03 Қазан, 2013

Қаймағы бұзылмаған қазақы орта

633 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Қытайдағы қандастарымыздың рухани әлемі жөнінде

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты ұжымы 2012-2014 жылдар аралығында «Қазақстан халқының фольклоры, әдебиеттануы, өнері», «Шетелдердегі қазақтардың фольклоры, әдебиеттануы, өнері» атты іргелі жобаларды орындау барысында 2012 жылы Ресейдің, Моңғолияның, Өзбекстанның, Қарақалпақстанның қазақтар тығыз қоныстанған аумақтарына экспедициялар ұйымдастырып, оған фольклортанушы, әдебиеттанушы, өнертанушы мамандарды тартты. Соның негізінде қомақты материалдар жиналып, ғылыми айналымға түсті. Биылғы жылы да бұл үрдіс жалғасын тауып, құрамы: әдебиеттанушы Т.Әлбеков (жетекші), өнертанушылар Г.Жұма­сейі­това, А.Мұқан, З.Қасымова, фольклортанушы Н.Елесбай, опе­ра­тор-инженер Н.Әшір сияқты мамандардан жасақталған тағы бір фольклорлық-этнографиялық экспедиция Қытай Халық Рес­публикасының Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы районына аттандырылды.

 

Қытайдағы қандастарымыздың рухани әлемі жөнінде

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты ұжымы 2012-2014 жылдар аралығында «Қазақстан халқының фольклоры, әдебиеттануы, өнері», «Шетелдердегі қазақтардың фольклоры, әдебиеттануы, өнері» атты іргелі жобаларды орындау барысында 2012 жылы Ресейдің, Моңғолияның, Өзбекстанның, Қарақалпақстанның қазақтар тығыз қоныстанған аумақтарына экспедициялар ұйымдастырып, оған фольклортанушы, әдебиеттанушы, өнертанушы мамандарды тартты. Соның негізінде қомақты материалдар жиналып, ғылыми айналымға түсті. Биылғы жылы да бұл үрдіс жалғасын тауып, құрамы: әдебиеттанушы Т.Әлбеков (жетекші), өнертанушылар Г.Жұма­сейі­това, А.Мұқан, З.Қасымова, фольклортанушы Н.Елесбай, опе­ра­тор-инженер Н.Әшір сияқты мамандардан жасақталған тағы бір фольклорлық-этнографиялық экспедиция Қытай Халық Рес­публикасының Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы районына аттандырылды.

Бүгінде Шыңжаң көле­мінде, тіпті, Гансу өлкесіне, Моң­ғол, Дүн­ген автономияларына қарас­ты қа­зақ автономиялық аудан­дарында тіршілік етіп ке­ле жатқан 1,5 миллион қандасымыздың тұрмыс-тіршілігі, білім-ғылымы, ағарту саласы, әдебиеті мен өнері, руханият мәселелері бізді бейжай қалдырмайды. Мысалы, ҚХР-да жасайтын 57 ұлттың арасында 17-ші, ал мәдени ықпалдастық дең­гейі бойынша 5-орынды иеле­нетін аттөбеліндей қазақтың руха­ни қажеттілігін өтейтін 6 мем­лекеттік баспа, 2 арнайы телеарна, радио, ондаған газет-журнал, оған қоса кино саласының, ұлттық істер, тіл және жазу, аудар­ма комитеттерінің қазақ бөлім­дері қызмет атқаратындығы қуан­тады және олармен бірлесе, ынтымақтаса жұмыс істеуге ынталандырады.

