Қазақстан • 31 Мамыр, 2020

Ашаршылық құрбандарына арналған музей ашу ұсынылды

569 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мұндай ұсынысты жазушы, публицист, тарих ғылымдарының кандидаты Бейбіт Қойшыбаев «Egemen Qazaqstan» газеті ұйымдастырған қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған «Ғасыр зұлматы» тақырыбындағы онлайн дөңгелек үстелде жасады.

Ашаршылық құрбандарына арналған музей ашу ұсынылды

«1997 жылы саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні етіп белгіленді. Ашаршылық соның тасасында қалды. Іс жүзінде бұларды бір-бірімен салыстыруға келмейтін ұғым. Саяси қуғын-сүргіннің қасірет екені рас. Біздің елде 120 мыңдай адам сотталды, оның 25 мыңы атылып кетті дейміз. Ал ашаршылықтан 1917 жылдан 1933 жылға дейін 16 жылдың ішінде біздің есебіміз бойынша 4,5 миллион адам құрбан болды. Сол құрбан болғандардың ықтимал табиғи өсімін есептесек, 10 миллиондай адамнан айырылдық. «Әділет» ұйымы бірнеше рет конференция өткіздік. Ғалымдардың бәрі қатысты. Бірнеше ұсыныс жасадық. 31 мамырдың қарсаңындағы жұмада ғибадат орындарында, мектептерде, мекемелерде ашаршылық құрбандарын арнайы еске алу күнін өткізейік деген мәселе көтерілді. Басында бізді қолдап, сол кездегі Бас муфти Әбдісаттар Дербісәлі жұма намазында уағыз айтып, жақсы түсіндірген еді. Кейін біртіндеп қала берді. Содан соңғы екі-үш жылда ғана саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу деп қоса бастады. Оның өзінде дұрыс аталып жатқан жоқ»,- деді жазушы.

Бейбіт Қойшыбаев ашаршылық құрбандарын арнайы еске алу күнін өткізумен қатар, осы тақырыпты зерттейтін институт құрып, оның жанынан музей ашуды ұсынды.

«Еврейлердің дүние жүзі білетін холокостты зерттейтін институты және арнайы еске алу музейі бар. Сонда құрбандардың суретімен толымды мағлұмат беріп, әсерлі музей жасаған. Бізге де сондай институт құрып, оның жанынан музей ашу керек. Біздің халық – шежірешіл халық. Құрбандардың аты-жөнін қалпына келтіруге болады. Ғылыми еңбектерді, әрі шежірешілердің мәліметін пайдаланып, әсері ғаламат музей ашуға мүмкіндік бар. Бұл осынау қасіретін түсіну үшін және іс жүзінде халықты бірлікке ұйыту үшін маңызды болар еді»,- деп атап өтті Б.Қойшыбаев.

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше