Аймақтар • 01 Маусым, 2020

Маңғыстау: Құрықта кеме жасалады

391 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Сауда-саттық тасымалы, келім-кетім ағыны экономикаға күш беретін басым бағыттардың бірі болғандықтан Маңғыстау жарты аралының өткізгіштік мүмкіндігінің маңызы арта түсті.

Маңғыстау: Құрықта кеме жасалады

Өңірде бүгінге дейін жасалған жұ­мыс­­тарды бұл бағыттағы жұмыстар­дың бастамасы деуге болады, келешекте Маңғыстаудың көлік-логистикалық саладағы жұмыстары мен жоспарлары молая түспек. Өйткені теңіз жолы мен құрлық жолындағы дәліздік инфра­құрылымның мүмкіндігі, яғни Ақтау халықаралық әуежайы, Ақтау теңіз сау­да порты, Құрық порты, Баутино теңіз порты, Ақтау теңіз солтүстік терминалы, сондай-ақ жаңғырған автокөлік жол­дарының болуы қазірдің өзінде жетіс­тіктерге қол жеткізуге жол ашты. Мысалы, 2019 жылдың қорытындысы бойынша Қытай – Еуропа – Қытай ба­ғытындағы тауар тасымалының  88%-ы Қазақстан арқылы өткен, ал бұл көр­сеткіш одан бір жыл бұрын 77%-ды құраған болатын. 

– Маңғыстаудың теңіз портындағы әлеуетті нысандарының бірі – Құрық порты. Темір жол желісінің тікелей тартылуы басқа елдерден келген клиенттер  үшін өте тиімді, яғни жол ұзақтығы қысқарады. Сондай-ақ аталған портқа Түркия, Иран, Румыния, Грузия және Әзербайжаннан жүктер келеді. Бүгінде Қазақстанның транзиттік әлеуетін одан әрі дамыту үшін экономикалық тартымды бағыт құру бойынша бірқатар жұмыс атқарылуда. Мәселен, бұған дейін  жоспарланғандай 2020 жылы Құрық портының жүк айналымы 2 млн тоннаны құрауы тиіс. Бізде ондай көрсеткішке жететін  мүмкіндіктер бар. Ең бастысы, халықаралық деңгейде өзіміздің бәсекеге қабілеттілігімізді көрсету және Қазақстан арқылы тасымалдаудың тиімділігін дәлелдеу, – дейді Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов.

 

Құрықта кеме жасалады

Айдыны бар, порты бар, бүгінге дейін тон­налаған жүктерді тасымалдап үлгер­ген елімізде жеке паромдар жоқ болатын. Бұл өз алдына мәселелердің туындауына соқтырып та жүр. Бірақ 2023 жылға арнал­ған инфрақұрылымды дамытудың жаңа бағдарламасы аясында паром салу мүмкіндігі қарастырылған, сондай-ақ Құрықта кеме жасау жобасы іске асырылатын болады.

Бірнеше көлік хабтарының қиылы­сында орналасқан Ақтау теңіз сауда пор­тының стратегиялық маңызы жоғары. Маңғыстау облысы әкімдігінің берген мәліметіне сүйенсек, 2019 жылы порт 3,5 млн тоннадан астам жүк қабыл­дады, бір жыл бұрынғы көрсеткіш 39 мың тонна, яғни 1,1%-ға төмен бол­ған. Сондай-ақ Ақтау портында өңдел­ген контейнерлердің көрсеткіштері 6 есеге-13,3 ДФЭ-ге дейін артты. Бұған Ақ­таудан Әзербайжанға фидерлік тасымалды іске қосу себеп болды.

Ақтауда полипропилен, калий ты­ңайт­қыштары, техника, мыс, құрылыс материалдары сынды жаңа жүк түрлері қайта бағдарланып, сонымен қатар клиенттерге кепілді көлем тасы­мал­да­ған жағ­дайда жеңілдіктер берілу жолға қойылған.