Бұл топ – Қазақстан Респуб­ликасы Сыртқы істер министрлігі мен ҚХР Мәдениет министрлігінің келісімімен ШҰАР аумағына мемлекеттік келісім бойынша қа­зақ фольклоры мен өнеріне қа­тысты мұраларды жинауға жібе­рілген бірден-бір экспедиция еді. Оны ресми түрде шақырып, қолдау жасаған Шыңжаң Жа­зу­шылар, Композиторлар, Сурет­шілер, Бишілер, Хаткерлер, Фоль­клоршылар, Фотошылар, Дра­машылар, Әсемөнершілер сияқ­ты одақтарды топтастырған ШҰАР Әдебиет-көркемөнершілер бірлестігі болды. Сонымен қатар, осы жұмыстардың оң шешімін табуына қолғабыс еткен аталған бірлестік төрағасының орынбасары, қазақ бөлімінің меңгерушісі Еркеш Құрманбекқызына, «Мұра» журналының бас редакторы Дәлел­хан Қиянат пен оның орынбасары Мұратхан Әбілмәжінұлына зор ризашылығымызды білді­реміз. Осы азаматтардың ұйым­дастыруымен экспедиция мүше­лері Шыңжаң аумағында бір ай көлемінде жүріп, алдарына қойылған мақсат-міндеттерді толық орындап, табысты оралды.

Экспедиция мүшелері Үрім­жі қаласында, Іле Қазақ Авто­номиялы облысының Құлжа қа­ласы мен Іле аймағында, Шәуе­шек қаласы мен Тарбағатай айма­ғында болып, ғылыми-мәдени мекемелер ұжымдарымен, жекеле­ген ғалымдармен, жазушылармен, өнер иелерімен, ауыл-қыстау тұр­ғындарымен кездесулер өткізді.

Жекелеген фольклортанушы, өнертанушы, мәдениеттанушы ғалымдармен өткізілген арнайы жүздесулер де табысты жүргізіліп, осы салалардағы кейбір шешімін таппаған өзекті мәселелерді айқындауға, экспедицияға қажетті мәліметтерді алуға мүмкіндіктер туғызды. Атап айтқанда, Үрімжі қаласында тұратын Бексұлтан Қасей, Бағдат Естемісұлы, Түсіп­бек Сыламқұлұлы, Мағаз Сүлей­менұлы, Ясын Құмар, Қалиолла Нұртазаұлы, Жаң Хуң, Құлжадағы Камал Мақай, Нығымет Қам­залиев, Кәрім Әбдірахман, Сәй­дірахман Әбділәзізұлы, т.б. онда­ған зерттеуші-ғалымдар, мамандар, зиялы қауымның өкілдері экс­педицияның табысты жұмыс істеуіне зор қолқабыстарын тигізіп, ақыл-кеңес беріп отырған.

Шыңжаң өлкесінің кей аймақ­тарында қазақ этносы тығыз орналасқандықтан, олар­дың өлкетану мұражайлары да осы халықтың этномәдениетіне бай­­ланысты көрнектермен жаб­дық­талатыны белгілі. Экспедиция мүшелері Үрімжінің, Құлжа, Шәуе­­шек сияқты аймақтық орта­лық­тардың, аудандар ауқы­мын­дағы мұражайларында болып, сол өңірлерде өмір сүрген қа­зақтардың тарихи-мәдени құн­ды­лықтарымен танысып отыруды естен шығармады. Мәселен, Іле Қазақ Автономиялы облы­сы­ның Құлжа қаласындағы та­рихи мұра­жайындағы осы аймақ­тың Мұңғылкүре ауданының жерінен табылған алтын адам мен оның лағыл тас­тармен әше­кей­ленген асыл бұйымдары (олар­дың қатарында: алтын бетперде, қару, жеңлік, жүрекше, тос­таған, алтын жіппен көмке­рілген киімнің тозығы, т.б.), Іле педагогикалық институты Қа­зақ зерттеу орталығының «Қа­зақ тарихы» мұражайындағы Құлжа маңындағы Тоғызтарау ауданының аумағынан табылған қазақ-ананың тас мүсіні кім-кімді болса да бейжай қалдырмайды. Биіктігі мен ені сіріңке қорабындай ғана тас мүсінде (V-VІІ ғғ.) ойлы ананың бүкіл қазақы болмысы айқын көрініс берген. Басындағы кимешегі, оның зерлі жиегі, алдыңғы сағағы, маңдайындағы білем-білем әжімдері, оң қолындағы тас ұршығы – бәрі-бәрі кеше ғана өткен аналарымызды еске түсіріп тұрғандай әсер қалдырады. Сондай-ақ, Құлжа қаласынан 25 шақырым тысқары орналасқан Сібе автономиялы ауданының орталығы Шапшал қалашығындағы ұлттық-тарихи мұражайындағы сібе халқының кейбір көне тұрмыстық заттарының қазақы бұйымдармен сәйкес келетіні, әсіресе, домбыраға өте ұқсас үш ішекті «домбыр» деген музыкалық аспаптың үндесуі тарихы тамырлас халықтардың мәдени-рухани құндылықтарын салыстыра зерттеу қажеттігін еске салады.

