Үржар өңірінің өнерпаздары өскемендіктерді ән мен күйге сусындатса, қожалық иелері мен диқандар жәрмеңке көрігін қыздырды
Үржар өңірінің өнерпаздары өскемендіктерді ән мен күйге сусындатса, қожалық иелері мен диқандар жәрмеңке көрігін қыздырды
Күн сенбі. Өскеменнің Металлургтер мәдениет сарайы алдына қала тұрғындары сыймай кетті. Таңғы сағат 9.00-де «Туған елге – тағзым! акциясы бойынша Үржар ауданы өнерпаздары мен диқандарының Өскемендегі мәдени шарасы басталды. Алматыдан Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов, атақты балуан Дәулет Тұрлыхановтың алтын құрсақты анасы Мәрзия қажы Айтбайқызы, академик, қайырымдылығымен аты шығып жүрген Ұлықпан Сыдық, үржарлық жазушы Сәбит Шөмшеков пен белгілі меценат Сайлаубек Нұрсила, тағы басқалар аудан күнінің Өскеменде лайықты өтуі үшін алыстан атшалдырып келіп қалыпты. Аудан әкімі Серік Зайнулдин жәрмеңкенің тек базарға айналып кетпеуін қатты қадағалап, ауданда өндірілетін өнім мен мәдени жәдігерлер жайлы арнайы тігілген киіз үйде мұражай ашып қойыпты. Оны тамашалап жатқандар аз емес. Бір киіз үйде тұрмысы нашар жандарға тегін тағам ұйымдастырылып, азық-түлік үлестіріліп жатқанын көріп, риза болдық.
Бұл жолы үржарлықтар ондаған тонна жылқы, ірі қара, қой етін әкеліпті. Оның келісін 900-1000 теңгеден пышақ үстінен талап әкетіп жатыр. Алакөлдің сазаны мен көксеркесінің келісі 400 теңге ғана екен.
Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов, өңір басшысы Бердібек Сапарбаев жиналғандар алдында сөз алып, жәрмеңкенің ашылуымен құттықтады. Өңір басшысы «Туған жерге – тағзым!» акциясының жалғаса беретінін, барлық аудан, қалаларда өндірілген көкөніс, ет, сүт өнімдерінің қоңыр күзге дейін сатыла беретінін айтты.
Кешкілік Өскемен қаласының тұрғындары орталық мәдениет үйінде үржарлық өнерпаздардың өнерін тамашалады.
Оңдасын ЕЛУБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Өскемен.