Аймақтар • 01 Маусым, 2020

Көшедегі жарнамадан көз сүрінеді

1134 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мағынасы жоқ аудармалар, әріп қателері мен орынсыз қойылған тыныс белгілер. Мұндай сауатсыздық қала көшелеріндегі жарнамаларда жиі кездеседі. Тіл мамандары көрнекі ақпараттардың сауатсыздығын айтып, дабыл қаққанымен, көз сүріндірер қате азаяр емес.

Көшедегі жарнамадан көз сүрінеді

Сондай-ақ көше  атауларының жазылуында да кемшіліктер жетерлік. Яғни, бір көшенің өзінде екі атау жазылған. Бұрынғы Куйбышев көшесіне белгілі қоғам қайраткері Мақтай  Сағдиевтің есімі берілген болатын. Бақандай екі  жыл  өтсе де, көшенің екі бетінде ескі атауы мен жаңа атауы қабат жазулы тұр. Қала бойынша осындай көшелер көп. Мәселен, Уәлиханов көшесінде осындай қателіктер жетіп артылады. Сала мамандарының айтуынша, бұл  күні облыс орталығында 56 көшенің атауы өзгертілген.

– Біз биыл үйлердегі 980 аншлангты ауыстырамыз деп отырмыз және 181 көше бағыттаушы белгілерді ауыстырамыз. Бұл жұмысқа жергілікті бюджеттен 7 млн 800 мың теңге қаржы бөлінді, – дейді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Марат Айжарықов.

Сонымен қатар  көшедегі жазылған жарнама мен көрнекі ақпарат мәтіндеріндегі қателер де бірден көзге түседі. Атап айтсақ, қазақ тілін бұрмалап, сөздерді қате жазу, орыс тілінен тура мағынада аудару сияқты олқылықтар орын алады. Осындай кемшіліктердің алдын-алу бағында облыстық ішкі саясат басқармасында «Жедел желі» консультациялық көмек беру жұмыстары жүргізілген. Осы жылдың 4 айында жеке кәсіпкерлер тарапынан 200-ден астам қоңырау шалынып, сұрақтарға жауап берілген.

– Тіл туралы Заңның 21-бабына сәйкес көрнекi ақпараттың барлық мәтiнi мемлекеттiк тiлде – сол жағына немесе жоғарғы жағына, орыс тiлiнде оң жағына немесе төменгi жағына орналасып, бiрдей өлшемдегi әрiптермен жазылуы қажет. Бірақ осы талаптар  орындала бермейді. Кейбір кәсіпкерлеріміз өз жарнамаларын тек орысша жазуды құп көреді. Біз маусым айынан бастап арнайы акция жүргіземіз. Сол акция аясында қате жазылған жарнамаларға, заңнамаға қайшы келетіндерге ескертулер жасалып, ұсыныс хаттар  жіберіледі, – дейді облыстық ішкі саясат басқармасы тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің жетекшісі Айгүл Талпақова.

Иә, құзырлы орындардың құзыреттілігі шектеулі. Осы ретте, облыстық ішкі саясат басқармасы «сауатты жарнама» атты онлайн байқау жариялады. Байқау шарты бойынша қала көшелеріндегі Тіл заңнамаларын бұзған жарнамалар мен көрнекі ақпараттарды суретке түсіріп, мекенжайын белгілеп, басқарманың электронды почтасына жіберу керек. Оған кез-келген адам қатыса алады. Жеңімпаздарға ақшалай сыйақылар табысталады. Байқау қорытындысы 30 маусымда  шығады. Бұл байқау қала көшелеріндегі көз сүріндіретін жарнамалардағы қателердің  азаюына септігін  тигізері сөзсіз.

 

Көкшетау қаласы

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше