«KEGOC» АҚ – орталықтандырылған жедел-диспетчерлік басқаруды, басқа мемлекеттердің энергия жүйелерімен қатарлас жұмысты қамтамасыз етуді, энергия жүйесіндегі балансты қолдауды, жүйелік көрсетілетін қызметтерді және электр энергиясы нарығы субъектілерінен қосалқы көрсетілетін қызметтерді сатып алуды, сондай-ақ электр энергиясын ұлттық электр желісі бойынша беруді, оған техникалық қызмет көрсетуді және пайдалану әзірлігінде ұстауды жүзеге асыратын жүйелік оператор.
Нұрлан Ноғаев жүйелік оператордың ұлттық диспетчерлік орталығының жұмысымен танысты, сондай-ақ электр энергетикасы саласын дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізді. «KEGOC» АҚ Басқарма Төрағасы Бақытжан Қажиев Министрге Қазақстанның электр энергетикасы саласының ағымдағы жай-күйін мәлімдеді.
Жұмыс барысында «KEGOC» АҚ-тың жұмыс нәтижелері туралы, Ұлттық электр желісін күшейту жөніндегі іске асырылған және ағымдағы жобалар туралы, сондай-ақ компанияның перспективті жобалары туралы есептер тыңдалды.
Сондай-ақ, Министрге ЖЭК секторындағы және қуат нарығында «Жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі қаржы-есеп айырысу орталығы» ЖШС-ның қызметі туралы ақпарат және электр энергетикасы нарығының осы сегменттеріне егжей-тегжейлі талдау ұсынылды.
Кеңестің қорытындысы бойынша Энергетика министрі уәкілетті тұлғаларға бірқатар нақты тапсырмалар берді.