03 Қазан, 2013

Ауқымды міндеттер жүктейтін бес бағыт

314 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Үстіміздегі жылғы 2 қыркүйек күні V шақырылған Қа­зақ­стан Республикасы Пар­ла­ментінің 3-сессиясында Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаевтың Пар­ла­менттің өткен сессиядағы жұмыстарына оң баға беріп, елдегі қазіргі жағдайға толық шолу жасап, депутаттар алдына бес бағыт бой­ынша еліміздің әлеуметтік, сая­си-экономикалық дамуын заң­ды­лық тұрғыдан қамтамасыз ете­тін Парламент депутаттарының мін­деттерін айқындап бергені белгілі.

Елбасы өзінің сөзінде: «Пар­ламент жоғары саяси жауап­кер­шілік режімінде жұмыс істеп, халық өкілі ретіндегі өз мін­де­тін абыроймен атқарып келеді. Ал­дағы уақытта да осы қарқыннан таймау қажет. Себебі, біз даму­дың ең шешуші сатысы – «Қа­зақ­стан-2050» Стратегиясын жү­зе­ге асыру кезеңіне аяқ бастық. Стратегияның алға қойған негізгі мақсаты – әлемдегі ең озық 30 мемлекеттің қатарына ену. Бұл барша Қазақстан халқына, оның ішінде сіздерге айрықша міндеттер жүктейді», деп атап өтті.

Үстіміздегі жылғы 2 қыркүйек күні V шақырылған Қа­зақ­стан Республикасы Пар­ла­ментінің 3-сессиясында Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаевтың Пар­ла­менттің өткен сессиядағы жұмыстарына оң баға беріп, елдегі қазіргі жағдайға толық шолу жасап, депутаттар алдына бес бағыт бой­ынша еліміздің әлеуметтік, сая­си-экономикалық дамуын заң­ды­лық тұрғыдан қамтамасыз ете­тін Парламент депутаттарының мін­деттерін айқындап бергені белгілі.

Елбасы өзінің сөзінде: «Пар­ламент жоғары саяси жауап­кер­шілік режімінде жұмыс істеп, халық өкілі ретіндегі өз мін­де­тін абыроймен атқарып келеді. Ал­дағы уақытта да осы қарқыннан таймау қажет. Себебі, біз даму­дың ең шешуші сатысы – «Қа­зақ­стан-2050» Стратегиясын жү­зе­ге асыру кезеңіне аяқ бастық. Стратегияның алға қойған негізгі мақсаты – әлемдегі ең озық 30 мемлекеттің қатарына ену. Бұл барша Қазақстан халқына, оның ішінде сіздерге айрықша міндеттер жүктейді», деп атап өтті.

Шын мәнінде, біздің алдымызда ауқымды міндеттер тұр. Олар жаңа сессияда Елбасы айқындап берген заң шығару жұмыстарының бес бағыты: еліміздің экономикасының қарыштап дамуын құқықтық тұр­ғыдан қамтамасыз ету, әсіресе, инвестициялық бағытты, «жасыл экономиканы» барынша дамы­ту; азаматтарды әлеуметтік қам­та­масыз ету, ең алдымен, зейнет­ақы жүйесін реформалау; құқық қор­ғау заңнамасын жаңғырту жә­не терең реформалау, сондай-ақ қол қой­ылған маңызды мемле­кет­аралық келісімдер.

Сонымен қатар, Елбасы ЭКСПО-2017 көрмесін ұйым­дас­тыру мен өткізу туралы заң жобаларын «шұғыл» деп жариялады. Бұл заң жобаларын Парламент 2014 жылдың І тоқсанында то­лық қабылдауы тиіс. Елбасы қой­ған мін­деттерді іске асыруда Пар­ла­мент депутаттарының жергілікті ха­лықтың, шаруалардың, кәсіп­кер­лердің ұсыныс-пікірлерін, сын-ескертпелерін ескеруі өте маңызды.