Сондай-ақ, Іле аймағынан табыл­ған алтын адамның бетпер­десі мен алтын бұйымдары ежел­гі бабаларымыздың қандай болғанын көрсетеді.

Ғалымдар Шыңжаң-Ұйғыр театрында істейтін қазақ актерлерінің жұмыстарымен, Іле, Тарбағатай аймақтық ән-би үйірмелерінің, олардың аудандық бөлімшелерінің артистерімен жүздесіп, өнерлерін тамашалауға мүмкіндік алды, Іле облыстық ән-би үйірмесінің арнайы концертін көріп, «Қамажай», «Қаражорға» билерінің жаңа қойылымдарын, эстрадалық, дәс­түрлі әндерді, халық ком­позиторларының күйлерін тамашалады. Жазып алынған бей­нетүсірілімдерге қарағанда, әр­тіс­тердің кәсіби деңгейлерінің жоғары екендігі аңғарылады. Әсіресе, Ұран Ақатайұлы мен Құрманжан Зікірияұлы шерткен Н.Тілендиев пен Әшім күйшінің шығармалары құлақ құрышын қандырады.

Зерттеуші-мамандар осындай әр концерттен, қойылымнан кейін әнші, күйші, бишілермен кездесіп, Қазақстан көрермендеріне бей­мәлім шығармаларды бейне, үнтаспаларға жазып алды.

Суретшілік өнер де Қазақ­стандағыдай қалыптасып, биік деңгейге көтерілмесе де қалыпты жұмыс істеп келе жатқаны бай­қалады. Оған бір ғана құлжа­лық Әбдімәжит Ертуғанның майлы бояумен жазылған табиғат, қазақтың тұрмыс-тіршілігі тақы­рыптарындағы еңбектері, тарихи тұлғаларға арналған сағым-пор­треттері, хаткерлік (көркем жа­зу) жұмыстары айқын дәлел болады.

Қолөнер бұйымдары әлі де қаймағы бұзылмаған күйде сақ­талған. Әсіресе, киіз үй мәдениеті, қыз жасауы, ұлттық киімдер, түрлі төсеніштер, кілем-тұскиіздер, тұрмыстық бұйымдар, музыка аспаптарын жасау, т.б. ұлттық мұраларды жаңғырту, дәстүрлі мектептердің негізінде жалғастыру жұмыстары жолға қойылған. Мысалы, Іле аймағына қарасты Күнес ауданының Ақөзен жайлау­ында үш мыңнан астам киіз үй тігіліп, мемлекет деңгейінде үлкен көрме өткен. Осы бірегей қазақы дәстүрмен жабдықталған киіз үйлер бір ғана Күнес ауданының аумағынан алынған және тек жергілікті тұрғындар ғана қызмет атқарған. Кейін бұл іс-шара мемлекеттік рекордтар кітабына енген. Осы аймақтың Нылқы аудандық әйелдер бірлестігінде 10 мыңнан астам әйел жұмыс істейді екен. Бірлестікте атқарылып жатқан қолөнер бұйымдарының бірнешеуі Қытай мемлекеттік рекордтар кітабына кірген. Олардың арасында диаметрі 3 метрлік алып «Қызай қалпағы», осындай көлемдегі «Қызай тақиясы», «Қызай кестесі», ең үлкен сыйымды аяққап, дағар (қап) сияқты қолдан басылған, тоқылған, кес­теленген бұйымдар бар. Әсіресе, аталған рекордтар кітабына енген Жағаластай ауылдық әйелдер бірлестігі біртұтас басып, түрлі оюлармен безендірген ұзындығы 123 метрлік сырмақ кім-кімді де таңырқататыны анық. Ат әб­зел­дерін, киіз үй сүйегін, киіздері мен жабдықтарын жасайтын шеберханалар, цехтар, шағын фабрикалар әр аудандарда, ауыл-қыстауларда кездесіп отырған.

