Медицина • 29 Мамыр, 2020

Covid-19 медицинаның басымдығын айқындап берді - Серік Ақшолақов

382 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев азаматтардың денсаулығын нығайту мен отандық медицинаны дамытудың маңызын айқындайтын бірқатар басты мәселелерді қозғады.

Covid-19 медицинаның басымдығын айқындап берді - Серік Ақшолақов

Бүгінде біз отандық медицинаны дамытуда үлкен жетіс­тік­терге қол жет­кіздік. Нормативтік-құқықтық дерекқор қа­лыптас­тырылды және денсаулық сақтау саласында мемлекеттік бағдар­­ла­малар қабылданды. Жыл сайын отан­дық медицина үшін қар­жыландыру көлемі айтарлықтай ұлғаюда. Атап айт­қанда, ха­лыққа мамандандырылған медициналық көмектің кепілден­дірілген көлемі көрсетіліп, медицина қызмет­кер­лерін оқытуда, заман талабына сай медициналық мекемелер салынуда. Со­ның ішінде Ұлттық нейрохирургия жә­не кардиохир­ургия орталықтары да бар. Олар отандастарымызды шетел­ге ем қабылдауға жібермей-ақ, елімізде күр­делі операцияларды жасауға мүмкін­дік беретін медициналық құрал-жабдық­тар­мен жарақтандырылуда.

Коронавирустық инфекция панде­миясы әлем елдеріне медицинаның жаңа бағыттары мен басымдықтарын айқын­дап берді. Осы жағдай өз шешімін табуды талап ететін мәселелердің бетін аш­ты. Қазақстанды алар болсақ, Мемле­кет басшысы атап өткендей, денсаулық сақтау саласында бірқатар мәселелер бас­ты назарда. Оның ішінде медицина ғы­лымын, фармацевтикалық және меди­ци­налық өндірісті, цифрландыруды, биологиялық қауіпсіздік және сани­тар­лық-эпидемиялық белсенділікті дамыту, аймақтардағы медициналық хал-ахуалды жақсарту, жаңа медициналық мекемелерді салу және тағы басқа.

Өз кезегімде, мен расында да медицина ғылымын дамыту мен медициналық қыз­мет­керлердің ғылыми және клини­калық зерттеулерге қатысуына қолдау жасау отандық медицинаның жаңа бағыт­тарын, әдістерін және технологияларын дамытуға мүмкіндік беретіндігін атап өткім келеді. Қазіргі таңда Қазақстанда бұл үшін барлық әлеует, күш-қуат жеткілікті, яғни жоғары мамандандырылған кадрлар бар. Біздің орталықта да ғылыми жұ­мыс­тар жүргізіледі. Мысалы, өткен жылы омыртқаны 3D үлгілеу туралы зерт­теу жұмысы сәтті аяқталды, бұл дербес­тендірілген медицинадағы ғаламат сілкініс, жойқын жаңалық болды. Мұндай зерттеулер медицина және фармацевтика саласындағы отандық өндірісті дамытуға және оның көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар қазір медицина саласында жүрген және болашақта осы салаға келетін дәрігерлерді ынталандыру үшін дәрі­гер беделін арттыру – өте  маңызды фактор. Медицина мамандықта­ры­на бөлінетін гранттарды көбейту қазіргі таңда өте өзекті.

 

Серік АҚШОЛАҚОВ,

Қазақстанның Еңбек Ері, медицина ғылымының докторы, профессор, ҰҒА академигі,
«Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ басқарма төрағасы