Биылғы жазғы демалыстың соңын­да елге, яғни Оңтүстік Қа­зақ­­­стан облысына барып, ха­лық­тың жағдайымен, атқары­лып жат­қан жұмыстарымен таныс­тық. Көпшіліктің ұсыныс-пікір­лерін тыңдадық. Елбасының бас­шы­лығымен еліміздегі жүргізіліп жат­қан реформалар барысын тү­сін­діріп, Парламенттің бір жылдық жұмысы туралы есеп бердік. Биылғы жыл облыс тұрғындары үшін қолайлы болып тұр. Жұмсақ қыс, жаңбырлы көктем мен жаз тау бөктерлері мен сайын даланы құл­пыртып, көкорай-шалғынға бөлесе, Қызылқұм мен Мойынқұм жайылымға бітіп қалды. Мал азығын жинау рекордтық көлемге жетіп, 3,8 миллион тонна жемшөп дайындалды.

Кездесуде тұрғындар Елба­сы­мыз­дың салиқалы саясатының ар­қа­сында еліміздің экономикасы қарқынды дамып, халықтың әл-ауқатының жылдан-жылға өсіп келе жатқанын, елді мекендерде мектеп, аурухана, медпункттер са­лынып, жол, электр жүйелері жаңа­ланып, әр үй ауыз сумен қам­тамасыз етіліп, елді мекендер көрік­теніп, абаттана түскенін, бұл жұ­мыстар биыл да жалғасын тауып жатқанын айтты. Биылғы жыл – Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясында қойылған міндеттерді орындаудың алғашқы жылы. Елбасымыздың басшылығымен біз көздеген мақсаттарға міндетті түрде жетіп, Мәңгілік Ел боламыз, ол үшін ең бірінші елде ынтымақ пен бірлік, тұрақтылық пен татулық болуы керек. Әрбір азамат өз орнында аянбай еңбек етіп, еліміздің алға дамуына өз үлестерін қосуы тиіс.

Облыста ауыл шаруашылығын әртараптандыруға, еңбек өнім­ді­лігін арттыруға ерекше көңіл бө­лінуде. Озық агротехникалық тәсілдерді енгізудің арқасында егін шаруашылығының өнімділігі артты. Жыл басында қосымша 95 гектар жерге жылыжай орналастырылып, оның көлемі 665 гектарға жетті. Бұл республикадағы жылыжайлардың 87%-ын құрайды. Өткен мерзімде жылыжайлардың есебінен 45 000 тонна көкөніс өні­мі өндіріліп, Астана қаласы мен Сол­түстік облыстарға жіберілді.

Тамшылатып суару әдісі 3,9 мың гектар жерге ендіріліп, жалпы көлемі 24,7 мың гектарға жетті. Бұл – республикадағы тамшылатып суару әдісімен игерілген жер көлемінің 72%-ы.

Мал шаруашылығы да да­му үстінде. Мал тұқымын асыл­дан­ды­рудың бірден-бір жолы қолдан ұрықтандыру болғандықтан, үсті­міздегі жылы барлық елді мекен­дерде малды қолдан ұрықтан­ды­ратын бекеттер салу жоспарланып, тиісті қаржы бөлінді. «Сыбаға» бағдарламасы да орындалуда. Облыста республикада алғаш рет «бір терезе» қағидасы бойынша «Кә­сіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» ашылып, мыңдаған кәсіпкерге жәрдем көрсетуде.

Осыдан 2-3 жыл бұрын Оң­түс­тікке келген сапарында Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Шымкентті елі­міздегі үшінші қалаға айналдыру керек. Шымкент миллион тұрғыны бар сәулетті қала болуы тиіс», деген болатын. Елбасының осы тапсырмасын орындау мақсатында қаланың бас жоспары жасалып, Үкіметте бекітілді. Жаңа бас жос­пар бойынша қала аумағы үш есеге ұлғаяды. Жан-жақты қызу тал­қылаудан кейін жаңа іскерлік әкімшілік орталық салынатын жер – «Нұрсәт» шағын ауданы болып таң­далған.