Аталған аймақтың Толы ауданында 100 000-нан астам халық тұрса, оның 78 пайызын қазақтар құрайды екен. Бірер жыл бұрын қалашықтың орталық алаңына үш мыңға жуық домбырашы жиылып, оларды ауылдардағы өнерпаздар қолдап, бір мезгілде 10000 адам Әшімнің «Кеңес» күйін орындаған. Кейін осы мәдени шара Гиннестің рекордтар кітабына кіргізілген. Мәдениеттанушылар мен өлке­танушылардың деректеріне қара­ғанда, бір ғана Толы ауданының топырағынан 500-ден астам мә­дениет қайраткерлері, ақын-жазушылар, жыршы-қиссагерлер, әнші-күйшілер, сазгерлер шығып, Қытай мен Қазақстанның түкпір-түкпірінде қызмет істеп жүрген көрінеді. Солардың бірі – тарихшы-этнограф, жазушы, марқұм Нығымет Мыңжани.

Бүгінгі таңда Шыңжаңда айтыс өнері қарыштап даму үстінде. Өлке, аймақ, аудан көлемінде мемлекеттің қолдауымен байқау­лар, біріншіліктер, халықаралық фестивальдер өткізіліп тұрады. Бұған айғақты дәлел ретінде экспедиция жетекшісі Т.Әлбековтің Тарбағатай аймағы Дөрбілжін қалашығында жүргізген күнде­лігінен бір үзінді келтіруді жөн санадық: «Кешқұрым үкі­мет үйінің қарсы алдындағы майданға (алаңға) барып, аудан көлемінде бір ай бойы өтіп жатқан айтыстың көрермені болдық. Бұл ретте осы айтысқа қатысты кей ерекшеліктерді, бізді қызықтырған жайттарды айтып өткен жөн сияқты. Кейінгі бірер жылдан бері аудан аясында айтыстың ережесі өзгертіліп, бұрын бір-екі күнге созылатын іс-шара тұтас бір айға дейін ұзартылған.

Әр күні бір ғана жұп айтысуына рұқсат беріліп, ақындардың бойында бар қуатын сарқа пайдалануларына жағдай туғызылған. Айтыстың басында және соңында ән, терме айтылып, күй тартылады, ұлттық билер орындалады».

Ел ішінде халық әдебиетінің үлгілері, фольклорлық мұралар әлі де сарқыла қоймаған. Мұны айғақтау үшін тағы да экспедиция жетекшісіне сөз берелік: «15 шілде. ...Сәске түсе экспедиция мүшелері осы ауданға қарасты Алтын­бұлақ қыстағындағы Бү­біш Сәлімекеқызының үйіне қарай бағыт алды. Жас кезінде мүмкіндігінше ауыл арасындағы айтыстарға араласып, өнерге жақындау өскен кейуана біздерді жан-жақтан жиналған ұл-қыз­дарымен бірге қақпа сыртынан күтіп алды. Қонақасына арнайы мал сойғыздырып, қазақы ақ пейілмен, салт-дәстүрімен дастарқан жайды. Жасы жетпісті алқымдап қалса да көкейі онша сыр бермеген ана жадында қалған халық мұраларын жібек жіптей суыртпақтай берді. Жергілікті жұрттың халық әндерін нақышына келтіре салды, әуезді қара өлең­дерді әуелете орындады. Бесік жырын, жар-жар мен әужарды, тойбастарды орайымен, сыңсуды, қоштасуды, жоқтауды ауыр сезіммен айтты. Осы өңірде өткен ақындардың өлең-толғауларынан, айтыстарынан үзінділер келтірді. Осындай анадан үлгі алып, бүгінде талай азаматтың түтінін түтетіп отырған Күләшхан, Меруерт, Дылдахан, Зирахан, Бұйрахан сияқты қыздары да өнерден сырт қалмағаны байқалады. Олар да ұмытыла бастаған ғұрыптық фоль­клорымыздың небір озық үлгілерін орындады, олардың шығуына қатысты тарихи оқиғаларды сөз етті.

