Севара Нурматова Тараз қаласына 2016 жылы көшіп келеді. Қалаға көшіп келудегі мақсаты жүзумен айналысып, спорттық дағдыларын дамыту болған. Дегенмен қалалық «Мүгедек жастар қоғамы» Қоғамдық бірлестігімен танысқанда оның ойы күрт өзгерді. Осы ұйымнан жұмыс бойынша жақсы ұсыныс түсіп, өзінің бұрыннан бері армандаған ісі – қолөнермен айналысу мүмкіндігіне ие болды. Осылайша «Үміт» жобасының еңбек бағыты бойынша нұсқаушысы болып жұмысқа орналасты. Уақыт өте келе бірлестік басшыларынан жаңа «Дөңгелекті дүкен» жобасын дамытуға ұсыныс келіп түсті.
«Осы жоба бойынша жұмыс жасауға ұсыныс түскенде еш ойланбастан келістім. Себебі бұл мен үшін жаңа тәжірибе болатын. Мен әрқашан ерекше адамдармен бірге әдемі әрі пайдалы кәдесыйларды жасауды армандайтынмын. Өйткені мұндай адамдардың қиялдары өте ұтқыр, сөзбен түсіндіре алмайтын дүниелерін қолмен жасалған бұйымдар арқылы жеткізеді», - деп Севара өз ойымен бөлісті.
«Samruk-Kazyna Trust» Қорының қолдауымен «Дөңгелекті дүкен» жобасы аясында мүгедектігі бар адамдарды оқыту және жұмысқа орналастыруға дайындау үшін ұйымның материалдық-техникалық базасы жақсартылды. Атап айтқанда тігін машинасы мен лазерлік қондырғы сатып алынды. Бұл құрылғылар жұмыстың тиімділігін едәуір арттырды: жұмыс қарқыны артып, шығарылатын өнім көлемі көбейді.
Севараның үйлестіруімен жұмыс жасайтын дүкеннің шеберханасында психоневрологиялық аурулары бар адамдар жұмыс жасайды. Шеберлер жоба аясында киіз, керамика, тас, ағаштан жасалған халық шығармашылығының кәдесый өнімдерін дайындау дағдыларын меңгерді. Оларды қолөнер жасауға үйрету арқылы қолдау көрсету, жұмысқа орналастыру және әлеуметтендіру – «Дөңгелекті дүкен» жобасының басты мақсаты.
Сонымен қатар, «Дөңгелекті дүкен» жобасы аясында мүмкіндігі шектеулі адамдар өз қолдарымен жасалған бұйымдарды сата алатын автобус ұсынылып, қолжетімді әлеуметтік бағдар құрылды. Сондай-ақ қолөнерді үйреніп өз ісін ашқысы келетіндерге арнап шеберлік сабақтары өткізілуде.
Ресми деректерге сүйенсек, қазіргі таңда Тараз қаласында 11 000-дай мүмкіндігі шектеулі жандар тұрады, оның үштен бір бөлігі ғана жұмыспен қамтылған. Дәл осы сияқты жобалар адамдарға сүйікті қолөнермен айналысуға және одан табыс табуға көмек береді.
«Әрекеттің» маған берген тәжірибесі мол. Осы жобаның арқасында шеберханамыздың жұмысы алға басып, 15 адамды оқудан өткізіп олардың барлығын жұмысқа орналастырдық. Олардың арасында жасы да кәрісі де бар. Жобадағы ең басты жетістігім – өзіммен тағдырлас адамдарға көмек бере алғаным, олардың алғысына бөленгенім. Қазірде оқудан өткен шеберлердің көпшілігі өздігінен, менің көмегімсіз-ақ керемет дүниелер жасай алады», - деп ағынан жарылды Севара.
Әлемде жарияланған карантин бұл дүкенге де әсер етті. Соңғы 2 ай көлемінде шеберлер қашықтықтан жұмыс жасап келеді. Жұмыс бір жүйеге келтірілген: қажетті шикізат материалдар жұмысшылардың үйіне жеткізіледі, содан кейін берілген тапсырыс немесе қажеттілікке байланысты бұйымдар дайындалады. Әзірленген бұйымдарды шеберханаға жеткізіліп ары қарай сатуға қойылады, тапсырыс арқылы жеткізіледі.
Севараның айтуы бойынша «Дөңгелекті дүкен» жобасында жинақтаған тәжірибе басқа бағыттарды бағындыруға ықпал етуде және карантин кезінде масканы алушылар саны артқандықтан, шеберлер көп реттік маскаларды тігіп, жеткізіп берумен айналысты. Сонымен қатар, дүкеннің жұмысына тәнті болған жандар өз тапсырыстарын беруде. Сәуір айының өзінде шахмат топтамасын жасауға 8 тапсырыс түскен.
Болашақта шеберхана қызметін кеңейтіп, барлық жағынан табысты ұйымға айналу жоспарлануда. Бұл бизнес инкубатордың бір түрі ретінде мүмкіндігі шектеулі адамдарды қолданбалы өнерге және тігуге үйрететін болады. Және олар өз оқуын аяқтағаннан кейін де жан-жақты қолдау көрсетілетін болады.
Бұл жетістіктер әлеуметтік кәсіпкерлік бағытында жасалып жатқан дүниенің бір бөлігі. «Дөңгелекті дүкен» Севара Нурматова және оның қол астында жұмыс жасайтын жандар үшін бағалы орын. Себебі олар дәл осы ортадан өздерін тапты, қоғаммен араласып, белсенді өмір сүріп, өз табыстарын адал еңбекпен табуда. Осылайша аймақтарда «Әрекет» жобасының басты мақсаты - әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту жүзеге асырылып жатыр.