Елді мекендерді аралағанда түй­геніміз, облыс әкімдігінің елдегі тұрақтылық пен ынтымақ-бірлікті қамтамасыз етудегі, реформаларды жүзеге асырудағы тиянақты жұмыстарының арқасында ха­лықтың әл-ауқаты артып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрақты түрде алға басқаны бай­қалды. Соның айғағындай, Ел­басы биылғы ақпандағы №550 Жарлығымен өңірлердің дамуын бағалау нәтижелері бойынша облыс республикада 3 жыл қатарынан жоғары қарқынмен дамып отырған облыс болып танылды. Ендігі мақсат алдағы кезде осы қарқынды сақтап, оны еселей түсу. Әрине, бұл оңай жұмыс емес.

Үстіміздегі жылы елімізді демо­кратияландыруда өте маңызды қа­дам жасалды. Елбасының тапсыр­масымен атқарылып жат­қан әкім­шілік реформаларға сәйкес рес­публика бойынша 2457 аудандық маңызы бар қалаларда, ауылдық округтер мен оларға кірмейтін кент­терде әкімдер сайлауы өтті. Пар­ламент қабылдаған заңға сәй­кес ауыл әкімдеріне қосымша 67 өкілеттік беріліп, олардың қар­жы­лық және экономикалық дербес­тігі кеңейтілді, кіріс көздерін қа­лып­тастыру құқықтарын алды. Тұрғындардың жиналыста­ры жергілікті маңызы бар мәсе­ле­лерді шешуге бөлінген бюджет қаражатын пайдалануға бақы­лау жүргізу мүмкіндігіне ие бол­ды. Бұл жергілікті әкімдер жұ­мы­сына халық тарапынан бақы­лауды күшейтеді. Елбасының Жар­лығымен аудан, қала әкімдері тоқсан сайын есеп беретін болды. Бұл шаралар жергілікті өзін өзі басқаруға, халықтың бел­сен­ділігін арттыруға, төменгі дең­гей­дің басқару жүйесінің сапасын (мөлдірлігін, ашықтығын) айтар­лықтай арттыруға оң әсер етеді.

Әкімдер сайлауы мен олардың халық алдында есеп беруінің жаңа тәртібін көпшілік халық дұрыс қабылдады. 300 мың халқы бар Мақтаарал ауданындағы кездесуде осы ауданның құрметті азаматы, зейнеткер Елемес қажы Сапаров ақсақал былай деді: «Әкім болсаң, әділ бол, әкімнің сыншысы – халық. Әкім халыққа жақын, біте қайнасып жүруі керек. Әрқашан көпшілікті тыңдап, ақылдасып, пікірлесіп жүруі тиіс. Тыңдай білсең, естіген ой-пікірлерден та­лай інжу-маржан теріп алуға бо­лады. Халық жай әңгіменің өзін­де саған талай ақыл айтады, талап, міндет артады. Тек ала біл. Ел­басының талаптары өте орынды». Расында да солай. Халық алдында есеп беріп, жиі ақылдасып, халыққа жақын жүрген әкімдердің ісі алға басып жатқанын өмірдің өзі көрсетіп отыр.

Облыста соңғы үш жылда 119 мектеп салынып, пайдалануға бе­рілген. Екі «Назарбаев зияткерлік мектебі» жұмыс істеуде. Бүгінде 83 білім нысанының құрылысы жүргізілуде. Үстіміздегі жаңа оқу жылы қарсаңында 25 орта мектеп жас бүлдіршіндерге есігін айқара ашты. Жыл соңына дейін тағы 28 мектептің құрылысы аяқталады. Осыған қарамастан, оқушылар санының жылдан-жылға өсуіне байланысты 38 білім ұясы үш ауысымда оқытуда. Облыстағы 1018 мектептің 582-сі типтік, ал 436-сы ыңғайластырылған ғимараттарда орналасқан. Ыңғайластырылған білім ошақтарында арнайы пән кабинеттері жеткіліксіз, спорт залдары мен асхана жоқтың қасы. Облыста мектеп, балабақша салу күн тәртібіндегі бірінші кезектегі мәселе болып отыр. Сондықтан да, Үкімет тарапынан беріліп отыр­ған көмек алдағы кезде де үлкен қарқынмен жалғасын табуы керек.