Өтірік әңгіме айту да – өнер. Бұл жанрдың өміршеңдігі сондай, ел арасында әлі де оның тамыры жойыла қойған жоқ. Қай-қай жердің де өзіне тән өтірікшісі бар, әркім соны дәріптеуге тырысады. Бұл ауылда да өтірікті өмірден алып, қисынын келтіріп айтатын Түрдәлі деген адам бар көрінеді. Жолықтыра алмадық, туысшылап Қазақстанға кетіпті. Есесіне, оның адам сенгісіз, зілсіз, күлкілі әңгімелерін Бүбіш ананың ортаншы күйеу баласы Жаңанұр Нүсіпханұлының аузынан естіп, арасында езу тартқан жағдайлар аз болмады. Осы үйдің үлкені Әбілмәжін Орысбайұлының шақыртуымен Алмалы ауылынан келген әнші-термеші Тұрғанжан Тұрысбекұлының, Бейжің педагогика университеті музыка факультетінің түлегі Шолпанай Әкімқызының орындауында халық әндерін, термелерін тыңдап, бір ғана отбасынан ондаған халық мұраларын жазып алып, әсерлі көңіл-күймен Құлжадағы қонақ үйге қайтып оралдық. Осы Бүбіш Сәлімекеқызы мен Шағантоғай ауданының тұрғыны, зағип жан Мағрипаш апайдан жазып алған материалдардың өзі бір экспедицияға жүк болар еді».

Жоғарыда айтылғандай, арнайы қазақ театры болмағанмен, 30-60-жылдары Құлжа, Шәуешек қалаларында жұмыс істеген халық театрлары туралы мәліметтер, зерттеу еңбектер сақталған. Тіпті, сол мекемелерде қызмет атқарған актерлердің көзі тірілері де бар көрінеді. Мысалы, 1988 жылы нылқылық Дәулетбек Қамбарұлы он төрт ақынды жиыстырып, аудан сахнасында «Біржан-Сара» операсын қойған. Халық театрларының тарихы туралы деректер Құлжа, Шәуешек қала­ларындағы облыстық, аймақтық ән-би үйірмелерінде сақталған. Театртанушы А.Мұқан кезіндегі Құлжа театрының тірі куәсі, сол мәдениет ошағында түрлі рөлдер ойнаған, актер-режиссер Мәлік Шипанмен кездесіп, театр тарихы туралы тың деректер алды. Сол кездегі белді актерлердің арасында Дәнеш Рақышов, Мәлік Шипан, Тайыр деген азаматтар, Гүлжан, Бағи, Мәруан сынды қыз-келіншектер болған. Қазір көпшілігінің көзі жоқ. Дегенмен, экспедиция мүшелері алғаш барып тұрса да, Шыңжаң қазақтары театрларының тарихына байланыс­ты көп материал жинады.

Жасы жетпістен асқан Тоғыз­тарау ауданының тұрғыны Шә­дет Майқанұлы билеу ма­шы­­ғын әкесінен, ол атасынан үйрен­гендігін айтып, «Қара­жорғаның» бір нұсқасын орындап берді. Қи­мылдары жинақы, буындары икемді – құдды жас жігіт сияқты. Шалыс қимылдардың бірінде Шә­кең еденге басымен тұрып, көк­ке көтерілген екі аяғымен билей жөнеледі. Сәл тыныс алып, кезегімен «Аю биін», «Еңбек биін» орындап берді. Кейін Құлжадан отыз шақырым жердегі Шапшал ауданының Сегіз сүмін қыстағына барып, ат үстінде отырып биледі.

Аталған шағын топ – инсти­тут ұйымдастырған мем­ле­ке­та­ра­лық алғашқы экспе­ди­ция, бір сөзбен айтқанда, ал­да­ғы халықаралық ғылыми сапар­лар­дың бастамасы іспетті. Осы жиналған материалдардың негі­зінде келешекте Қазақстан – Қы­тай мемлекеттерінің ара­сын­дағы ғылыми-мәдени бай­ла­ныс­тардың алғышарттары жасалып, еліміздің жаңа тарихында шекарадан тысқары жүрген қандастарымыздың рухани мұралары да өзіндік орнын алатынына сенгіміз келеді.

Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ,

М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, ҰҒА мүше-корреспонденті.

Алматы.