Онлайн жиынға филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахмет, алаштанушы, тарих ғалымдарының докторы, профессор, академик Мәмбет Қойгелдиев, жазушы Смағұл Елубай, ғалым Талас Омарбеков, тарих ғалымдарының докторы Қайдар Алдажұманов, жазушы, публицист, тарих ғылымдарының кандидаты Бейбіт Қойшыбаев, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов, филология ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Ісімақова қатысты.
«Egemen Qazaqstan» газетінің басқарма төрағасы, дөңгелек үстелдің модераторы Дархан Қыдырәлі бұл тақырыпты қозғаудың маңыздылығына тоқталды.
«Өздеріңізге мәлім, 31 мамыр – Қазақстанда саяси қуғын-сүргін ашаршылық пен құрандарын еске алу күні. Осыған орай ел газеті «Egemen Qazaqstan» арнайы дөңгелек үстел ұйымдастырып отыр. Біраз уақыттан бері ел газетінде ашаршылық, саяси қуғын-сүргін, репрессия тақырыбы жүйелі түрде көтеріліп келе жатыр. Газеттің әр санында жер-жердегі, өңірлердегі ашаршылық мәселесін қозғап жатырмыз. Және осы тақырыпты алдағы айда да көтере беретін боламыз. Себебі бұл жылдар – ғасыр зұлматы, ел басына түскен ауыр кезең, ауыр қасірет, үлкен нәубет. Сондықтан біз бүгінгі тақырыпта ашаршылық туралы көбірек айтсақ деген ойымыз бар. Себебі, саяси қуғын-сүргін, репрессия тақырыбы өте ауқымды», - деді Дархан Қыдырәлі.
Сондай-ақ ол ашаршылық жылдары туралы айтылып жүрген деректерге тоқталды.
«Тіпті ашаршылықтың өзі көбінесе 1932 жылдан бастап айтылып келе жатыр. Ал 1921 жылғы ашаршылыққа келесі жылы 100 жыл болады екен. Одан арыға барсақ, 1918 жылғы Жетісудағы, Түркістан жеріндегі алапат ашаршылықтың зардаптары да бар. «Жұт жеті ағайынды» деген. Кеңес үкіметінің орнауымен, 1916 жылғы көтеріліспен бірге басталған Қазан төңкерісі, ақ пен қызылдың қырғыны, ашаршылық, күштеп ұжымдастыру, кәмпескелеу, межелеу саясаты, сонымен қатар шекара асқан, жат жерге барып сіңіп кеткен қандастарымыздың мәселесі, репрессия мәселесі түптеп келгенде зұлмат кезеңнің бір көрінісі болатын», - деді «Egemen Qazaqstan» газетінің басқарма төрағасы.
Жиынға қатысқан ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне байланысты тұшымды пікірлерімен бөлісіп, ұсыныс-тілектерін жеткізді.