Тұрғындармен болған кезде­су­лерде Үкімет қабылдаған «Ауыл шаруашылығын мемлекеттік қол­дау­ды дамытудың 2013-2020 жыл­дарға арналған бағдарламасының» бағыттарына көбірек тоқталып, түсіндіруге тура келді. Бағ­дар­ла­маның қабылданғанына 10 айдан артық уақыт өтсе де, оның не­гізгі бағыттарын, мемлекеттің ша­руаларға жасап отырған жеңіл­діктерін көптеген жерлерде шаруалар түгілі, ауыл әкімдері то­лық білмейтіні байқалды. Шар­дара ауданы – бұрыннан қой ша­руашылығы мен егін шаруашы­лығы қатар дамыған аудан. Осы ауданда болған кездесуде қой шаруашылығын дамытуға байланысты сұрақтар қойылды. Қой шаруашылығын дамытуды ынталандыру мақсатында Үкімет жылына асыл тұқымды ұсақ сатып алуға 8000 теңге, әр саулықтың жем-шөбіне – 1500 теңге, 1 кг өндірілген қой етіне – 100 теңге, биязы жүнге 170 теңге субсидия береді. Ал алыстағы мал жайылымын суландыруға келесі жылдан бастап құдық қаздыруға кеткен шығынның 80%-ын субсидия есебінен қайтаратыны сөз болды. Осындай жеңілдіктердің ауыл шаруашылығы өнімдерінің барлық түрлеріне, оның ішінде төрт түлік мал басы мен оның өнімдеріне де берілетіндігі, техника лизингі мен несиенің пайызы мемлекет есебінен арзандатылғаны, мемлекетке қарызы бар шаруаларды қаржылай сауықтыру шаралары туралы тереңнен түсінік беруге тура келді.

Кездесуде шығып сөйлеген ша­руа қожалығының төрағасы Тұр­ғанбек Қанаев: «Шіркін, тәуел­сіз ел болған қандай жақсы. Өз сая­сатың бар. Кемеңгер басшың бар. Кәсіпкерлерге, шаруаларға де­ген қамқорлықты айтсаңшы. Бұрын өндірген өнімнің бәрін Үкімет арзан бағамен сыпырып алушы еді. Енді жерді тиімді пайдалан, егін ек, мал өсір, мал өнімін жинап қалаған жеріңе, қалыптасқан нарық бағасына сат. Сенің еткен еңбегіңе мемлекет қолдау көрсетіп, субсидия береді. Егін ексең де, мал өсірсең де, өні­міне, басына қосымша қаржы тө­лейді. Шаруаға бұдан артық не керек? Бізге осындай жағдай жасап отырған Елбасына мың да бір рахмет. Алланың нұры жаусын! Көп нәрсе орындаушыларға бай­ла­­нысты екен ғой. Елбасының ха­лыққа деген қамқорлығын орындаушылар неге өз дәрежесінде орындамайды, түсіндірмейді? Біз осы жеңілдіктер туралы бұқаралық ақпарат құралдарынан ғана ести­міз, мемлекеттің қамқорлығын, жеңілдіктерді білмеген шаруа мемлекеттің қолдауынан шет қа­лып қояды. Бұл саланың дамуына кері әсерін тигізеді. Сайып келгенде, ұтылатын қоғам, халық», деп басшылар атына сын айтты.

Иә, бұл шындық. Ауыл ша­руашылығы еңбеккерлеріне мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктерді толыққанды етіп жеткізуді Ауыл шаруашылығы министрлігінің жергілікті органдары, облыс, аудан әкімдіктері мық­тап қолға алулары тиіс.

