Тарих • 30 Мамыр, 2020

Жансейіт Түймебаев: Жаппай қуғын-сүргінді ұмытуға болмайды

166 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласындағы Достық үйінде «Қазақстан: тарихи тағылым саясаты» халықаралық онлайн конференциясы өтті. Конференция ҚХА-ның Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне қатысты «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» атты жыл сайынғы халықаралық жобасы аясында ұйымдастырылды.

Жансейіт Түймебаев: Жаппай қуғын-сүргінді ұмытуға болмайды

Онлайн-конференция жұмысына Қазақстан Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Д.Абаев, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ж.Түймебаев, Ресей халықтары Ассамблеясы Кеңесінің төрағасы, Еуразия халықтары Ассамблеясы Бас хатшылығының басшысы С.Смирнова, Беларусь Ұлттық Жиналысы Өкілдер Палатасының депутаты П.Жданович, Ресей мемлекеттік гуманитарлық университетінің президенті, Ресей Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, тарих ғылымдарының докторы Е.Пивовар, сценарист, режиссер, «АЛЖИР» тұтқыны Лидия Френкельдің немересі Д.Виолина. ҚазақстанПрезиденті Мұрағатының директоры Д.Әбдіқадырова. Қазақстан Парламенті депутаттары, шетелдік және қазақстандық сарапшылар мен ғалымдар, қуғын-сүргін құрбандарыныңұрпақтары, ҚХА мүшелері, шығармашылық және ғылыми зиялы қауым, мемлекеттік органдар мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты.

Іс-шара барысында спикерлер Елбасы Н.Назарбаевтың қазақ халқына қатысты тарихи әділдікті қалпына келтірудегі рөліне ерекше тоқталды. Сондай-ақ революция, азамат соғысы, 1921-22 жылдардағы ашаршылық, ұжымдастыру және 1932-33 жылдардағы ашаршылық салдарынан миллиондаған қазақ туған жерін тастап, жан сауғалап, дүние жүзіне шашырап кетуге мәжбүр болғанын сөз етті.

Өз сөзінде Жансейіт Түймебаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жазықсыз жапа шеккен қандастарымыздың ұрпағының өз отанына оралуына баса көңіл аударғанын атап көрсетті. «Елбасы 1992 жылғы 28 қыркүйекте Алматыда әлемнің 30 мемлекетінде тұратын қазақтардың басын қосып, Дүниежүзі қазақтарының бірінші құрылтайын шақырды. Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы құрылды және шетелде тұратын қазақтарды және Отанына қайтып келген қандастарымызды қолдау мақсатында «Отандастар» қоры құрылды. 2017 жылы өткен Дүние жүзі қазақтарының V құрылтайына 39 елден келген 800-ден астам қазақ диаспорасының өкілдері жиналды. Елбасы бұл жиында сөйлеген сөзінде: «Біз Тәуелсіздік жылдарында алыстағы ағайынды қолдауды естен шығарған емеспіз. Шетелден 1 миллионға жуық қазақты елге көшіріп алып, қолдан келер барлық көмегімізді жасадық» деп атап өтті. Ұлт Көшбасшысы өз халқына және туған жеріне адал әрбір қазақ үшін Қазақстанның есігі әрқашан ашық екенін еске салды», деді Ж.Түймебаев.

Сондай-ақ ҚХА Төрағасының орынбасары Ж.Түймебаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сұхбатындағы: «Жаппай қуғын-сүргіндерді, оның ішінде Қазақстан аумағында да болған қуғын-сүргіндерді ұмытуға болмайды... қазақ зиялылары түрмелерде Сталиндік сатраптардың қолынан іс жүзінде жазықсыз қаза тапты» деген сөзіне екпін берді.

Пленарлық отырыс «Депортация. Репрессия. Тағылым» және «Ашаршылық. Соғыс. Тәлім» тақырыптарындағы панельдік сессиялармен жалғасты. Қатысушыларға Қазақстан Президенті мұрағатының тарихи-құжаттық көрмесі, КарЛАГ және АЛЖИР музей-мемориалдық кешендерінің материалдары бойынша таныстырылымдар ұсынылды.