03 Қазан, 2013

Елбасының жеке үлесі аталды

272 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі Хатшылығының отырысы қорытындыланды

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі Хатшылығының басшысы Қайрат Мәми Астанада өт­кен жұмыс бабындағы ке­ңесте Съезд Хатшылығы XII отырысының және­ «Өркениеттер үнқатысуын­да­ғы дінаралық Астана фо­румының рөлі» халықаралық ғылыми-тәжірибелік кон­ферен­циясының жұмысын қорытындылады, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.

Кеңеске Сыртқы істер министр­лігінің, Дін істері жөніндегі агент­тіктің, Халықаралық мәдениет және діни орталықтың өкілдері қатысты. Онда Съезд Хатшылығы отырысына және конференцияға қатысушылардың баяндамала­рына шолу жасалды. Атап айтқанда, меймандардың бәрі то­леранттылық жөніндегі жаһандық үнқатысуды дамытудағы Қазақ­стан Президенті Нұрсұлтан На­зарбаевтың жеке үлесін атап өтті.­ 10 жылда Съезд әлемдік дін көшбасшыларының іс жүзін­дегі үнқатысу алаңы ретінде қалыптасты.

Қ.Мәми Хатшылық отырысы және конференция барысында айтылған ұсыныстар мен идеяларға мұқият талдау жасап, сондай-ақ, соның негізінде келешек шаралар жоспарын әзірлеуге тапсырма берді. Хатшылық мүшелері V Съездің жалпы тақырыбын «Дін және тұрақты даму» атауымен бекіткен болатын. Таяу уақытта секциялық отырыстар, сонымен бірге, келесі Съездің мерзімі мен өтетін орны бойынша ұсыныстар пысықталады.

Кеңесте Съездің арнаулы қорын құру, сондай-ақ съездер аралығында Хатшылық мүшелерінің қызметін үдету, діни қайраткерлер арасында жүйелі ақпарат алмасуды қалыптастыру, бірлескен білім беру бағдарламалары мен оқу құралдарын әзірлеу, сондай-ақ, азаматтық қоғаммен өзара іс-қимылды өрістету туралы ұсыныстарды зерделеуге тапсырма берілді.