Оңтүстікте биыл көкөніс, бау-бақша өнімдерінің бағасы шарық­тап тұр. Тамыз айының өзінде қияр­дың бағасы – 90 теңге, қызанақ – 110-120, картоп – 110-120 теңге, ал қауын-қарбыздың килосы 60-70 теңгеге дейін көтерілді. Ал Астана, Алматы қалалары мен Сол­түстік облыстарда баға бұдан да жоғары. Базарларға көптеген кө­көніс, жеміс-жидек түрлері сырт­тан әкелінуде. Соңғы жылдары қауын-қарбызға құрт түсіп, жеуге жарамай жатыр. Ал оңтүстік – ежелден өсірген қауын-қарбыздарымен, көкөніс, жеміс өнімдерімен аты шыққан өңір. Өткен ғасырдың 60-70-80-жылдары жазғы демалысқа шыққан мектеп оқушылары мен студенттер вагонға қауын-қарбыз, көкөніс тиеп қаржы табатын. Ол қауын-қарбыздың дәмін айтсаңшы, шіркін! Диқандардың өсірген қауын-қарбыздарының бағасы жоғарыдан бекітілетіндіктен, тіпті арзан болатын, тиынмен есептеліп төленетін. Ал қазір жағдай мүл­дем басқаша. Не өсіремін десең, өз еркің. Қайда сатсаң, қандай ба­ғамен сатсаң, өзің білесің. Тіп­ті, шетелге шығарып сатсаң да мейлің. Оңтүстікте өсірген қауын-қарбызын шетелге шығарып сатып, қыруар қаржы тауып жатқан диқандар аз емес.

Әртүрлі себептермен істен ш­ығып қалған суармалы жер­лер­ді айналымға енгізу үшін ме­лиорациялық шаралар атқарылуы тиіс. Облыста бұл бағытта үлкен жұ­мыстар жүргізілуде. Тұзданған, істен шыққан жерлерді қалпына келтіру үшін жергілікті бюджет­тен ондаған миллион теңге қар­жы бөлініп жобалау-сметалық құ­жат­тар жасалған. Оны игеруге об­лыстың күші жетпейді. Үкі­мет осы мәселені арнайы қа­рап, республикалық бюджеттен қаржы бөліп, суармалы жерлерді айналымға енгізуге, өндірілген өнімдерді республика өңірлеріне уақтылы жеткізуге мемлекеттік қол­дау көрсетілсе, Оңтүстік Қазақ­стан облысының диқандары рес­пуб­лика халқының сұранысын көк­өніс, бақша өнімдерімен толық қам­тамасыз еткен болар еді.

Облыста ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу мәселесі толық шешімін таппай отыр. Жыл басынан бері 3 ет, 2 сүт, 1 көкөніс өнімдерін қайта өңдейтін жаңа кәсіпорындар іске қосылса да, облыс бойынша өндірілген еттің 13%-ы, сүттің 17%-ы, көкөністің, жемістің небәрі 8%-ы ғана қайта өңделуде. Бұл – өте аз. Облыста құрылған сервистік дайындау орталықтары өз дәрежесінде жұмыс істемеуде. Олардың жұ­мыс­тары өңдеу кәсіпорындарын ши­кізатпен қамтамасыз етуге ба­ғытталмаған. Өңдеушілер мен ауыл шаруашылығы тауарын өн­ді­рушілер арасында тығыз байланыс жоқ. Сонда сервис-дайындау пункттері не үшін құрылды? Оларға мемлекет тарапынан берілген қыруар қаржының қайтарымы қайда деген заңды сұрақ туындайды.

Жергілікті атқарушы органдар мен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы өңірдің индустрияландыру картасы аясында ашылған өндіріс орындарын пайдаланып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен оны өңдеудің толық циклын қамтамасыз ету үшін шаруа қожалықтары мен өңдеу кәсіпорындарын кооперациялау жұмыстарын тиянақты жүргізу керек.

Елбасының батыл ше­ші­мі­мен қысқа мерзімде салы­нып, пайдалануға берілген Көксарай су реттегіші, Сыр бойы қоныстанған 69 елді мекен мен Қызылорда қала­сының халқын жыл сайынғы су тасқыны қаупінен құтқарды. Көк­сарайда қыс, көктем мерзімдерінде дарияның 3 млрд. текше метр суы сақталып, жаз айларында Қы­зылорда облысы халқының қажеттілігіне жұмсалып, артыл­ғаны Кіші Аралдың су қорының көбеюіне оң әсерін тигізуде. Өңір­­дегі экологиялық жағдай да жақ­­сарды. Арыс, Шымкент базар­ларын­да арзан балық өнімдері де көбейе түсті.

