілі басшыларға сын.

Екінші дүниежүзілік соғыс­тағы ерлігі үшін «Даңқ» ор­де­нінің І, ІІ, ІІІ дәрежелі толық ка­валері атанған Жаңатілек ауылында туған батыр Бақыт Хайдаровтың туғанына былтыр 100 жыл толды.

Ал мектептеріміздің түрі анау.

Енді нәтижелі іс күтелік. Биыл Баянауыл ауданында «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2025 бағдарламасы» аясында 11 жоба мақұлданыпты.

Аудан әкімінің орынбасары Анар Бәденованың айтуын­ша, құны 656 млн 593 мың теңге тұратын жоба бойынша, біз жоғарыда жазған ауыл мек­теп­тері күрделі жөндеуден өтпек. Аудандағы 20 мектепке ішкі дәрет­­ханалар орнату жұмыстары жос­парланыпты.

 

Павлодар облысы,

Баянауыл ауданы