Қытай-Еуропа бағытындағы тасымалдау көрсеткіштерінің өсуіне қазақстандық темір жол тарифтерінің  ресейлік тарифтерден 2-3 есе төмен болғаны  ықпал етті. Бұдан басқа, жүктердің 90%-ға жуығы өзіндік құнынан төмен тасымалданады.

2019 жылдың қорытындысы бойынша Құрық порты арқылы  1,3 млн тонна, Ақтау порты арқылы  3,5 млн тонна, Ақ­тау солтүстік терминалы арқылы  1 млн тонна – барлығы   5,8 млн тонна жүк та­сы­­мал­данған. Ал теміржол тасымалы 3,8 млн тон­наны құрады.

 

Құрлық жолының қуаты артады

Маңғыстау облысы әкімі С.Трұмов­тың айтуынша, порттардың қуатын және жүк тасымалдау көлемін арттыру үшін сапалы жол-көлік жүйесін құру маңыз­ды. Сондықтан  автомобиль жолдарын жөндеуге үлкен мән берілуде.

Өңірдегі автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 3 мың шақырымды құрайды.  Соның ішінде 1 049 шақырым – республикалық маңызы бар, 1 028,7 – облыстық және 900 шақырым аудандық маңызы бар жолдар. Біраз жылдан бері тұрғындар мен жолаушылардың жанай­қайына негіз болған жолдар мәселесі біртіндеп реттеліп келеді. Бірақ салынған немесе жөнделген жолдардың сапасы назардан тыс қалмауы керек.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша автомобиль көлігімен тасымалданған барлық жүк айналымы 100%-ға өсіп, 8,5 млрд тоннаны құраған. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жалпы ұзындығы 158 шақырымды құрайтын  республикалық маңызы бар жолдардың  қайта жаңарту жұмыстары аяқталды.

– Бұл ше­кара трассасының 85 шақыры­мы Бейнеу – Ақжігіт – Өзбекстан жә­не Жетібай-Жаңаөзен жолының 73 ша­қырымы. Сондай-ақ Жыңғылды- Ша­йыр-Шерқала бойында 126 шақы­рымға  жуық жөндеу жұмыстары жүргізіліп, «Ата жолы» бойында екінші кезең жұмыстары жүргізілуде, – деді С.Трұмов.

Өңір басшысының айтуынша, 2019 жылы жалпы ұзындығы 150 шақырымды құрайтын,  құны 9,95 млрд теңге болатын төрт маңызды бағыт бойынша жұмыстар аяқталды. Ең қымбат жоба­лардың бірі – құны 8,2 млрд теңгені құрай­тын, Құрықтан Құрық портына дейінгі ұзындығы 22 шақырым жол. Қалған үш жоба бойынша орташа жөндеу жұмыстары қарастырылған. Сондай-ақ биыл ұзындығы 275,4 шақырым болатын 8 автомобиль жолын қайта жаңарту жұ­мыс­тары аяқталып, 60 шақырымдық 6 жоба бойынша жұмыс жалғасатын болады.

1

Ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру үшін аудандық маңызы бар жолдардың сапасын жақсартуға көңіл бөлінеді, яғни 24,3 шақырым жолға орташа жөндеу жүргізілді, 7,5 шақырымға  жаңа жол салынды. Биылғы құны 4 млрд теңге болатын 44,4 шақырым жол құры­лысы және 52,2 шақырым жолды орташа жөндеу жұмыстары жоспарланған.

– Ауыл әлеуетін арттыру тұрғысында биыл ұзындығы 64 шақырым Құрық-Жетібай жолын жөндеу мәселесін шеше­тін боламыз. Тұрғындар үнемі осы мәсе­ле­ні көтеріп келеді. Әзірге  қаржы­лан­дыру көздерін іздестірудеміз, – деді әкім.

Көлік-логистикалық бағытта Маңғыс­тауда әлі талай жаңа жобалар мен тың идея­лардың өмірге келетіні анық, өйткені ай­мақ­тың географиялық орналасуы жаңа­шыл істерді бастауға мол мүмкіндік береді.

 

Маңғыстау облысы