Оңтүстікте шешімін таппай келе жатқан мәселенің бірі – «Шардара су қоймасының Арнасай бөгетінде гидротехникалық құрылыстар кешенін қайта жаңғырту» жобасы. Республика үшін өте маңызды бұл жобаның құрылысы әртүрлі себептермен созылуы еліміздің сумен қамтамасыз ету қауіпсіздігіне кері әсерін тигізуде. Себебі, Шардара су қоймасы акваториясының бір бөлігі Өзбекстан аумағында қалып қойып, су қоймасында жинақталған су Өзбекстан тарапының кәдесіне асып жатыр. Екіншіден, Шардара су қоймасын қауіпсіз пайдалану үшін салынған Арнасай бөгеті екі ел шекарасында қалып, оған баратын жол Өзбекстан жағында қалғандықтан, Арнасай бөгетінде Қазақстан жағынан қатынас тек су арқылы болып қалды. Үшіншіден, жарты миллионға жуық халық тұратын Мақтаарал және Шардара аудандары арасындағы асфальт жол да көрші республика аумағында қалып, көлік қатынасы тоқтап, халықты абыржытуда. Аталған жоба бойынша, ұзындығы 33 шақырым келетін оң және сол жағалау дамбаларын көтеру және оның үстінен жол салу жұмыстарына 4,4 млрд. теңге қаржы бөлініп, оның І-ІІ-ІІІ кезеңдері атқарылып жатқан болатын. Бас мердігер – «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны бұл маңызды гидротехникалық құры­лысты тәжірибесі жоқ оншақты ұсақ мердігерлерді жалдап, атқа­руын тексеру барысында са­па­сыз істелген жұмыстар анық­талып, құрылысты уақытша тоқ­та­туға тура келді. Құрылыс жұмыс­тарының созылуы Шардара су қоймасына тиісті көлемде су жинауға кері әсерін тигізуде. Өткен жылы су қоймасына 1 млрд. текше метр су аз жиналды. Құрылыс жұмыстарын тездетіп бітірмесе, мұндай жағдай биыл да, келер жылы да қайталанып, Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстары диқандарын ағын сумен қамтамасыз етуге зиянын тигізуі мүмкін. Сонымен бірге, екі ауданды байланыстыратын дамба үстінен салынатын асфальт жолдың құрылысы да созылып, халықтың ренішін тудыруда. Су алтынмен тең заманда миллиардтаған текше метр судан айырылып отырғанымыз жарамайтын, жараспайтын «жомарттық».

Бұл маңызды құрылысты тез бітіру үшін Үкімет 2014 жылы рес­пуб­ликалық бюджеттен тиісті кө­лемде қаржы бөлуі керек. Ал Қоршаған ортаны қорғау министр­лігі аталған құрылысты жүргізуді конкурс арқылы гидротехникалық құрылыс салуда тәжірибесі мол мердігерге беріп, оны тез арада іске қосуға тиіс.

Қорыта айтқанда, елдегі бол­ған кездесулерден түйгеніміз – халық Елбасы Н.Ә.Назарбаев­тың жүргізіп келе жатқан саясатын толығымен және бірауыздан қолдайды. Әсіресе, әлемде әртүрлі кикілжіңдер орын алып, дамыған елдердің өзі дағдарыстан шыға алмай жатқанда, біздің елдің серпінді дамуы тұрақтылық пен бірліктің, Елбасының сара саясатының ар­қа­сында екенін айтады.

Біздің ендігі мақсатымыз – Мем­­лекет басшысының Парламент ал­дына қойған міндеттерін, уақыт талабына сай орындау. Сонымен бірге, елдегі кездесулерде айтылған құнды ұсыныстарды тиісті орындар алдына қойып, олардың шешілуіне ықпал ету.

Қуаныш АЙТАХАНОВ,

Парламент Сенатының депутаты.