07 Сәуір, 2010

ТӘУЕЛСІЗ САРАПШЫНЫҢ ОҢ БАҒАСЫ

521 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Жақында Женева қаласында БҰҰ Адам құқықтары кеңесінің 13-ші сессиясы шеңберінде БҰҰ Азшылықтар мәселесі жөніндегі тәуелсіз сарапшы Гай Мак­Дугаллмен интерактивті диалог өтті. Интерактивті диалог кезінде Тәуелсіз сарапшы ман­даты шеңберіндегі жылдық жұмысы­мен қатар, оның Қазақ­станға және басқа да елдерге жасаған сапарларының қоры­тын­дылары талқыланды. Тәуелсіз сарапшы елімізде 2009 жылы маусым айында са­пармен болғанын айта отырып, Қазақстан Үкіметіне ын­ты­мақ­тастық үшін терең ризашылығын білдірді. Г.МакДугалл Қазақстанда 130-дан астам түрлі этнос тұрып жат­қанын және ұлтаралық тату­лықтың үлгісі ерекше мақтаныш­пен атап өтілуі тиіс екенін айтты. Осы ретте, азшылықтар мәсе­ле­сі­не қатысты оң бастамалар тұрақтылық пен әралуандылыққа деген құрметтің кепілі болып табылады. Бұл орайда мемле­кеттік саясат түрлі этностардың өз тілін сақтап қалуына, ұлттық мәдениет пен дәстүрін дамыту үшін қажетті этно-мәдени ассо­циациялардың құрылуы және қаржыландырылуына қолдау көрсетіп келеді. БҰҰ-ның тәуелсіз сарапшы­сы Қазақстан халқы Ассамблея­сының рөліне ерекше тоқталып, “Ассамблея азшылықтарды тану және олардың мәдени мұрасын сақтап қалуда Қазақстанның ха­лық­аралық қауымдастық алдын­дағы  жауапкершілігін көрсететін маңызды ұлттық символы” деп баға берді. Г.МакДугалл Қазақстан ай­тар­лықтай жас мемлекет екен­ді­гін және ол өз мемлекеттілігін нығайтуда, қазақ тілін және қа­зақ мәдениетін жаңғыртуда қи­ындықтар жоқ емес екенін мой­ындай келе, бұған қарамастан, Қазақстан барлық ұлттар мен этностық топтарға құшағы ай­қа­ра ашық екенін, сонымен бірге, өзіне тән ұлттық куәлік қалып­тастыруға күш жұмсап жатқанын мәлімдеді. БҰҰ-ның тәуелсіз сарапшы­сы ұлттық азшылықтардың өз ана тілінде білім алу сапасын арттыру, тиісті оқулықтармен қамтамасыз етуде шешілмеген бірқатар мәселелері бар екенін қабылдай отырып, Үкіметтің бұл бағыттағы оң қадамдарын одан ары жалғастыруын сұрады. Г.МакДугалл Қазақстандағы ұлтаралық татулықты жоғары бағалап қана қоймай, дінаралық төзімділік пен үйлесімділік және діни бостандықтың жоғары деңгейіне тоқталып өтті. Өз кезегінде Қазақстан Үкі­ме­тінің өкілі БҰҰ Адам құқық­тары кеңесімен және БҰҰ Тәуел­сіз сарапшысымен одан ары сындарлы ынтымақтастықты жал­ғастыруға дайындығын мә­лім­деді. Интерактивті диалог бара­сын­да Адам құқықтары кеңесінің мүшелері Қазақстан мемле­кеті­нің қазақ тілін, мәдениетін қайта жаңғырту және басқа ұлттардың құндылықтарын сақтап қалудағы тәжірибесін қызығушылықпен қабыл алғандарын айтты. “Егемен-ақпарат”.